«Жастар қалқаны – 2026» облыстық байқауы өтті

«Жастар қалқаны – 2026»  облыстық байқауы өтті

Орал қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында «Жастар қалқаны-2026» атты облыстық байқау өтті.

Бұл туралы хабарлаған қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының мамандары шараны Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығымен бірлесіп ұйымдастырғандарын жеткізді. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылған бұл байқау жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталды. 

– Басты мақсатымыз – жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту және ақпараттық сауаттылықты арттыру. Сонымен қатар қатысушылардың шығармашылық әлеуетін ашу және ұлттық құндылықтарды дәріптеу де – басты назарда. Биылғы байқауға облыс бойынша 13 оқу орнының студент жастары қатысып, екі бағыт бойынша бақ сынасты, – дейді қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дәурен Шамұратов. 

Байқаудың алғашқы күні «Жастарды діни сауаттандыруға бағытталған әлеуметтік жобалар» сайысымен ашылды. Мұнда қатысушылар өздерінің жобаларын ұсынып, жастар арасындағы өзекті мәселелерге қатысты нақты шешімдері мен тың идеяларын ұсынды. Әсіресе, ақпараттық қауіпсіздік, жалған ақпаратпен күрес, толеранттылық пен бейбітшілік құндылықтарын насихаттау бағытындағы бастамалар мазмұндылығымен ерекшеленді. Қазылар алқасы жобалардың өзектілігіне, жаңашылдығына және практикалық маңыздылығына айрықша басымдық берді. Соған сәйкес жүлделі орындар белгіленді. Атап айтқанда, ауқымды жобаларымен ерекшеленген Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенттері бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынды Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің білім алушылары иеленсе, үшінші орынға Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі мен Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің ұсынған жобалары лайықты деп танылды.

Бұдан әрі шараның екінші күні «Ұлы тұлғалар» тақырыбындағы театрландырылған көрініс сайысымен жалғасты. Сайыс барысында жастар сахналық қойылымдар арқылы қазақ халқының ұлы тұлғаларының өмірі мен еңбегін жаңаша қырынан таныстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеді. Бұл кезеңде қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін, сахналық мәдениеттері мен актерлік шеберліктерін жоғары деңгейде танытты. Бұл күні де өз өнерлерімен дараланған колледж студенттері жүлделі орындармен марапатталды. Соның ішінде Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі командасы бұл сайыста да жеңіс тұғырынан көрінді. Ал екінші орын Теректі колледжіне бұйырса, үшінші орынды Республикалық жоғары техникалық колледжі мен жоғары инженерлік-технологиялық колледжі жастары өзара бөлісті.

Облыстық деңгейдегі іс-шараға қатысқан жастар алған әсерлері керемет екенін жасырмады. Олар үшін бұл шара өз ойларын ашық жеткізіп, заманауи мәселелерге қатысты көзқарастарын білдіруге, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін шыңдауға үлкен мүмкіндік болғанын жеткізді. 

– Жалпы «Жастар қалқаны – 2026» облыстық байқауы жас буынның жан-жақты дамуына, олардың қоғамдағы өзекті мәселелерге бей-жай қарамайтын белсенді буын ретінде қалыптасуына ықпал ететін маңызды алаң екенін көрсетті, – дейді ұйымдастырушылар.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

БҚО, Орал қаласы

 

16.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24567
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24227
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41680
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37572
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41950