ЖАҢА ҚОНЫСТА

ЖАҢА ҚОНЫСТА

АҚЫННЫҢ СОҢҒЫ СЕРПІЛІСІ

Алдыңғы балаларына қарағанда Мағауиясының тез жетіліп, ер жеткенін байқап жүр. Жасы кіші баланың, әсілі аға-апаларына еліктеп, бауырларының көңіліне жаққан мінез-құлқын өз еркінен тыс «көшіретіні» болады. Дегенмен, олармен салыстырғанда Мағаш тезірек қаз басып, тілі де ертерек шықты. Абай ұлының сергек болмысына қарап отырып сүйінеді. Оның ширақ жүріс-тұрысы мен білмекке құмар талабы сырт көзден де қағыс қалмады. Оспанынан айырылған қайғысына Әбішінің сырқаты келіп қосылғанда тағдырдың жазуын мойындап, өзге ұрпағының амандығы ғана «тәубесіне» түсірді. Сол күңгірт кезеңде әкесінің «алдын кернеген мұңды, шерлі, жоқ-жітіктің» қат-қабат шаруасын бөлісіп, осы ұлы иығын тосты. Мағауия әділ байлам, ұтымды ұйғарымымен ел-жұртының аузына ілінді. Өзі арқа тұтқан әкесінің мәртебесін асырды. Әлбетте, Ақылбайы бастатқан өзге баласы да қасынан табылып, жанына дем берді. Бірақ, бала жасынан Құнанбай атасының бауырында өскен тұңғышы Абайды туыс адамындай ғана жақын тартады. Бұған, әрине, екеуінің де кінәсі жоқ. 

Он алты жасында көрген тұңғышы Ақылбайға бозбала Абайдың әкелік сезімінің ояна қоюы екіталай еді. Тіпті, кейінгі кезге шейін оны бауырына тарту ойына келмепті. Әкесі Құнанбай мен оның бала сүймеген жас тоқалының Ақылбайға деген мейірімі «қалқалай» берсе керек. Осыны жақсы білетін ағайын қажының «кенжесіне» ерекше құрақ ұшады. Олар «ығы зор» ел ағасының көңілінен шығудан дәмелі. Ақылбайдың «Бұлғыннан ішік кидім, кәмшат жаға, Сарп еттім дүниені білмей баға» деген өлеңі, оның ерке бұлаң балалық шағының куәсіндей. Абайдың әкелік сезімі Мағауиясының кіндігін кескенде оянған. Сол перзентінің енді алдына жүгінген жұртты алаламайтын мінезіне разы. «Көңілінің көзі ашық» ақын баласына бағыт-бағдар беріп отыруға ықыласты болатыны да содан. Бар болмысымен ата-ана мен бауырға қамқор, елге тұтқа боларлық азаматтан дәме береді. Әсіресе, ағасы Ақылбайдың ұл-қызына еміреніп тұрады. Мұны әлгі «жамандар» да біліп алған. Жидебайға келе қалса, Әубәкір мен Пәкизат мойнынан түспейді. Ол да іні-қарындасына құшағын кең жаяды. Тіпті, әлгі екеуімен тап бір құрдас адамы секілді сырласатынын байқайды. Өзінің оқып, білгенін бауырларының жастарына лайықтап түсіндіріп жатады. Ара-арасында әзіл-қалжыңмен еркелетіп, мәз-мәйрам болысады. Қазір де ауыз үйде отырған екі немересінің мінезінен Мағауия «дәрісінің» тәлімін сезеді. Соған орай, тоғыз жасар Әубәкір бүгін де ағасына еліктеп, ұстаздық қылып, өзін үлкен адамша ұстайды. Тіпті, бір уақ қарындасының әулеттің шежіресін қаншалықты білетінін тексереді. Ағат кетіп жатса, ұстаз-аға үлгісімен аспай-саспай, биязы түсіндіреді: – Ақылбай әкеміздің Абай атамыз бен Ділда апамыздан туатынын білесің. Енді осыдан әрі тарқатып көрші, – деп, қарындасына сынай қарайды. Пәкизат та өзіне сенімді-ақ: – Абай атамның әке-шешесі Құнанбай ата мен Ұлжан апа, қажының әкесі Өскенбай ата мен Зере әже, – деп, бастапқыда судырата жөнелгенімен, тез тұтығады. Алайда, ағасы өзінен 4-5 жас кіші қарындасын