«Заң және тәртіп» идеологемасы ең алғаш 2022 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің республикалық референдум қарсаңындағы үндеуінде көрініс тапты. Онда «Заң және Тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» екеніне айрықша екпін берілген еді. Мемлекет басшысы бұл қағидатты жүйелі түрде «Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі іргетасы» деп жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл ұстанымды 2023 және 2024 жылдардағы Қазақстан халқына Жолдауларында мемлекеттік саясаттың басты векторы ретінде бекітті. Оның ішінде 2024 жылғы Жолдау тікелей «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталды.
«Заң және тәртіп» идеологемасының негізгі мәні – заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен әділеттілікке қол жеткізуі. Негізгі бағыттар мен мақсаттары ретінде: Заң үстемдігі: Қоғамдағы барлық қатынастардың тек заң нормаларына сай реттелуі және «Заң алдында бәрі бірдей» қағидатының қатаң сақталуын атауға болады. Осындағы Құқықтық мәдениетті қалыптастыру дегеніміз – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға көбірек көңіл бөледі. Бұл заңдарға көзсіз бағыну емес, заңның әділеттілік пен теңдік кепілі екенін терең түсінуді білдіретіндігін ерекше атап өткен жөн. Ал Қоғамдық қауіпсіздік және жауапкершілік дегеніміз кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» таныту арқылы тұрақты тәртіпті орнату болып табылады. Оның негізгі құжаттары ретінде аталмыш идеологияны жүйелі түрде іске асыру мақсатында елімізде «Қоғамда заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітілген. Тұжырымдама аясында халықтың құқықтық сана-сезімін арттыруға бағытталған түрлі кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Осы туралы құзырлы мекемелердің қызметкерлерінің халыққа жасаған үндеуіне құлақ түріп көрейік. Қарағанды облысы Прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Әділбек Балабеков «Заң және Тәртіп» идеологемасы нені білдіреді?» – деген сауалға былай деп жауап береді.
- «Қарағанды облысында азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруға, мемлекеттік және құқық қорғау органдарына сенімді нығайтуға, сондай-ақ қауіпсіз және әділ өмір сүру ортасын құруға бағытталған «Заң және Тәртіп» идеологемасын қоғамда ілгерілету Тұжырымдамасы жүзеге асырылуда.
- «Заң және Тәртіп» идеологемасы мемлекетті, қоғамды және әрбір азаматты біріктіретін ортақ құндылықтар жүйесі болып табылады. Оның негізгі идеясы – тұрақты және табысты мемлекеттің негізі – заңды сақтау және басқа адамдардың құқықтарын құрметтеу болып табылатыны.
Идеологеманы жүзеге асыру құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық мәдениетті арттырудан бастап өмірдің барлық салаларында ашықтық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын енгізуге дейін бірқатар шаралар кешенін қамтиды. «Заң және Тәртіп» – бұл жай ұран емес, бұл – өмірлік ұстаным. Ол әркімнің жеке үлгісінен басталады: заңды құрметтеу, адалдық, әділдік және қоғамдық игілікке ұмтылу. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана әркім өзін қорғалған, болашаққа сенімді және заң бойынша өмір сүретінін мақтан тұтатын қоғам құруға болады», – дейді облыстық Прокуратура басқармасының аға прокуроры.
















