Қазіргі таңда кейінгі толқын жастарды білімді етіп тәрбиелеу жеткіліксіз. Олардың бойына отансүйгіштік қасиетті, патриоттық сезімді сіңіру өте маңызды. Алаш қайраткерлері айтқандай, отанға қызмет ету білімнен емес, мінезден!
Осы құндылықты бағдаршам етіп алған түркістандық білім саласы Түркістан қаласындағы мектеп оқушыларының қатысуымен жаңа жобаны қолға алды. Дәлірек айтқанда, Республикалық «Жанды сабақтар» жобасы аясында оқушылар тарихи орындарда болып, белгілі тұлғалардың сабақтарын тыңдайды. Білім алушылардың бойына тарихи сананы, қазақстандық патриотизмді, өз елінің тарихына деген құрметті, ата-бабаларымыздың жетістіктері үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарыту мақсатында қолға алынған жобаның алғашқы сабағы өтті. Түркістан қаласындағы бүкіл тарихи деректерден сыр шертетін «Сапар» орталығында басталған сабаққа С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушылары қатысып, оларға «OSST-tur» туристік компаниясының директоры, гид-экскурсовод Төрәлі Сыздықов көне шаһар тарихы жайлы сыр шертті.
Оқушылардың санасына айрықша әсер етіп, соны серпіліс сыйлаған ерекше дәріс «Әзірет Сұлтан» кесенесі аумағындағы тарихи әрі туристік орындарда жалғасты. Экскурсия барысында оқушылар мол мағлұмат алып қана қоймай, құнды жәдігерлерді өз көздерімен көруге мүмкіндік алды.
Оқушылар сабақтан зор әсер алғандықтарын жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Жоба алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Бұл оқушы балалардың сабақ үлгеріміне оң әсер етумен қатар, туған ел тарихынан мол мағлұмат алып, туған жер табиғатын шын сүюіне септігін тигізеді деген сенім бар.