ұялтып, бетінен қағудан аулақ. Оның бар ойы Мағауияға ұқсап бағып, үлкендік таныту секілді. Байсалды қалпынан айнымаған қалпы, қарындасының құлағына құяды: – Ал, Өскембай би Ырғызбай баба мен Ермек шешемізден тарайды... Осы арада намысқой Пәкизат ағасының сөзіне кие-жара араласады. Өзінің жаңағы «сүрінгенін» жуып-шайғысы келетін сыңайы бар: – Ырғызбай атаның Айпара анасының шығарған өлеңін де білемін, – деп жайраң қағады. Сөзін бөлгенді онша жақтыра қоймағанымен, Әубәкір бұл жолы да кәдімгідей кеңшілік көрсетеді: – Ал, айта ғой, біз де жаттап алайық, – деп, сөзінің соңын Мағауияға еліктеп, әзілге бұрады. Кішкене қыздың күткені де осы. Судыратып ала жөнелді: – Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым, Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым, Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым, Сірә да оңбас Торғайым...». Әубәкір осыны айтып, мақтау күткен қарындасының меселін қайтарғысы жоқ. Тіпті, оның «р»-ға тілі келмегенін елемей, жайшылықта ішін баса күлетін әдетінен де жаңылғандай: – Бәрекелді, «тектіден текті туады» деген осы!». Ол Мағауиядан естіп жүрген қолпаш сөзбен «көпшік» қойып, көтермелей сөйлейді. Тіпті, «ұстазының» дауысын салып, маңғаз қалып танытады. Бұған екеуі де қосыла күлді. Бірақ, ағасы күлкісін іле-шала тыйып, қайтадан молданың «кейпіне» кіреді. Тақпақтап сөйлегенді ұнататын оның сөзі де жатық: – Аты аңызға айналған Айпара анамыздың ақылы мен парасатын жұрт әлі күнге жыр ғып айтып, аузынан тастамайды. Ол кісіні бір Тобықты ғана емес, иісі орта жүз үлгі тұтқан ғой. Өлеңде Ырғызбай бастап, аттары аталған төрт ағайындының әкесі Айдос бабамыз қақ-соқпен ісі жоқ, момын қоңыр екен. Ақынжанды жеткіншек шежіреге кәдімгідей жүйрік: – Айдос бабамыздың әкесі Олжай екеуімізге жетінші ата болады. Айдос үш ағайынды екен: Қайдостан Бөкенші мен Борсақ табы, Жандостан, яки Жігітектен Кеңгірбай би – Би ата, одан Ералы, ал одан Бөжей туады... Немерелерінің әңгімесін сырттай қызықтап отырған Абайдың жадында ата-баба «жолы» жаңғырады. Ақынның ойын сырттан кірген Баймағамбет бұзды. Жасы қарайлас болғанымен жолы үлкен азаматқа ақынның құрметі ерекше. Ол табалдырықтан аттай бере-ақ тымағын бір қолына алып, оң қолын кеудесіне қойып тағзым жасады. Өзі арнайы шақыртқан құрдаАҚЫННЫҢ СОҢҒЫ СЕРПІЛІСІ сының тез жеткеніне ақын да қуанып қалды. Ертегіші аталарының келгеніне балалар да мәз-мәйрам. Алайда, Баймағамбеттің бұл жүрісінің себебін білетін Еркежан екі баланы «жетектеп» шыға берді. Ас үстінде Абай аман-саулық сұрасудан асып дәнеме дей қоймады. Дастарқан жиылғаннан кейін қастарына Еркежанды ғана алып қалып, Баймағамбетке шақыртуының сырын ашты. Айтқан сөзінің өрісін кеңейтіп, елге жайып жүрген сыйлас адамына әдеттегідей іш тарта сөйлейді: – Құрдас, өзіңе мәлім, әкем Құнанбай осыдан елу жыл бұрын Жидебайды иелігіне алған екен. Кейін өзі Ақшоқыға қоныс аударғанында бұл жерді кенже ұлы Оспанға «қара шаңырақтың иесі» деп еншісімен бірге бергенін білесің. Осыны айтып, ақын отырғандарды көзімен бір шолып өткен