Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Беркімбаева Шәмша Көпбайқызы тірі болса, 80 жасқа толар еді. 10 қазан күні Алматы қаласында жөні бөлек бір ұлағатты шара өтті. «Білім-Инновация» лицейлері жүйесіне қарайтын Алматыдағы қыз балалар лицейіне марқұм Шәмша Көпбайқызының есімі берілді. Оқу орны осы күннен бастап «Ш.К.Беркімбаева атындағы Алматы қыздар мектеп-лицей-интернаты» деп аталатын болды. Шәмша Көпбайқызы Қызылордадағы педучилищені, одан соң Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын бітірген. Алғашқы қадамын ауыл мұғалімі болып бастаған ол, өзінің талантымен, ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығымен тез көзге ілініп, үздіксіз өрлей түседі. Алматы облысының білім саласын, республикалық білім министрінің орынбасарлығын, артынан Білім және ғылым министрі, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры секілді маңызды қызметтерді атқарды. Оның әсіресе тәуелсіздіктің елең-алаң кезінде елдің ғылым-былым саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол мемлекеттігімізді алғашқы болып мойындаған Түрік Республикасымен болған қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлді. Қазақ-Түрік лицейлерінің ашылуы мен жұмысын жолға қоюда қолдаушылық танытты. Оның осындай жанқиярлықпен еткен еңбегі ел есінде. Соның нәтижесі ретінде үздік оқу орны, дарынды шәкірттердің білім ордасына Шәмша Көпбайқызының аты берілді. Шараға Астанадан Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мырза, «Білім-инновация» лицейлері жүйесінің қор президенті Дарқан Өте, Алматы облысы білім басқармасының басшысы, тағы да Асқар Жұмаділдаев бастаған ғалымдар, Нұрдәулет Ақыш, Нағашыбек Қапалбек бастаған жазушылар, Зейнеп Ахметова секілді әз әжелер, өзге де аты белгілі зиялы қауым өкілдері, Шәмша апаның туыстары, газет-журнал, радио-телеарналардың журналистері көп жиналды. Алматыдағы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Сүлеймен Демирель атындағы университет секілді жоғары оқу орындарының ректорлары келіп құттықтап, мектеппен бірлесіп жұмыс істеуге ниет танытты. Лицейге жаңа атау беріліп, лентасы қиылды. Сонымен, 10 қазаннан бастап Алматыдағы қыздар лицейі ендігі жерде Шәмша Беркімбаеваның есімімен аталатын болды.