Жетісу облысында жаңбырлатып суару қондырғыларын құрастыратын өндіріс орны ашылады. Оның құны сырттан сатып алынатын осындай құрылғыларға қарағанда екі есе төмен болады. Қазіргі кезде осы мақсатта Түркиядан келген инвесторлармен іскерлік келіссөздер жүргізілуде. Кәсіпорын Талдықорғанда орналасады деп жоспарланып отыр. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын барысында өңірде суармалы су тапшылығы проблемасын, оны ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу есебінен шешу жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, алдағы 3 жылда өңірде су үнемдеу технологияларын қолдану алаңын 12 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр, бұл ретте жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жүйелерін сатып алған шаруашылықтардың шығындарының 50%-ы инвестициялық субсидиялау бағдарламасы бойынша субсидияланады, – деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.