Қостанай облысында орын алған төтенше жағдайға байланысты Батыс Қазақстан облысының жұртшылығы көмек қолын созуда.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Қостанай облысы Әулиекөл ауданында орын алған өрт оқиғасына байланысты сол өңірдегі әріптестерімен хабарласып, бұл жағдайға Жайық жұртшылығы да алаңдаулы екенін жеткізді. Бұл туралы өңір басшысы өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған болатын. Сондай-ақ зардап шеккен тұрғындар үшін облыс бойынша ортақ есепшот ашылғанынан хабардар етті. Демек, тұрғындар осындай кезде әрекетке көшетін алаяқтардың арбауына түсіп қалмай, сақ болуы тиіс.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы ғимаратының базасында 4 қыркүйектен бастап гуманитарлық көмек қабылдау орны жұмыс жасауда.
– Біз Қостанай халқына көмек ретінде азық-түлік, жылы киім-кешек, тұрмыстық жағдайға қажетті заттарды жинаудамыз. Біздің ғимараттан бөлек мұндай гуманитарлық көмек қабылдау қаладағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы үйінде» жүзеге асырылуда. Қиын жағдайға тап болған қостанайлықтарға қол ұшын созу жұмысына Орал қалалық, Батыс Қазақстан облыстық мәслихаттарының депутаттары, өңір тұрғындары атсалысуда. Облыс көлемінде партияның 12 филиалында да осындай жұмыстар ұйымдастырылуда, – деді облыстық филиалдың атқарушы хатшысының орынбасары Кенесары Нұршинов.
Гуманитарлық көмек толықтай жиналып болғаннан кейін Қостанай облысына жөнелтілетін болады.