Орал қаласында тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, жаңа қоныс иелерінің қатары артты.
Бұл туралы Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Зашаған кентінің «Арман» шағын ауданындағы 180 пәтерлік тұрғын үйден баспана бұйырған отбасылар қоныс тойын тойлады. Оларды қала әкімінің орынбасары Асхат Көлбаев құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді:
– Сіздер көптен күткен баспаналарыңызға қол жеткіздіңіздер. Баспана кілті «Отбасы банкінің» 80 салымшысына «Өз үйім» бағдарламасы арқылы берілуде. Пәтерлердің құны нарықтағы бағадан едәуір арзан. Тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары келесі жылы жүргізіліп, ойын алаңы салынады. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңыздан шаттық, босағаларыңыздан бақыт кетпесін.
Тұрғын үйдің құрылысын «AQJAIYQ ӘКК» АҚ-ның тапсырысымен «Алтим» құрылыс фирмасы жүргізген. Жаңа қоныс иелерінің атынан сөз алған Қайрат Есенғалиев тұрғын үй қолайлы жерде орналасқанын айтып, қуанышымен бөлісті.
Жалпы облыс орталығында жыл соңына дейін «Отбасы банк» салымшыларына арналған тағы бірнеше үй пайдалануға беріліп, қоныс тойын тойлайтындар көбейеді деп жоспарлануда.