Ақтөбе қаласын абаттандыру жұмыстарына өңірдегі талантты жастар да белсенді қатысып жатыр. Ақтөбе қаласы әкімдігі бастамашылық еткен «Жаңа идея – жайлы қала» студенттік жобалар байқауына қатысқан жастар шаһарды қайтсек жайлы әрі әдемі қыламыз деген ойлары мен идеяларын ортаға салды.
Бір жарым айға созылған байқауға қатысушыларды Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекет құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады.
– Біз Ақтөбені абаттандыру жұмыстарына талантты жастарды белсенді түрде тартып жатырмыз. Олардың тың идеялары мен жаңашыл көзқарастарын қолдау мақсатында өткен жылы студенттер арасында эскиздік жобалар байқауын жариялаған болатынбыз. Жеңімпаздардың жобалары қала аумағын одан әрі абаттандыру кезінде міндетті түрде негізге алынады, – деген Азамат Бекет жастардың қалалық ортаны дамытуға қосқан үлестерін атап өтті.
Жаңа айтқанымыздай, байқау бір жарым айға созылды. 25 желтоқсанға дейін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен С. Баишев атындағы Ақтөбе университеті студенттері инфрақұрылымды дамыту және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру бойынша өз тұжырымдамаларын ұсынды. Жалпы жобаға 15 студент қатысып, 13 жоба қорғалды. Байқау екі негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Бірінші бағытта қатысушылар әкімдік ұсынған бос жатқан аумақтарды абаттандыру жобаларын (скверлер, аллеялар, саябақтар мен рекреациялық аймақтар) ұсынды. Нәтижесінде бірінші орынды Юлия Романенко иеленіп, 1 млн теңге сыйақыға ие болды. Екінші орын Перизат Мұхитқызы мен Айша Нұрмұхамедоваға (500 мың теңге), ал үшінші орын Альбина Адаева мен Іңкәр Сайлауға (300 мың теңге) бұйырды.
Екінші бағыт аясында қатысушылар қолданыстағы қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және жақсарту бойынша өз жобаларын таныстырды. Бұл бағытта бірінші орынды Санжар Мәжитова мен Назым Зинедина жеңіп алып, әрқайсысы 500 мың теңге иеленді. Екінші орын Райгүл Газизоваға (300 мың теңге), ал үшінші орын Динара Әлиева мен Аяулым Сержанқызына (200 мың теңге) берілді.
Жобаларды Әубәкір Әжғалиев, Жәнібек Тәттібаев және Нұрлан Боранбаев сынды Ақтөбе қаласының танымал сәулетшілерінен құралған сарапшылар комиссиясы бағалады. Олардың кәсіби сараптамасы шешімдердің объективтілігін қамтамасыз етіп, қала құрылысы тұрғысынан ең перспективалы идеяларды анықтауға мүмкіндік берді. Жобалар бірқатар негізгі талаптар бойынша бағаланды. Атап айтқанда, ұсынылған идеялардың қала үшін өзектілігі, жаңашылдығы мен креативтілігі, қала құрылысы және сәулеттік негіздемесі ескерілді. Сонымен қатар жобалардың тәжірибеде іске асырылу мүмкіндігі, әлеуметтік маңыздылығы мен тұрғындар үшін жайлылығы, презентация және визуалды материалдардың сапасы назарға алынды. Бұдан бөлек, жобалардың экологиялық тұрақтылығына да ерекше мән берілді. Байқауға қатысу студенттер үшін урбанистика және ландшафттық дизайн саласында өздерін танытуға үлкен мүмкіндік берді.
– Біз жайлы қалалық ортаны қалыптастыру жастардан басталатынына сенімдіміз. Мұндай бастамаларды қолдау арқылы біз болашақ мамандардың әлеуетін ашуға көмектесеміз. Біздің міндетіміз – оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, туған қаламыздың игілігі үшін таланттарын іске асыруға қолдау көрсету, – дейді ұйымдастырушылар.
«Жаңа идея – жайлы қала» байқауы барлық тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі тартымды Ақтөбе қаласын құру жолындағы маңызды қадам болды.















