Бүгін Ескі-Шу ауылдық округінде орналасқан «Ақ жайлау» демалыс орнында Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Салт-дәстүрім- сарқылмайтын байлығым» атты облыс жастары арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыс өткізілді. Аталған шара Төле би Әлібекұлының 360 жылдығына арналып отыр.
Сарысу, Байзақ, Жамбыл, Қордай аудандары мен Шу қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысқан жарыстың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ өңірлік ішкі саясат бөлімінің басшысы Балаби Түменбаев, аналар алқасы қоғамдық құрылымының төрайымы Айжан Иманова, Мәдениет саласының үздігі Нұрболат Іңкәрбековтер шараның қонағы ретінде қатысып, бес кезеңнен құралған сайысқа қазылық етті.
Ең алдымен білекті жігіттер аударыспақтан өзара мықтыны анықтап алса, кейін қол күресі сынынан бәсекеге түсті. Қол күресінен қыздарда осалдық танытпағанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ олар бастарына ақ жаулық тағып қамыр илеп, бауырсақ пісіруден жарысып жатты. Мұнан кейін жігіттер жағы арқан тартып, шара соңында халық әндерін орындады.
Тартысқа толы сайыста Байзақ ауданы I орын, Жамбыл ауданының жастары II орын алды. Сарысу жастары үздік үштікті түйіндесе, Шу қаласы мен Қордай ауданының жастары белсенділігімен көзге түсті. Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Сананы серпілтіп, өзара әріптестікті нығайтқан шараға қатысушылар ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.