Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев брифинг беріп, өзі жетекшілік ететін ішкі саясат, білім, дін, дене шынықтыру және спорт, жастар саясаты мәселелері, тілдерді дамыту, мәдениет, архивтер және құжаттама салаларында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндама жасады.
Спикер өз сөзінде өңірде 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейтінін, облыстағы 371 елді мекеннің 32-сінде этностар тығыз орналасқанын айтып өтті. Сондай-ақ «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында 2023 жылдың сәуір айынан бастап Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Шу, Қордай аудандарында жоспарлы жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті.
Келесі кезекте Еркін Үйсімбаев мәдениет, архивтер және құжаттама саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Қазіргі таңда аймақта 510 мәдени мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Биыл салаға 11,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. 2023 жылы 14 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен барлығы 1,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, оның ішінде өткен жылдан өтпелі 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүруде. Биыл 21 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Өңірде дене шынықтыру және спорт саласы бойынша да жетістіктер көп. Мәселен, бүгінгі күнге дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 482,6 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 39,6 пайызға жеткен. Көрсеткішті жыл соңына дейін 42 пайызға жеткізу көзделуде,-деді Еркін Үйсімбаев.
Сондай-ақ, биыл білім саласына 317 миллиард теңге қаражат бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есе артқан. Осы жылы 17 мектеп және 7 мектептің қосымша, 1 ангар құрылысына 23,1 миллард теңге қаржы қаралған.
2023 жылы 10 мектеп және 4 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.Келесі жылы 7 мектеп және 3 мектептің қосымша құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Еркін Үйсімбаев брифинг соңында БАҚ өкілдерінің мемлекеттік тілдік ортаны қалыптастыру, ашық аспан астындағы музей, архив мекемесіне жаңа ғимарат беру, спорт саласында жарақат алған спортшыларға жағдай жасау сынды сауалдарға жауап берді.