Жас ғалымның жаңалығы

Жас ғалымның жаңалығы

Қытайдың ұлы реформаторы Дэн Сияопиннің ел ішінде ұран болған «Ғылым мен техника – бірінші өндіргіш күш» дейтін әйгілі сөзі болған еді. ҚХР құрылғаннан бері қарайғы 30 жылдың көлемінде Мао көсемнің нұсқауларымен ғана өмір сүріп жатқан Қытай еліне мұндай сөз жаңа ой, жаңа идеялардың өмірге келуіне мұрындық болды. Әйтпегенде Маоның «адам болса барлығы да болады, адам көп болса, күш те көп болады» деген ұраны астында дүниенің шыңына қалың еңбекшінің қызыл қолымен өрмелеп шығуды мақсат етіп, адамының көптігіне сеніп, күрек пен кетпенге ғана серт байлап жүрген ел еді Қытай жұрты. Дэн Сяопиннің көрегендігі арқасында талай реформа жасалып, тыңға түрен салған қытайлар қазір әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің біріне айналды. Олар ғылым мен білімге иек сүйегенде ғана алға ілгерілеуге болатындығын анық түсініп, соған ден қойды. Бұл Қазақстан үшін де үлгі алар тәжірибе дер едік. Иә, біздің жас мемлекетіміз де әлемдік үрдістерден шет қалған жоқ. Өзінің дара жолын қалыптастыруға тырысып жатыр десек артық болмас. Сол қатарда ғылым мен білім саласын дамытуға бағытталған жобалардың біразы қазір өз жемісін бере бастады. 

2020 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы салаға мықтап көңіл бөлу керектігін айрықша атап өткен еді.

«Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Осыдан кейін бұл іске кіріскен жауапты мекемелер бұл тапсырманы орындауға кірісті. Қажетті қаржы көлемі мен гранттар саны секілді маңызды түйіндер анықталды. Ақордадан таралған сенімді ақпараттар бойынша, Президент алға қойған бұл міндетті жүзеге асыру үшін «Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін ғалымдарға бөлінген 500 грантты қаржыландыру үшін 1,35 млрд теңге, «Жас ғалым» жобасы аясында байқауды қаржыландыруға 3 млрд теңге бөлу мақұлданғаны» белгілі болды. 

Содан бері бұл бастама жақсы жүзеге асып келеді. Қазір бұл жобаларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҰМҒТСО АҚ жауапты болып отыр. Осы бастама аясында жыл сайын өтінімдер қабылданып, ұсыныстар сарапқа салынып, қаржы бөлініп жатыр. Бұл мемлекетіміздің ғылымды насихаттау және халық арасында отандық ғылыми жетістіктерді ілгерілету, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру үшін атқарылып жатқан тың бастамаларының бірі ретінде тарихқа енді.

Мемлекеттің осындай қолдауы арқасында қазір ғылымның түрлі салаларында жаңа жобаларды қолға алған жас ғалымдар өз жобаларын қорғап жатыр. Біз шағын мақаламызда сондай игі істің біреуін оқырман назарына ұсынғалы отырмыз.

Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған 2022-2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша «жас ғалым-постдокторанттардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыру» конкурсында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 5 бірдей жас ғалымы әрқайсысы 19 миллион теңгенің грантын жеңіп алыпты. Солардың бірі «Құрылыс және материалдар өндіру» кафедрасының аға оқытушысы Нұржан Шаншабаевтың ғылыми жетекшілігімен жасалған «Фибробетонды полиберікті қағылмалы пирамидалы-призмалық қадалар дайындау» жобасы. Оның ерекшелігі беріктігінде екен. Соққыға төзімді әрі жарылмайтын бұл материалдың ішіне темір қалдықтары мен сымдар қосылып жасалатын көрінеді. Жас ғалым мұндай бетондарды іргетас құюға пайдаланудан бөлек ұзындығы 3 метрден 12 метрге дейін болатын түрлі қадалар дайындап шығарған. Олардың жасаған қадаларының пішіні де дәстүрлі қадалардан өзгеше- пирамидалы-призмалы болса, кейінгісінің кеңейтілген бөліктері бар. Мұндай қадалар жер сілкінісі кезінде де құрылыстың бүлінбеуіне себеп болатын көрінеді. Өйткені  жер сілкінісі кездерінде ғимарат іргесіндегі жерге қағылған қадаларда суырылу қаупі туғанда пирамида пішінді бөліктері ондай жүктемені азайтады екен.

«Қазір біздің ұсынып отырған іргетастардың қасиеті дәстүрлі іргетастарға қарағанда 5-6 есе көп жүк көтере алады. Яғни беріктігі жоғары. Одан бөлек арматураның шығындары аз болатындықтан, материалдан үнемдеп, қаданың бағасын арзандатуға болады. Зерттеп жатқан қадалық іргетасымыз дүниежүзінде баламасы жоқ деп айта аламын», – дейді жас ғалым.

Нұржан Шаншабаев осы жоба негізінде докторлық диссертация қорғауға дайындалып жатыр екен. Ал алдағы уақытта бұл жаңалығын онан ары жетілдіре түсіп, өндіріс саласына қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Себебі мұндай қадалар қолданылған ғимараттарда бағаны 15 пайызға дейін арзандатуға болатын көрінеді. Жер сілкінісі жиілеп кеткен соңғы уақытта құрылыс саласына қойылар талаптың күшейіп келе жатқандығын ескерсек, отандық ғалымдардың еңбегі алдағы уақытта әлемді мойындатады деген сеніміміз бар. 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
06.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 133
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 131
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 647
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 765
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 680
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 690

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8827
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8225
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11452
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9209
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10436