Тараз қаласының қоғамдық көліктері тағы да су жаңа автобустармен толықты. Нақты айтсақ, «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС 20 «Zhong Tong» маркалы автобустарын сатып алған. Ұзындығы 8,5 метрді, жалпы сыйымдылығы кемінде 55 адамды тасымалдау мүмкіндігі бар бұл қоғамдық көліктер №11, 46, 28, 55 бағыттары бойынша жолаушы тасымалдамақ. Халықтың игілігіне қызмет ететін автобустарды салтанатты тапсыру рәсіміне облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты.
Сонымен қатар «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС автобус паркін толықтырған үлкен сыйымдылықты «Zhong Tong» маркалы 3 автобус №19 бағытқа қосымша қызмет көрсетіп, олардың жүру жиілігі 14 минуттан 10 минутқа қысқармақ. Қалаға жеткізілген жаңа автобустардың біреуінің құны 38 миллион теңгені құрап отыр.
– Облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің жетіспеушілігіне қатысты мәселені субсидия арқылы шешу қолға алынуда. Ол үшін бюджеттен 2 миллиард 200 мың теңге көлемінде қаржы қаралды.
Біз жыл сайын 70-100 жаңа автобус алу керекпіз. Алдағы үш жылда қоғамдық көліктер паркін жаңалап, жаңа бағыттармен шалғай тұрғын алқаптарды қамтуға тиіспіз. Қоғамдық көліктерді баламалы отын көзіне ауыстыру бойынша да жұмыстар атқарылуда, – деді аймақ басшысы.
Ал қала басшысы Б.Орынбековтің айтуынша, қалада әлі де автобус тапшылығы туындап отырғаны жасырын емес. Нақтырақ айтсақ, шаһарға 200 автобусқа қажеттілік бар. Бүгінгі таңда қалада 9 тасымалдаушы мекеме болса, олардың барлығы 35 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайды. Күн сайын шаһар көшелеріне 350 автобус шығады екен. Мұның өзі жеткіліксіз.
– Жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және де тұрғындарды жолаушы көлігімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Биылдың өзінде қалаға 70 жаңа автобус жеткізу жоспарлануда. Жоғарыда аталған жоспар бойынша 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату, аялдамаларға 90 жарық диодты цифрлық таблолар орнату, кемінде 200 автобус сатып алу, жаңа 15 жолаушылар бағыттарын ашу, күнделікті қызмет көрсететін автобустар санын 460-қа дейін арттыру көзделіп отыр, – дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.
Осы мақсатта «СапарТранс-2012» ЖШС тарапынан кемінде 10 «Yutong» маркалы автобустарды қыркүйек айында жеткізуді қолға алса, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС жыл аяғына дейін қосымша 25 автобус жеткізу жоспарлап отыр екен. Бұған қоса «City Bus» ЖШС-мен 60 автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалған. Аталған автобустар 3 жылдық жоспарға сәйкес жаңадан ашылатын бағыттарға қызмет көрсететін болады.
– Былтыр 20 автобус әкелгенбіз. Биыл сол үрдіс қайталанып отыр. Авбустар базасы жаңарып қалды. Мекемемізде 85 пайыз авбобус жап-жаңа. Ең ескі дегендері 2018 жылғы көліктер. Алдағы уақытта қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбекақысын көтерсек деп отырмыз, – деді «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС директоры Рашид Пірманов.