соң, әңгімесін қайта жалғады: – «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген. Мына Семейдің тұрмысын өзің де көріп жүрсің, – деп, қонағына ой сала қарады. – Қала мәдениеті қырға де келе бастады. Осында кейбіреу дүние-мүлік жарысына түсіп, кімде қанша сағат барына шейін санап жүр. Баймағамбет сағат жайын білгендіктен, үнсіз ғана жымиды. Кісінің сөзін бөлмейтін мінезінен бұл жолы да жаңылмады. Ал, Еркежанға ер адамдардың әңгімесіне араласу әуелден жат. Жаңа да жамағаты айтқан соң ғана отырып қалды. Абайдың қабағындағы мұңнан Еркежанның да жүзінің күңгірт тартқанына біраз болған. Соңғы жылдары інісінен айырылып, ұлының ауыр сырқатын уайымдаумен шөгіңкіреп кеткен қосағының қабағының ашылғаны «көлеңкені» серпіп жібергендей. Әйелінің жүзіндегі өзгерісті, алайда алдағы шаруа жайы алаңдатқан ақын байқамады: – Көктем шығып, күн жылынысымен жаңа баспана тұрғызғым келеді, – деп, сөзін одан әрі сабақтады. – Там-қораның жобасын өзім қалада көріп жүрген үйлердің үлгісінен ұнағанын алып, жасап қойдым. Қар кетісімен ана бір биік дөңнің үстін тегістетіп, дайындай беремін. Ал, өзіңді шақырғаным, құрылысқа қай шеберді таңдауды бірге отырып келісейік. Баймағамбет осындай әңгімеге іштей дайын еді. Ақын ауылына өткен күзден бері үй мен қора салуға қажет тақтай мен жуан қарағайдың келіп жатқанын біледі. Өзімен ақылдаса қалса, бір қажетіне жарайын деп, жауабын да сайлап жүрген. Ел ішіндегі білегі әлді, ісмер азаматтарды «түгендеп» қойғалы қашан. Ол бірақ сауалға бірден жауап бермей, алдымен ақынның жаңа баспана туралы ойын білуге тырысады: – Сонда өзі, жалпы жобасы қалай болса деп отырсың? Ақын да осыны күткендей екен. Бағанағы қунақ қалпымен ойдағы шаруасын жүйелеп түсіндіре бастады: – Қазақтың үйреншікті там-қорасын өздерің де көріп жүрсіңдер, – деді. – Қораны үйге іркес-тіркес салып, көң-қопсының исі өз алдына, қи-тезегі кірген-шыққан аяққа «еріп» жүреді. Сондықтан тамды бір бөлек, мал қоралары мен қарауылшы орындарды өз алдына жеке, өзіміз тұратын үйден 300-400 метрдей жерден салғызбақпын. Қонағы оны бірден қоштады: – Өзің көздеп отырған дөңнің тұрған жері шынымен-ақ қолайлы. Төңірегі қозы-көш жерге шейін алақандағыдай сайрап жатыр. Оның үстіне Қарауылдың жайылма суы жуымайды, тек қана шаруасы көбейіп кетпесе? – Оның рас, жұмысы қат-қабат, бірақ жаңа айтқан артықшылығының өзі аз емес. Оның үстіне көтерілген су мен балшықтан құтыламыз. Шыңғысқа қар қалың түсіп, жауын-шашын мол болған жылдары тасыған өзен суының әкем қаздырған жоғарғы құдықты басып қалып, әуреге салатыны тағы бар. Бірақ дөңнің үстінде, жаңа айтқанымдай, үй мен шошала, етхана мен лапас қана орналасады. Отағасының уайымнан сейілгендей қалпынан көңілі өскен Еркежанның құлағына мына әңгіме майдай жағады: – Үйдің іші қалай болады екен, – деп, ол да мейірлене күлімсіреді. Ақын оның қызығушылық танытқанына риза: – Бәрекелді, енді соған көшейін. Үйде екі орындық қазан аспасы бар ас бөлмесі, қонақжай мен жазу бөлмелері орналасады, – дей келіп, әйеліне назарын тоқтатты: – өзің отыратын