Елімізде көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңартылған ережелері күшіне енді. Бұл өзгерістер Атырау қаласына да тікелей қатысты. Қалада 1 253 көппәтерлі тұрғын үй бар, сондықтан оларды тиімді басқару мәселесі қай кезде де өзекті. Негізгі жаңалықтардың бірі – «жай серіктестіктің» жойылуы.
Енді басқарудың екі ғана нұсқасы болады: мүлік иелерінің бірлестігі немесе тікелей бірлесіп басқару. Пәтер иелері кооперативтері сақталады, алайда олар басқару нысаны ретінде емес, тұрғындармен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін басқарушы компания ретінде ғана қызмет етеді.
«Иесіз» үйлерге де ерекше назар аударылған. Оларды уақытша басқаруға беру мерзімі қысқартылды, бұл тұрғын үйлердің жағдайы нашарлап кетуіне жол бермеу үшін жасалып отыр.
Атырау қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Гүлмира Нығметованың айтуынша, төлем жүйесінде де өзгерістер бар.
– Екі міндетті жарна енгізілді: ағымдағы және жинақтаушы. Ағымдағы жарна үйді күнделікті күтіп ұстауға, тазалыққа, жарықтандыруға, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарына, инженерлік желілерге қызмет көрсетуге жұмсалады. Ал жинақтаушы жарнадан күрделі жөндеу жұмыстарына арналған қор жасақталады.
Енді тариф мөлшерін тұрғындардың өзі бекітеді, ол үшін кемінде 70%-ының келісімі болуы тиіс. Тариф жалпы жиналыста анықталады. Қазір ПИК-тер қайта тіркеуден өтіп жатыр, ол шілдеге дейін аяқталуы тиіс. Үлгермегендері сот шешімімен таратылады, – деді Г. Нығметова.
Бұл реформа тұрғындардың үйді өздері қадағалап, жағдайды бақылауда ұстауына мүмкіндік береді. Айта кетейік, Атыраудағы 793 көппәтерлі тұрғын үйге ПИК қызмет көрсетсе, 460 үй «иесіз» санатына жатады.















