«Жаңа Қазақстан» қандай болуы керек?

«Жаңа Қазақстан»  қандай болуы керек?

«Жаңа Қазақстан» қандай болуы керек? деген сауал қазір тек Президентті, үкіметті, депутаттарды ғана мазалап тұрған жоқ. Қалың бұқара да өз мемлекеті жайлы ойланып, толғақты мәселелерді әлеуметтік желілерде ортаға салып жатыр. Бұл дұрыс та жаңа қадам. Тек бұған билік назар салып, өмірде қолданса деңіз. Біз де бүгін «Мінбер» деген айдар ашып, оқырмандарымыздың келелі пікірлерін жариялап отыруды жөн санадық.

Президенттің жанына Алқаби қажет

Исраил Сапарбай

Исраил САПАРБАЙ

Нұр және Отан... Көз алдымызда екеуі қалайша бірігіп-кірігіп кетті? Әуелгіде бәлендей мән берген жоқпыз. Көресіні кейін көрдік. Сайлау сайын «Nur Otan» жортқанда жолын, шапқанда шаңын көрсетпей отырды. Қалғандары: «жандайшап, жақсылардан қалмай шап...».

     Сонымен, «Нұр» қалайша Отанымыздың алдына шығып кетті? Халықта кінә жоқ. Бар гәп ат төбеліндей топта. Айтыңызшы, қай елде Отан, ел, халық ұғымы алдына сөз салыпты? Еш елде! Бізде ұяларға бет, қызарарға ет қалды ма екен өзі?

Билік... Ежелден таныс ұғым, таным. Екінің бірі би бола алмайды. Сөз обалы деген бар. Өкініштісі, мұның да құнын түсіріп, құзіретін ұмытқалы қашан!.. Бұған да жоғарғы жақтағы ат төбеліндей элитасымақ кінәлі. Қасиетті Би ұғымына «...лікті» қосақтағалы бері. Азғындық пен тозғандық, әдетте,  менмұндалап келмейді. Ішімізді індет пен ібіліс жайлағанда ғана бір-ақ білеміз. Әйтпегенде, Би қайда, Билік қайда?! Осындайда әл-Фарабидің мына бір айшықты ақидасы еріксіз еске түседі: «Патшаға лайықты адамның ең басты қасиеті – оның ғұламалығы». Халық пен Патша бірігіп, кірігіп кетпей оң нәтиже болмақ емес. Бұл атамзаманғы аксиома! «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқанша». Адами және қоғами ресурсты жаңартпай, жақсартпай жағдайды түземек – жалған әуез. Кешегі дүрбелеңде жаңа Президентіміздің аузынан «Мен өле-өлгенше халықпен біргемін!..» деген сөз шықты. Бұл –  анттан да абзал, қадірлі де қасиетті ұғым!

Абылайға Бұхар жырау не үшін керек болды? Одан арыдағы Хусейн Байқараға/Әмір Темірдің ұрпағы/ Әлішер Науаи ше? Мысал мен тымсал жеткілікті. Тым болмағанда кешегі Абай кезеңін еске түсіріңіз. Ендеше, байырғы үрдісті жалғастыра отырып, Биліктің орнына Билер кеңесін қайта жаңғыртқанымыз абзал. Мұның нақты баламасы – АЛҚАБИ. Құрамы жеті, не  тоғыз адам. Ескеретін жәй – кеңесші басқа, ақылман басқа. Екеуінің қызмет ауқымы екі бөлек. Патшада жұмыс көп, уақыт тапшы. Елдің, халықтың алпыс екі тамырын тап басатын Хан ғана тарих жадында қалмақшы. Тоғыздың тобын құрайтын АЛҚАБИ сол үшін керек! Ауыл, аудан, уәлаят әкімдерінің әлуетін  ақ-адал өлшеп-пішетін де, халықтың күнбе-күнгі хал-ахуалын көзбен көріп, көңілге түйетін де, ел ішіндегі небір марғасқаларды танып-біліп, сүттен қаймақ айыратын да осы ақылман алқабилер. Бұдан артық елге де, ел басшысына да қандай олжа керек! Ал, қаптаған анау партияларды «Nur Otan»-ымен қоса күресінге ысырып тастап жеке-жалғыз бірлік партиясын құрған абзал. Маған сенсеңіз, «Жаңа Қазақстанның» өміршең өзегі де осы болмақ!

