Жасанды интеллект — ақыл-ойдың жемісі. Оны ендіру, дамыту бойынша жаһандық жарыс жүріп жатыр. Өйткені, мыйлыға теңдес технология адамзаттың дүниетанымына сөзсіз әсер етеді. Кез келген жаңа дүниені қабылдаудың өз қиындығы бар. . Сол сияқты, қоғамдық формацияның жаңа үрдісіне әр деңгейдегі қарсылықтар мен кедергілер де жоқ емес. Анығында, осы салада жалғасын табатын жетістікке енді ештеңе де бөгет бола алмайды. Ал, оны шектеу сананы өзгертуге қарсы тұрумен бірдей болмақ. Ең бастысы — ақпараттың күрт көбеюінен шошитын, қорқатын кезеңнен өттік. Оны талдап іріктеуге, сараптауға қажетті заманауи технологиялар, күрделі құралдар іске қосылуда.
Сонымен бірге жасанды инттелектінің пайда болуын революция ретінде бағалауға негіз жоқ. Қоғамда жаңа өндіріс тәсілдерінің көбеюі, цифрлық технологиялардың дамуы нәтижесінде көбейген ақпарат ағынын игеру міндетінен туған қажеттілік деп қарастырған жөн. Халқымызда “Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра”деген аталы сөз бар. Мағынасы ұзақ өмір сүргеннен гөрі көп дүниеден хабары бар, мол тәжірибе жинақтаған адам білікті болады деген сөз. Бұрын ондай маманның тиісті мәліметтерді елеп-екшеп, дұрысын таңдайтын жағдайы, мүмкіндігі болатын. Қазір заман талабы күн сайын, сағат сайын өзгеріп жатыр. Ақпарат тарату мен алмасудың жолы бірнеше есе қысқарды. Ал, оның көлемі барған сайын шамадан тыс мың, миллион есе көбейіп барады. Бәрін қамту, үлгеру мүмкін емес. Осыған орай, жасанды интеллектінің көмекке келуі — заңды құбылыс деп білеміз. Бұрын, түрлі салада көп уақыт пен күшті керек ететін жұмыстар жасанды интеллект арқылы атқарыла бастады. Оның мысалдарын санамалап жатудың өзі артық, оқырмандар жақсы біледі. Айталық, болашақта қай елге сапарласаңыз да кез келген елмен телефонсыз-ақ байланыс жасай алатын боласыз.
Қазір адамның немесе ақылды роботтың атқарған жұмысының ара-жігін ажырату да оңай емес, оның маңызы болмай қалды. Әрине, көзі ашық жастардың мұны білгені аздық етеді, жаңа еңбек бөлінісінде олар өз орындарын алдын ала сайлап алғаны жөн болар еді.
Сондай-ақ, жасанды интеллектіні қолданысқа батыл енгізуді қолға алғанда ғана оған қатысты заңнаманы түзетін, қалыптастыратын мамандар өсіп шығады. Ол үшін белгіленген мерзімде арнайы даярланған, бейімі бар кадрлар корпусын мақсатты түрде жасақтау маңызды деп санаймыз.
Әдетте, жасанды интеллектіні прагматикалық көзқарастағы зейінді, ерекше дарынды тұлғалар, жаңа тұрпатты ғалымдар ойлап тауып, енгізеді. Ал, осы саланы заңмен реттеуде түрлі шектеулерден бұрын ой-өрісті, сананы ынталандыруға басымдық берілсе, олардың отансүйерлік сезімі арта түсер еді. Сондықтан, сананы шектеуден тезірек арылып, оны түбегейлі өзгертуге нақты қадам жасайтын кез келді деп ойлаймыз.
Еліміздің түрлі оқу орындарында аталмыш мамандықты оқып-үйретіп жатқан ұстаздар мен тәлімгерлер, үйреніп жүрген жастар жоғарыда айтылған мәселеге байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салса артық болмас еді.