Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында көпсатылы су сүзгілеу стансасының құрылысы аяқталуға таяу. Жұмыстың шамамен 90%-дайы орындалған. Нысанды алдағы бір ай ішінде іске қосу көзделіп отыр. Жоба қаланы толықтай үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, 2024 жылы «Магистральдық су құбыры» компаниясы Қиғаш – Құлсары – Жаңаөзен бағытындағы құбырларды ауыстырған кезде тұрғындарға берілген судың сапасы төмен болған. Бұл жағдай тәуелсіз су тазарту жүйесін құру қажетін көрсетіп, тиісті жобаны іске қосуға негіз болған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталған.
– Бұрынғы жүйеде су алдымен резервуарларға жиналатын болса, жаңа станцияда ол бірден тазартылып, кідіріссіз қалалық желіге жіберіледі. Жобада болашақта халық санының өсуін ескере отырып, қуатты арттыру мүмкіндігі де қарастырылған. Құрылыс аяқталған соң нысан «Жылыойсу» кәсіпорнының балансына беріледі, – деп атап өтті Ж. Қаражанов.
Жаңа қондырғының қуаты тәулігіне 18 мың текше метрге дейін су тазартуға жетеді және автоматтандырылған режимде жұмыс істейді. Жобаға 20-дай маман мен 4 техника жұмылдырылған. Бас инженер Мерей Ізбасаровтың мәліметінше, су тазарту үдерісі үш кезеңнен тұрады.
– Су алдымен тұндыру қондырғысында ірі қоспалар мен лайдан сүзіледі. Одан кейін арнайы резервуарға жиналады да, құм сүзгілерінен өтеді. Соңғы кезеңде негізгі тазартудан өтеді. Су хлормен залалсыздандырылады да, қалалық желіге жіберіледі, – деді М. Ізбасаров.
Қалада шамамен 64 мың адам тұрады. Жаз мезгілінде су тұтыну көлемі тәулігіне шамамен 15 000 текше метрге жетеді, ал қыста бұл көрсеткіш 8-11 мың текше метр аралығында болады.
А. ХАМИТТЕГІ