 

Жағымпаздықты жоймай, қоғам тазармайды

Бұл жолы Тоқаев тікелей араласуы керек". Экс-дипломат Ресей депутаты туралыҚазбек БИСЕБАЕВ, саясаттанушы

Талдықорғанда Елбасына қойған ескерткіштің қалай құлағанын бүкіл әлем көрді. Бұл – отыз жылдық кезеңге берілген баға. Депутаттар оның билігін шектеп, мәңгілік төрағалықтан алып тастады. Өзі де қарапайым зейнеткер екенін айтты. Бұл түзетулер Назарбаевтың ғана емес, болашақтағы президенттердің де құқығын айқындайды. Заңға енгізілген түзетулерде «Елбасы» деген сөз мүлде қолданылмаған. Бұл атау әр жерде біртіндеп алынып жатыр. Мәселен, ұлттық мұражайда Елбасы деген сөзді алып тастаған. Бізде осы уақытқа дейін «Елбасы» деп ардақтап, аяғын жерге тигізбей мақтап келген еді. Жағдай өзгеріп еді, көп адамның ұстанымдары аяқ астынан өзгеріп сала берді. Адам баласының табиғаты сондай. Кешегі бастығын бүгін жамандап шығып жатыр.

Тұңғыш президент кешегі жағымпаздардың бүгін сатқын болып шыққанын өз көзімен көрді. Бұл – билеушілердің трагедиясы. Тарихта ұдайы солай болады. Мысалы, күні кешегі Елбасының «бұлбұлы» Ертісбаевтар бүгін сын айтып жатыр. Ертісбаевты «ішкі саясатқа жауап берген жоқ» деп ақтаушылар да табылды. Меніңше, мұндай адамдар бәріне де жауапты. Солардың арқасында біз осындай жағдайға келдік. Олар азаматтық ұстанымдарын ашық көрсетіп, дер кезінде: «Мынауыңыз дұрыс емес!» деп неге айтпады? «Елбасының саясатымен келіспеймін» деп ешқайсысы да ләм-мим демеді. Өйткені, олардың лауазымы болды. Марапатталды. Жағдайын жасады. Кеше ғана «Елбасы!» деп ұрандап жүргендер бүгін «Тоқаев!» деп жамырай бастады. Ең жаманы – осындай сатқындар! Ондайларды билікке жақындатпау керек. Ақиқатын айтсақ, Тұңғыш президент құрған мемлекеттік жүйе бір адамның ыңғайына қарай жасалған. Әсіресе, күштік құрылымдар тек қана Елбасын, оның отбасын қорғауға арналды. Дүрбелең туғанда әскер Президентке бағынбай, ҰҚШҰ әскеріне жүгінуге тура келді. Неге? Себебі жүйе күйреді. Бізде бұлғақ кезінде жүйе сыр беріп, құлады. Елбасы құлағанда, мемлекеттік жүйе де құлады. Сондықтан біздің алдымызда қыруар шаруа тұр. Бірақ соны жүзеге асыратын адамдар бар ма? Басты сауал – осында», – дейді. Бұған нені алып-қосуға болады?

Елдегі өзгеріс  неден басталуы  керек? 

