Ақиқаттың кешігіп емес уақытында айтылғаны, ашылғаны керек. Әділдік дер кезінде орнамағандықтан, «опық жеп», «бармақ тістеп» қалатын кездеріміз көп. Әсіресе біздің елде әділет үнемі кешігіп жүретіні жасырын емес. Ақиқат айтылады дегенше, қаншама адам өміріне, психикасына салмақ салатынын ескермейміз. Құқық саласындағы жауапсыздық пен сауатсыздық салдары қаншама тағдырды талқандап, қаншама өмірдің тар қапаста өксікпен өтуіне себеп болып отырғанын да жасырмауымыз керек.
Көптен бері нақты айтсақ, былтыр наурыз айынан бастап өзіміз, яғни «Qazaqstan dauiri» газеті мен elana. kz сайты ұжымы араша сұрап, әділдік төреші болса екен деп тілекші болған Әліби Өтепберген ісі де ақиқаттың ақ таңы атар деген үміттен әлі күдер үзген жоқ. https://www.elana.kz/82-51-7-2/
Бұл мәселені шешу біздің құзырымыздағы шаруа емес екенін түсінеміз. Бірақ «Аққа Құдай жақ» деген сөз бар емес пе? Бауыр еті баласының жарқын болашағынан үмітті әкенің жанайқайын жоғарыға жеткізу парызымыз. Жалған жаланың құрбаны болып, жас өмірі тар қапаста өксікпен өткен Әліби ісінде ешқандай қылмыс дәлелденбеді. Себебі ешқандай қылмыс құрамы жоқ. Бұл факт. https://m.facebook.com/story. php?story_fbid=318396086525067& id=100050640353490
Бұл сот сараптамасы дәлелдеген факт! Иә, бізді қайталап жазудан жалықтырмайтын нақты дәлелденген факт. Арыз балалардың ойдан құрастыруымен жазылып, қылмыстық іс қозғалған, алайда балалар өтірік айтқандарын мойындап, жалған сөздерін қайтарып алғаннан кейін ешқандай қылмыс құрамы анықталмаған. Қылмыс болмаса, Әліби жалған жаламен жазықсыз сотталып, неге түрмеде отыр? Неге құзырлы орган тергеу ісінде ағаттық кеткенін айтпайды? Неге әділдіктің салтанат құруына мүдделі болмай отыр? https://m.facebook.com/ story.php?story_fbid=316761323299549& id=100048970521710
Біздің қолымызға қайта-қайта қалам алдырып, жанымызға тыныштық бермейтін жалғыз сұрақ осы. Мұндай әділетсіздікке, безбүйрек, қаныпезерлікке жол беріп отырған кім? Әлібиді неге бостандыққа жібермейді?
Абзал Құспан: «...Жоғарғы Сотқа хат жазғанда «Егер адвокат сауатсыз болатын болса немесе адвокат (зланамеренно) істі өз мақсатына пайдаланатын болса, жазықсыз адамдарды соттап жібере беру керек пе?» деп анық көрсетіп жаздым, айттым. Іс бойынша неше түрлі сот сараптамалары өткен. Тергеуші соттардың тағайындау туралы қаулысымен таныспаған, тіпті қорытындысымен де таныспаған. Заң бойынша тергеуші сот сараптамасы тағайындаған қаулымен, қорытындымен таныстыруға міндетті. Басынан бастап уақытында сот сараптамаларына назар аударған болса, алғашқы кезде-ақ көп нәрсе өзінен өзі шешіліп қалған болар еді. Іс басталғанда өтірік көп айтылды. Кейін ақырындап жұмсарып келе жатыр. Негізгі адамның «қарнын ашыратын» тұсы – адвокаттар тарапынан процессуалдық әрекетсіздікке (процессуалное упущение) жол берілуі. Сол жіберілген олқылықтардың зардабын біз әлі тартып келеміз», – дейді.
