«Әділет» партиясы сайлауалды штабтардың жұмысын түйіндеуде. Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен қорытынды отырыста үгіт-насихат науқанының нәтижесі шығарылды және сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, сайлауалды міндеттемелерді іске асыру бойынша алдағы мақсаттар айқындалды. Жиынға Құрылтай депутаттары, партия өңірлік филиалдарының басшылары мен партия активі қатысты.
Өз сөзінде Айбек Дәдебай ауқымды жұмыс атқарған партияластарға алғыс айтып, осы жыл еліміз үшін тарихи маңызға ие болғанын атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттің басқару жүйесін ғана емес, тұтас қоғамды қамтитын ауқымды өзгерістер жалғасып жатыр. Осы жылдың басты оқиғаларының бірі – азаматтардың кең қолдауына ие болған жаңа Конституцияның қабылдануы.
Партия төрағасы Мемлекеттің алдағы даму барысы туралы айта келе, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерге тоқталды. Олардың қатарында экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлердің әлеуетін нығайту және цифрлық технологияларды дамыту қадамдары бар. Бұл өзгерістер ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр.
















