Жақсылық қылсаң да, жамандық қылсаң да, өзіңе қайтады

Жақсылық қылсаң да, жамандық  қылсаң да, өзіңе қайтады

Аталарымыздың осы бір ауыз сөзінің терең мағына беретінін ұғынуымыз үшін, мына бір өмірде болған оқиғаны айтсақ да жеткілікті болар.

Ертеде бір қайыршы киімі өрім-өрім болып, ауылды кезіп жүріп, үнемі «Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе» деген сөзді ылғи да қайталай беретін көрінеді. Бір ауылда көрінгенмен ұрсыса кетуге дайын көкбет, долы әйел тұрады екен. Сол әйел қайыршыға таба нанға у қосып береді де: «Жақсылық болса да, жамандық болса да, көріп алдым. Мә, сөзің де, өзің де құры, енді мұнда жолама!» – деп ұрсып жіберіпті.

Қайыршы әйел берген нанды алып, жөніне кетеді. Ауылдан шыға бере, ол алыс жолдан арып-ашып келе жатқан керуенге кездеседі. Керуенге ілесіп, азып-тозған егде кісі мен жас жігіт қайыршыдан нан сұрайды. Қайыршы көкбет әйел берген нанды ұстатып, жөніне кетеді. Аздан соң нан жеген қос жолаушы уланып жан тапсырады. Керуендегі жұрт дүрлігіп жиналып қалады да, біреуден-біреу сұрап, әлгі қайыршының ісі екенін біледі. Керуенбасы дереу қайыршыны ұстауға әмір береді. Қуғыншылар қайыршыны ұстап әкеледі.

Керуенбасы:

– Сен неге біздің жолдастарымызды өлтірдің? – деп ақырады. 

Қайыршы бұл әлгі долы әйелдің ісі екенін айтып, бар жағдайды баяндайды. Бір топ адам шауып барып, долы әйелді сүйрелеп әкеледі. «Қара не істегеніңді, қара басқыр!» – деп, өлген жолаушыларды көрсеткенде, әйел шашын жұлып, бетін тырнап айғайға басып, еңіреп жылай бастайды. Сөйтсе әлгі әкелі-балалы жолаушылар көп уақыт бұрын сапарға кеткен өзінің күйеуі мен ұлы екен. Енді ғана елі мен жеріне жете бергенде өздерінің ең жақын адамының қолынан ажал құшыпты. Қайыршының айтқан сөзінің ақиқатына көзі жеткен көкбет әйел зар еңіреп қала беріпті...

Міне, аталарымыздың «Жақсылық қылсаң да өзіңе, жамандық қылсаң да өзіңе қайтады» деген терең мағыналы сөзінің ақиқатына көз жеткізу үшін кейде қаншама қымбат құрбандықтар қажет болады десеңізші! Бұл оқиғадан шығатын қорытынды: «Әрбір адам жамандық жасаудан аулақ болып, үнемі қайырымды жақсы істерді өзіне серік етіп жүрсе, сол жасаған жақсылықтары күндердің бір күнінде өзіне жақсылық болып қайтады» дегенді білдірсе керек. 

Айбол БИТУҒАНОВ, «Досбол» қайырымдылық қорының директоры
29.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ДӘРІГЕРЛЕР 700 ГРАММ САЛМАҚПЕН ТУҒАН СӘБИДІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 27.01.2025 28
АУДАНДЫҚ ӘКІМДІКТЕ
Сарысу ауданы әкімдігі - 27.01.2025 96
БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ТӨРТ АУЫЛҒА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 27.01.2025 90
ТҮЛКІБАСТАҒЫ ҰН ЗАУЫТЫ ЖЫЛЫНА МЫҢ ТОННАҒА ЖУЫҚ ӨНІМ ШЫҒАРУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 27.01.2025 41
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТРАНЗИТТІК ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 27.01.2025 94
 ЖЕТІСАЙЛЫҚ 6 ЖАСАР ҚЫЗ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 27.01.2025 32

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 13871
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12697
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 15956
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 14861
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 19910