бөлмені және тамақ ішетін алдыңғы бөлмені де ойластырып қойдым. Сосын, әрине, төрт үйдің есіктері шығатын үлкен зал болады. Оған да, екінші залға да жарық төбедегі қос терезеден түседі. Осы жерге келгенде Еркежан ендігі сауалын әзілге бұрды: – Әйтеуір, тамақ сақтайтын орынды ұмытпасаңыз бопты... – Рас-ау, алдымен соны айтпайсың ба? – деген Баймағамбеттің сөзіне үшеуі тағы да еменжарқын күліседі. Оспан дүниеден өткелі бергі екі жылда бұл үйде балалардан басқасы күлуге батпайтын. Інісінің қазасына перзентінің ауыр сырқаты келіп қосылып, ақын бұрынғыдан бетер тұйықталып алған еді. Қазір, әйтеуір өзін-өзі ширақ ұстайды: – Оны ұмытсақ, ана тоғызқұмалақшы Көрпебай көршінің ойынының «тұздығы» келіспес. Енді, Еркежанның сұрағына жауап берейін, – деп, сөзін одан әрі сабақтады: – Тамның төбесі биіктетіле келіп, төрт адалбақан тіреген шошала және осындағы етханамен жалғас лапас салынып, онда үш ат жегетін трашмөңке мен екі ат жегетін арба тұрады... Бұдан арғысын ертекші Баймағамбеттің өзі-ақ қиялатып ала жөнелді. Оның көз алдына жаңаша салынған, бұл өңірде бұрын-соңды болмаған хан сарайындай ғимарат елестейді. Болашақ баспананы көңіл көзімен шарлап кетсе де құлағын әңгімеге тосып, әр сөзді қалт жібермейді. Ақынның жоспары бойынша бес бөлменің 7 терезесі әдеттегідей төрт бұрышты емес, жоғары жақтары доғалана иіледі. Төбелері тақтаймен жабылып, едендеріне де тақтай төселеді. Оның ішінде, әсіресе бес бөлменің төбелеріне ені мейлінше жалпақ тақтайлар салынады. Ақынның әңгімесі үйдің тағы бір ерекшелігін отырғандардың көз алдына әкеледі: баспананың бояу жақпаған төбе тақтайлары мен күрең түспен сырланған едендері әдемі үйлеседі. Қалың тақтайлардан қиылып, топсалары темірден орнатылған есіктердің сыртқы тұтқалары ағаштан ойылыпты. Ал, үйдің жуан бөренелерден шабылған босағалары, оның есіктерін мейлінше сом етіп көрсетеді. Қазанаспадан басқа төрт бөлменің екеуіндегі төрелердің жұмыр пеші көзге оттай басылады. Оның бірі – қонақүйге, екіншісі Абай отыратын бөлмеге орналасыпты. Еркежан бөлмесі мен ауыз үйге төрт қырлы екі пеш жараса қалыпты. Абай салынатын үй құрылысының жай-жапсарын осылай түсіндіріп шықты. Енді үй иесі күткен сауалдың жауабын Баймағамбеттің беретін кезі жетті. Ол алдымен Шаған болысына қарасты, түбі – төре, қолдарынан мөрі тамған, ағаш шабуға, тақтай қиып, өңдеуге, пеш, қора, там қалауға өте шебер Майқан, Мәулімқан деген ағайындыларды атады. Бұл шеберлер ақынның да ойында жүретін. Сөздері бір жерден шыққан соң, сол екеуіне тоқтасты. Олардың бес болыс Тобықтыға атағы мәлім: қиған тақтайларының жігін білдірмей, тастан өрім өргендей таңдайлап қалайтындарын жұрт ерекше мақтайды. Сондықтан ағайындылардың атағы Тобықты іші ғана емес, іргелес Найман, Керей мен Уақ арасына да кең тараған. Ақын мен ертекші құрдасы ақылдаса келіп, тағы бірқатар шеберді келісіп алды. Белгілі там-қора қалаушы ноғай Сәйпитан да келеді. Оны ел «бір қойған кірпішін екі қоймайды, бір тамшы лайын шашыратпайды, 20-30 кірпішті қатарынан қалап келіп, бір бұрыштан бір-ақ қарайды, сонда бір кірпіші не сыртқа, не ішке тартқанын көрмейсің» деп жер-көкке сыйғызбайды. Дегенмен, құрылыс аса ауқымды. Оның үстіне құрылысты күздің қара суығына ұрындырмай бітіру керек. Сондықтан жұмыс қолын бірталай «ұзартпаса» болмайды. Осы есеппен Топай руынан шыққан, үй салуға шебер, қайратты жас жігіт Ағыбайды шақыру жөн делінді. Ал, тас қалайтын жігіттердің бастылары кім болатынын екеуі көп іздемеді. Бұл жұмысқа қара күштің алыбы – Өтеғұл табының қайраты қажымас жігіті Қауғабай мен Әнет руынан шыққан шымыр Серікбай шақырылады. Кірпіш құюшыларға елге атағы жайылған, бір күнде екі мың жарым кірпіш жинайтын қолы тоқпақтай, кең жауырын, қысқа бел, Әнет руынан шыққан жас жігіт – Шүлембай басшылық жасайды деп шешілді. Сондай-ақ, қосымша топсаларды, еденге қажет шегелерді, басқа керек-жарақты темірден соғуға Әнет табынан шыққан белгілі ұста – Сағындық, өрімдерді қабықтап, морға салып түзетуге атақты үйші – Жүнісбай араласады. Күн жылына салысымен кірпіш құйыла бастап, үйдің құрал-жабдығын кешіктірмеу Баймағамбетке жүктелді. Құрылысқа кімдердің қатысатыны айқындалған соң, оларды Абай үйіне жинау ұйғарылды. Таңдау түскен шеберлерді Абайдың атынан Баймағамбет шақырып, олар уағдалы күні Жидебайда бас қосты. Ата-бабаларға құран бағыштап, қатым түсірілді. Арнайы жайылған дастарқанда негізінен шеберлерге баса көңіл бөлініп, олар отағасының кең пейіліне ырза көңілмен тарқасты. Осы құрылысшылар кейін, үй салынып біткен соң да Абайдың қамқор көңілі мен жомарт пейілін көп уақытқа шейін ұмытпай жүрді. Тіпті, «біздің Абайға там-қора салған уақытымыз сауық-сайранмен өтіп еді», – деп өзара жарыса еске алысады екен. Құрылыс жұмысының әредігінде сөзге шешен Қиясбайдың келіп, қыран-топан күлкіге батырғанын да ұмыту мүмкін бе? Тапқырлығына Абайдың әуелден разы болып, Қиясбайды еркелетіп отыратынын айналасы жақсы біледі. Абайдың үйі кірпіштен қаланып, өзара келісілгендей, едендеріне тақтай төселді. Шошала, етхана, жүк үйетін кілет, зал, лапас қабырғалары тастан тұрғызылды. Бөлмелердің төбелері қабығы алынған, қолдың саласындай етіп, морға салып, түзетілген өрімдермен жабылды. Үйлердің төбелері су өтпестей етіп, күлмен, топырақпен қымталды. Хәкімнің өмірінің соңғы он жылының осында өтетіні ол кезде, тегінде ешкімнің де ойына келмегені анық. Кейін Жидебайдағы жаңа үйінде Абай қара сөзге ықылас қойып, ғақлия пікірлері арқылы ойшылдық шырағын жағады. Ал, әзірге ол шеберлердің қолтаңбасына сүйініп, көңілі біршама сейіледі. Ісмерлердің өзгеге алақан жаймай, тіленшіліктен аулақ адал еңбегіне деген ризашылығы ерекше. Әрбір жанның бір кәсіптің құлағын ұстап, шаруасын дөңгелетіп отырғаны ғанибет-ау! Хәкім шеберлердің маңдай терімен бала-шағасын асыраған еңбекшілігіне сүйінеді. Олардың өмір салтынан адам деген атқа лайық болудың өзіндік қағидатын түйеді. Толқыған ой нәрі ақ қағаз бетіне мөлдірей төгіледі: «Әсемпаз болма әр неге, Өнерпаз болсаң арқалан. Сен де – бір кірпіш, дүниеге / Кетігін тап та, бар, қалан! Қайрат пен ақыл жол табар, / Қашқанға да, қуғанға...». Осы