Яғни ҚР Жоғарғы Соты да, ҚР Бас прокуратурасы да қылмысқа дәлел болар ешқандай фактінің жоқтығынан, сот сараптамасына сәйкес Әліби ісінде ешқандай қылмыс құрамы дәлелденбегенін, яғни ұйымдастырған бала туралы нақты дерек бар екенін, қылмыс балалардың сөздерінен құралғанын, балалар өз сөздерінен бас тартқаннан кейін, қылмыс құрамы жоқ екенін біліп отыр. Ендеше сауатсыздық пен жауапсыздық салдары ескеріліп, Әліби ақталуы керек қой. Тағы бір ескерілуі керек мәселе, Абзал Құспанның айтуынша, балалар арызды қазақша жазған, ал сот сараптамасын жасағандар қазақша мүлде білмейді. Егер арыз қазақша жазылса, сот қазақша болса, сот сараптамасы мен сотқа неге орыс тілді сарапшылар араласқан? Тергеуші тергеу барысында заң бойынша сот сараптамасы тағайындаған қаулымен, қорытындымен таныстыруға тиіс міндетінен неге жалтарады? Неге? Демек құзырлы орган әділдіктің салтанат құруына мүдделі емес. https://m.facebook. com/groups/2311275672530253/ permalink/2903889973268817/
ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа, ҚР Бас Прокуратурасына, ҚР Жоғарғы Сотына қайта-қайта Үндеу де, өтініш-арыз да жазылды. Бірақ селт еткен ешкімді көрмедік. «Халық үнін еститін» Үкіметтен жауап жоқ. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген. Әліби ісінде жеңұшынан жалғасқан сыбайластықтың «иісі» бар. Жазықсыз жанға жала жапқан істерінің былығын бүркемелеу үшін, ақиқатты айтпайды. Бұл шындықтың беті ашылса, кезінде Әліби ісін тергеген соттың, сол кезде жұмыс істеген құқықтық сала қызметкерлерінің жауап беруіне тура келеді. Өз құзырындағы істің ақ-қарасын ажыратуда сауатсыздық пен жауапсыздыққа жол бергендердің аймандай беті ашылады. https://www.facebook.com/ aldiyar.tabishov
«Сот жүйесіндегі әділетсіздікті жоймай, әділетті қоғам орнату мүмкін емес! Реформа керек!.. Біздің соттардың көзіңді бақырайтып қойып әділетсіз шешімдерді шығара салатынын талай көріп жүрміз... Менің ұсынысым: Бірінші сатыдағы соттың шешімі екінші сатыдағы аппеляциялық сотта күші жойылатын болса, онда, сол бірінші сатыдағы судьяға шара көрілуі керек. Жылына екі рет сол судьяның шешімі жоғарыдан бұзылатын болса, ол судьяны жұмыстан босату керек. Олай біліктілігі жетпейтін судьяның адам тағдырына қатысты мемлекет атынан үкім шығаруға хақысы жоқ», – дейді Рүстем Есімханұлы. https:// www.facebook.com/100021167602371/ posts/920481532000758/ Бұл да шындық.
Бүгінде Әліби ісінің басы-қасында заңгер Абзал Құспандай азаматтың жүргені көңілге демеу. Кеше ғана қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, түрмелерде азап пен қорлықтың адам нанғысыз зардабын тартқан азаматтарға араша болса екен деп, Абзалды халық қалады. Абзал өзі де халыққа үндеу жолдап, Үкімет дереу естіп, Абзал бастаған «Аманат» атты қоғамдық комиссия құрды. Халықтың алғысын алғанын ақпарат беттерінен көріп отырмыз. Әлі де ісіне сәттілік тілейміз. Әркез жылағанның көз жасын сүртіп, жабырқағанға жан жылуын сыйлап, сүрінгенге бағыт-бағдар беріп, адамгершілігімен, жауапкершілігімен, құқықтық сауатымен халықтың қамқоршысына айналған Абзалға артар сеніміміз, үмітіміз зор. Үнемі жақсылықтың жаршысы бола білген Абзалды Әлібидің тағдыры да бей-жай қалдырмайды. Әділдікке, әділетке ұмтылған жүрегінің бір қалтарысында Әлібидің бүгінгі халіне алаңдаушылық бар екенін сеземіз. Түбі ақиқаттың айтыларына сенеміз. Әділет үшін күресетін Абзалдың білімі мен білігіне үміт артамыз.
Түйін: Өкініштісі Әлібидің құқығын қорғау бойынша жарғақ құлағы жастыққа тимей, дамылсыз шырылдап келе жатқан жанашыр топтың сот сараптамасы дәлелдеген ешқандай қылмыс құрамы жоқ жалған жаланы заңмен қорғай алмауы. Өкініштісі сауатсыздық пен жауапсыздықтың кесірінен өз елінде әділдік таппай, қараңғы қапаста өмірі өксіген жасқа араша сұраған халық үніне құзырлы органдарының селт етпеген меңіреулігі. Дегенмен үкілеген үміт бар. «Халықтан биік ешкім жоқ», «Халық қаласа, хан түйесін сояр» деген қазақтың ұрпағымыз. Халық қалауы – Әлібидің бостандығы. Әлібидің ақталуы! Әліби ерте ме, кеш пе ақталары ақиқат. Дегенмен ақиқат дер кезінде айтылса деген тілек бар. «Нар жолында жүк қалмас» деген. Абзал Құспан қолға алған істе әділдік орнауы тиіс!