Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен «Жамбыл адалдық алаңы» және Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің ақыны адалдықты жырлайды» атты жас айтыскердің аймақтық жыр додасы дүркіреп өтті.
Айтыс аламанына ауданның және өзге де аудандардың және көршілес облыстардың ақындары қатысып, бақ сынады. Өнерлі өрендердің талантын тамашалауға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов пен Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Олжас Баққараев келіп қатысты. Жыр додасына ауданның еңбек ардагерлері де қонақ ретінде шақырылды.
Айтулы шарада сөз алған Бақытжан Мақсұтұлы: «Әулиеата өңірінің кең жазира даласын жырмен тербеп, өлкенің көк байрағын өнер туымен желбіретіп жүрген ақындарымыз жетерлік. Жыр алыбы Жамбылдың, Ұлбике, Кенен, Сауытбек сынды ақындардың сабақтастығын жалғап, жыр айдынында қадам басқан жастар – мүшәйраның басты кейіпкерлері. Бұл шара өңірдің шығармашыл жастарының шабытын шыңдау, адалдықты дәріптеу, сол арқылы көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Сіздер жыр додасының көрігін қыздырып, көпшілікті рухани азықпен сусындататындарыңызға сенімдімін», деді.
Ал республикаға танымал әулиеаталық айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов мүшәйраның маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушыларға көпшіліктің атынан алғыс айтты.
Жылы лебіздер легінен кейін мүшәйраның негізгі бөлімінде жұптасып айтысқан жас ақындар әзіл-қалжыңы аралас салмақты сөздерді саралады. Оймақтай ойларын шындықпен шымдап, тақырыптан бір елі алыстаған жоқ. Тәуелсіздікті, елдікті, бірлікті, адалдықты жырға қосып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жыр додасында мәйекті өнердің өміршеңдігі көрініс тапты. Нағыз шаппа-шап айтыстың өзі болды.
Оларға белгілі айтыскер ақындар Айтмұханбет Исақов, Дидар Апбасов, облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі Есет Досалы қазылық етті.
Қазылар шешімімен Сыр елінің жас ақыны Елдар Әмірхан бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды жамбылдық бұрымды Алина Айдаралы иеленсе, екінші орын жуалылық Санжар Даярбек пен таластық Айсұлу Жүнісбекке бұйырды. Жамбылдық Әлихан Яшар, қызылордалық Төлеген Айқын, шулық Жомарт Александр, алматылық Сәбит Данияр үшінші орынды місе тұтты. Барлығы да дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар өнерлі өрендердің жетекшілері де назардан тыс қалмады. Республикалық сөз барымтасында атой салып, жүлделі орындардан көрініп жүрген айтыскер ақын Ержан Әміров, алматылық Барат Ерубаев үздік шәкірт тәрбиелегені үшін Алғыс хатпен марапатталды.