өлең жолдары Абайдың көңіл түпкіріндегі қордалы ойдың көзін ашып жіберді: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек, – деп қаламы жорғалай жөнеледі. – Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол. Бірақ Құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады...». Өкінішке қарай, олардың көпшілігі «Әуелі бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп түзден іздемейді, – деп қынжылады ойшыл. – Қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады... Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп... салдау-салғырттыққа, кербездікке салынады». Ал, мұның өзі, мал қайсы, мойынға бір мінсе, оны сілкіп тастауың қиын. Ақын «ақыл қосар ағайын» табылмай, әсіресе жастардың «көкірек зор, уайым жоқ бозбала дәуренді» малданып, уақыт оздырып алатынына қапалы: «Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін, Көп надандар өзіне тартар бейім. Арылмас әдет болды күлкішілдік, Ыржаң-қылжаң ит мінез дегендейін». Жаңа баспананы салуға ақынның ағайын-туғаны да қал-қадерінше атсалысты. Тым құрыса, асарлатып, қымызы мен шұбатын әкеліп, бір-бірінен қалысқысы жоқ. Қысыр сөзге үйір кейбіріне шеберлер, әйтеуір алаңдай қоймайды. Бірақ, Қиясбай ағаларының әңгімесін тыңдап, ара-арасында көңіл көтеруге бәрі де елеңдеп тұрады. Соған орай ол да келетін уақытын біледі. Тіпті арнайы тапсырмасы бардай-ақ құрылысшылардың түскі астан кейінгі бел жазған кезінде сап ете қалады. Ас-суларын ішіп, әл-қуат жинап алған олар да кәдімгідей күтеді. Жаңа тағы да күлкіге қарқ қылып кетті. Ақынның «екі жүз ешкіде қанша мүйіз болады?» – деп сауал тастап, оның «төрт жүз» деген жауапты қанағат тұтпайтыны бар ғой. Сөйтсек, «сонша көп ешкінің ішінде мүйізі жоқ тоқалы, мүйізі сынған кемдері болмай ма екен?» – деген Қиясбайдың есепке «жүйріктігіне» қалайша күлмессің? Бүгін қайтарында ол өзінің тағы бір жорамалымен бөліскен. Оның ойынша, бұл жердің Жидебай аталуы осындағы қалың Жидеге байланысты екен. Ал, адам атына бай сөзін қосақтап, дүние ғана емес, дарқан көңіл тілеудің қазақта ежелден бары да рас. Демек, Жидеге бай жерде, яки Жидебайда туған батыр есімінің Жидебай қойылуы, оның ойынша, қисынды көрінеді. Қиясбайдың жердің, оның иесі екеніне өз басы күмәнді Жидебай батырдың есімімен аталыпты деген сөзге дауы мұнымен де бітпейтін секілді. Мәселен, осы өңірге Жоңғар шапқыншылығынан кейін сонау Сырдың бойынан Тобықты жұртының көшіп келіп қоныстанғанын тілге тиек етеді. Шыңғысқа жеткенде Тобықтының Олжай табының бір «бұтағы» – Жігітек жұртының алғаш орналасқан жері осы Жидебай емес пе? Кеңгірбай би мазарының да іргеден бой көтергені де соның айғағы-мыс... Қиясбайдың сөзін естісе де, Абай бұл әңгімеге мүлде араласпақ емес. Көне тарихты жөнсіз қазбалай берудің кей-кейде ағайын арасына жік түсіретінін біледі. Ал, Жидебай шын мәнінде кісі қызыққандай Шыңғыстың өзіндік бір Жиделі-Байсыны деуге лайық жер. Табиғаты жаздың аптабы мен қыстың аязында жанға да, малға да жайлы. Көктемде Қарауыл өзеніне еріген қар суы қосылып, бұлқан-талқан тасиды. Көк