Атырауда «Денсаулық, қауіпсіздік және психологиялық тұрақтылық – жастардың болашағы» атты форум өтті. Шара «Заң және тәртіп» бастамасы аясында ұйымдастырылды. Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында жыныстық сауатты арттыру, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ақпараттандыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және құқықтық сауатты күшейту.
Шараға 14 пен 35 жас аралығындағы 300-ден астам жас қатысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, форумда уролог, психиатр, гинеколог дәрігерлер және киберқылмыстың алдын алу жөніндегі мамандар сөз сөйледі.
– Форум барысында репродуктивті денсаулық, агрессияны басқару, эмоциялармен жұмыс істеу мәселелері қозғалады. Біздің мамандар осы бағыттарда жастармен тікелей жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ сенім жәшігі орнатылды, бұған жастар өз пікірін жасырын түрде жазып қалдыра алады. Бұл бізге алдағы уақытта қай бағытта жұмыстану керегін анықтауға мүмкіндік береді, – деді Қ. Абдалиев.
Атырау облысы жастарының арасындағы өзекті мәселелер қатарында ерте жүктілік, лудомания, гаджетке тәуелділік бар. Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдардағы көрсеткіштерде оң динамика байқалады. «Самға» жастар орталығының жетекшісі Әлішер Талғаттың айтуынша, бұған мамандардың біліктілігін арттырып, оны тәжірибеде тиімді қолдануы ықпал етіп отыр.
– Атырауда жастар денсаулығы орталықтары қызмет етеді. Оның бірі – №6 қалалық емхана базасындағы «Самға», екіншісі – №7 емхана жанындағы «Сенім» орталығы. Былтыр біздің орталықта ерте жүктіліктің алдын алу бағыты бойынша екі жағдай тіркелді. 2024 жылы бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болған еді. Орталықтың қызметі тек жасөспірімдерге емес, жастармен жұмысқа да бағытталған. Егер былтыр жыныстық жолмен берілетін инфекциялар көрсеткіші 21% болса, биыл 17%-ға дейін төмендеді. Бұл жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін көрсетеді, – дейді ол.
«Сенім» жастар денсаулық орталығының мәліметіне сәйкес, 2024-2025 жылдары жастар арасында АИТВ тіркелмеген.















