Жуырда Орал қаласындағы белсенді жастар ұйымдарының өкілдері мен білім ордаларының жанынан құрылған бірлестіктердің мүшелері қала әкімімен кездесу мүмкіндігіне ие болды.
Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шаһар басшысы Миржан Сатқанов облыс орталығындағы волонтер жастармен кездесті. Бүгінде әртүрлі бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар атқарып жүрген елуге тарта ерікті жас қала басшысына сан алуан сауалдарын жолдап, көкейлеріндегі ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, шаһарда медициналық волонтерлықты дамыту, ерікті жастар арасында спартакиадалар ұйымдастыру, волонтерлықпен айналысатын барша ұйымдардың басқосуымен үлкен жобаны жүзеге асыру сынды ой-пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде қала әкімі Миржан Мұнайдарұлы белсенді жастардың ұсыныстары қаперге алынатынын жеткізіп, жастарға алғысын білдірді. Сонымен қатар кездесу барысында қала бойынша әртүрлі қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, еріктілер қозғалысын дамытуға өз үлестерін қосып жүрген жастар қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.