майса шілденің ортасы ауғанша суда тұрып, «шалғыннан шұрқырап жатқан жылқының жоны ғана қылтылдайды». Әуелде Боқтының көлі делініп, кейін осы жердің иесінің есімімен Оспанкөл аталып кеткен айдынға қонған аққуларын айтсаңшы. Оның тұзды суы мен қара батпағының қызығын жаз бойы осы төңіректің баласы көреді. Ал, қыста Жидебайдың қалың қамысы малға пана, қары қасаттанып қана жатады да, шөбін тұяқты мал теуіп жеп, қыс бойы жайылып шығады. Абайдың өмірінің соңғы он жылы өткен Жидебайда жаңадан үй салуы да, оның ұрпағына жайлы баспана, шұрайлы қоныс қалдыруды ойлағандық еді. Әдетінде, шаруаға алаңдай қоймайтын ол осы үйдің құрылысына ерекше мән береді. Ақынның там-қорасының салынуының жай-жапсарына кейінгі біздер Құдайберді немересі Ахат Шәкәрімұлының естелігінен қанығамыз (А. Құдайберді немересі «Жидебайдағы Абайдың үй-жайының салынуы жайында., 1971 ж., Абай музейінің қоры «КП4477»). Абайдың ағасы Құдайбердінің үлкен ауылы ақын қорасының күнбатыс солтүстігін ала екі шақырымдай ғана жерде болыпты. Сондықтан Ахат Шәкәрімұлы 7 жасынан 29 жасына шейін, яки ұжымдастыру мен кәмпеске басталып, қуғынға түскенінше Хәкімнің ауылына жиі барып тұрады. Азапты қуғын-сүргіннен кейін, 1968 жылы туып, өскен жеріне оралады. Облыстық, аудандық басшылардың ұйғаруы бойынша Жидебайдағы Абай музейінің қызметкері болып тағайындалады. Сөйтіп, Абайдың 125 жылдығы қарсаңында ол тәптіштеп жазып, құнды жәдігер қалдырады. 

Алайда бұған дейін әлі талай уақыт бар. Сондықтан біз Жидебайға қайта оралсақ, 1895 жылы күзге салым Абай отбасымен жаңа үйге көшіп, қонған болатын. Інісі Оспанның қазасынан кейінгі ақынның серпілісі де, өкінішке қарай, аяқталуға жақын. Алматыдағы сырқат Әбдірахманның беті бері қарайтын емес. Хәкім көбінесе оқшаулана береді. Кітап оқуы көбейіп, ой мен сырын ақ қағазға түсіреді. Айтып қалғысы, жазып үлгергісі келеді. Ақын шәкірттері: Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай мен Мағауияға тақырып беріп, ой-арманын қалың жұртшылыққа жеткізгенше асығады.

Болат ЖҮНІСБЕКОВ
14.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 49
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 108
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 22
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 53
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 51
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 108
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 138
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 141
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 131
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 138
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 144
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 138

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11268
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10204
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13451
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12405
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17413