Тоғжан Қожалиева: Мемлекеттік тілдің жанкүйерімін...Бұл сауалға ХАҚ қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тоғжан Қожалиева: «Ең       бастысы – қоғамға үміт беру керек. Кадрлық тазалау жүрмей, алысқа ұзай алмаймыз. Өйткені, барлық жерде лауазымды адамдардың туысқандары қызметте отыр. Бірінші қадамды Тоқаевтың өзі бастады. Жиенін қызметінен кетірді. Бұл бастама тек Президентпен ғана шектелмеуі тиіс. Мамин, Нығматулин және басқа да лауазымды адамдардың, министерлердің туыстары, күйеу балалары бар. Сара Назарбаеваның да туыстары жайлы орындарда отыр. Билікте отырған адамдардың туысқандары лауазымды қызметтерін босатқаны жөн. Жастардың жаппай көшеге шыққанының бір себебі осында жатыр. Туысың, тірегің болмаса, бізде мансапқа қол жеткізу мүмкін емес. Маған салса, бәрін экономикалық өзгерістерден емес, саяси өзгерістерден бастау қажет. Кезінде саяси себептермен тұтқындалған адамдарды босату керек. Өйткені, көбісінде жалған айыптаулар бар. Сотталған адамдар не жұмысқа тұра алмайды, бала-шағасын асырай алмайды. Басты талап – митингтерге тосқауыл қойылмасын. Шыққысы келген адам пікірлерін ашық айта берсін. Оған еш шектеу болмауы тиіс. Шектеу кері әсер береді. Жаппай наразылыққа ұласуы ғажап емес. Полиция баяғы император кезіндегідей «охранка» болмауы тиіс. Құқық қорғау органдары митингке шыққан адамдардың құқығын, тәртіпсіздіктен қорғауы қажет. Еуропа елдерінде шеруге шыққан адамдарды бақыламайды, керісінше, қорғап жүреді. Сосын үйлеріне, жұмыстарына қоңырау шалып, жұмыстан шығартып, қудаламайды. Сосын партияларды тіркеу заңын, тәртібін жеңілдету керек. Тіркеу үшін партия қатарында 20 мың адам емес, 500 адам да жеткілікті. Халықтың көп партиялардың ішінен өзіне ұнаған партиясына дауыс беруге құқығы бар. Мәселен, Ресейде 500 адам да партия құра алады. Президентікке, депутаттыққа үміткерлерге қойылатын талаптарды да жеңілдету абзал. Президент болу үшін «бес жыл мемлекеттік қызмет істеуі керек», «он бес жыл елде тұруы керек» деген ережелер алынып тасталуы тиіс. Мәселен, мен өзімді ұсынайын десем, мемлекеттік қызметте тәжірибем жоқ. Қазақстанда тұрып жатқаныма он жыл ғана болды. Сондықтан өзімді кандидат ретінде ұсына алмаймын. Мемлекеттік қызметте істемеген қаншама лайықты адам бар. Ал мемлекеттік қызметте істеген, «Нұр Отанға» мүше болған қаншама адам сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ұсталып жатыр. Демек, мемлекеттік қызметтегі, «Нұр Отандағы» адамдарды таза адамдар деп айта алмаймыз. «Нұр Отанның» өзі де өзгеруі керек.   Кемінде «Нұр» деген сөзді алып тастаған жөн. Бұл шара Назарбаевқа қарсы жасалмауы тиіс. Мемлекет жеке басқа табынудан арылуы керек. Бұл «Маған да табынбаңдар» деген белгі болар еді. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының атауы өзгергені мақұл. Мәселен, барлық мекемелерде Қазақстанның туы мен «Нұр Отанның» жалауы қатар тұрады. Тіпті, КСРО кезінде де мұндай болған жоқ еді. Үкімет ел сезетіндей шаралар жасауы қажет. Біреулер популистік қадам дер, бірақ осындай нәрселер елге үміт сыйлайды. Бұл халыққа «біз өзгеріп жатырмыз» деген белгі береді. Мысалы, Өзбекстанда билік ауысқан кезде қарапайым өзбек әйелімен сөйлестім. Ол ашық аспан астындағы мұражайлардың күзетшісі екен. «Өзбектер елге оралып жатыр. Мынадай өзгерістер бар», – деп шын қуанды. «Жаңа президент елге не әкелді?» – деп сұрағанымда: «Ең бастысы, үміт берді», – деп жауап берді. Мирзиеев билікке келе сала, Каримов жүретін автожолдың жиегіндегі қоршауды алып тастады. Бұл халыққа «біз ашықпыз» дегенді ұқтырды. Бізде де солай істеу керек. Президенттің резиденциясы азаматтық қоғамға беріліп,  ол ғимараттан халық елшілігі ашылғанын қалар едім. Қазақстанның халқы ассамблеясының енді қажеті шамалы. Экономикаға келсек, «Самұрық-Қазына», «Атамекен», «Бәйтерек» секілді ірі монополиялар жабылуы тиіс. Бәрін жасанды қолдан басқаруға болмайды. Нарықтық жүйеге көшіп, демонополизация саясатын ұстанып, мемлекеттік реттеуді барынша азайту керек»,  – деді. Несі бар, миға қонатын ұсыныстар. 

