Жақында көзімнің көруі нашарлап, тексерілейін деп Халықаралық көру қабілетін қорғау орталығына келдім. Дәрігерлердің адамды жылы шыраймен құрақ ұшып қарсы алып, жіті қарап, ем-шараларын жүргізуіне риза болдым. Науқастарға артық ештеңенің керегі жоқ, тек емделушіге жылы сөз бен аялы алақаны шипа болары сөзсіз... Бұл адамның көкірек санасына сенімін ұялатып, дерттен айығуына көп септігін тигізеді деп ойлаймын.
Орталық 2011 жылы ашылған екен. Мұнда көздің барлық ауруына диагностика жүргізіп, емдейді. Атап айтсақ, катаракт, астигматизм, қылилық, көздің қабынуы, офтальмоонкология, т.б. сияқты сан түрлі ауруларға шипа береді. Сонымен қатар лазермен емдеу, аппарат арқылы емдеу, күндізгі стационар арқылы емдеу шаралары да қарастырылған.
Біз газет қызметкерлері жұмысымыз көбіне көзбен тығыз байланысты болғандықтан, жылына бір рет көз дәрігеріне барып қаралып қойғанымыз артықтық етпейді екен. Бірақ соған әдетте ерінеміз немесе уақыт таппай жатамыз. Сосын ауру асқынған кезде барамыз. Сондықтан әрбір жанға жанарыңды сақта дегім келеді! Мен сөзімнің соңында осы орталықтың директоры Қайназарова Құралай Тұрсынбекқызына, дәрігер-офтальмолог Идрисова Гүлден Хайроллақызына, медбике Жазира ханымдарға алғысымды білдіремін. Еңбектеріңіз жемісті болып, халықтың ризашылығына бөленіп жүре беріңіздер!