 

Халыққа қарай жасалған қадам

Сәуле БАЙМЫРЗАҚЫЗЫ, ҚазМҰУ, ф.ғ.д.,профессор

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығару керектігін жақындағы басымыздан өткерген күндер мойындатты. Қазақ халқы үшін қабырғасы қайысқан күндер болды. Президентіміз Қ.Тоқаев Парламенттегі жиналыста еліміздің жаңа экономикалық тұғырын, нарықтық экономиканы дамыту туралы және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселесі туралы айтты.  Ұрпақ болашағы үшін жауапкершілікті кәсіпкерлерді дайындау, бизнестегі бюрократизмді жою, мемлекеттік тұрғыда оларды қолдауды заң жүзінде іске асыру қарастырылды. Кейбір банктердің әрекетін қайта қарастыру, шағын және орта бизнестегі әділ бәсекелестікті қалыптастыру көзделді. Бәскелестікті қорғау агенттіктердің қызметіне кешенді ұсыныстар жасауды кейбір қорлардың қызметін қайта пайымдау, күмәнді болған әрекеттерін қайта қарастыруды тапсырды. Үкіметке сол секторларды реформалауды тапсырды. Алдағы уақытта «Қазақстан халқына» атты халықтық қор құрылды. Ол тек халықтың мүддесіне жұмыс жасайтын бағыт алатынын атап өтті. Жекешелендіруге қатысты әрекеттердің ашық болуын тапсырды. Ел экономикасындағы өңдеу экономикасын әлі әлсіз екенін  үкімет бұл салаларға терең талдау жүргізу, бәсекеге қабілетті  секторларды анықтауды үкіметке тапсырды.

Сондықтан болса керек ЖОО бәсекеге қабілетті болуға әсіресе әлемдік бәсекеде орын алатындай даму болу керектігіне басымдық танытты. Білімге деген көзқарасты өзгерту керектігін, гуманитарлы білім бағытын техникалық бағытқа қарай бұруды ұсынды. Елімізге білімді де тәжірибелі технар мамандардың зәру екендігін, ғылым мен техниканың заманында сұраныстың маңызды екеніне мән берді. Мамандарды дайындауда заман талабына сай икемделген жаңа мамандықтардың пайда болуын көздейді. Біз қазіргі кезде ЖОО жаңа икемге негізделген қысқа мерзімді мамандықтарды ашып, жұмыс берушілердің сұранысына орай негізделген мамандарды дайындауымыз керек деп ойлаймын. Бұрынғы тапталған жолдың бізді тығырыққа тірейтіні байқаймыз. Сондықтан жаңаға тез икемделуіміз керек. Сондықтан елімізде шетелдік ЖОО филиалдарын ашу, тәжірибе алмасуды дұрыс түсінуміз керек. Президенттің жақын арада 5 әлемдік ең үздік ЖОО филиалын ашуды тапсыру осыны көздейді. 

 

 

 

 

Ермек Сахариев
27.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 74
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 596
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 712
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 625
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 635

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380