Жастарға сенген Мағжанның үміті ақталды ма?

Жастарға сенген Мағжанның үміті ақталды ма?

Оқырмандарын баурап алатын отты өлеңдері бүкіл қазақ жұртшылығының, әдебиет әлемінің ең құнды мұрасына айналған әдебиетіміздің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл – 130 жыл. Қазақ поэзиясының падишасына айналған ол – қазақ қоғамының болашағы үшін аянбаған күрескер ақын. М.Жұмабаевтың төл туындылары саны жағынан да, сапасы жағынан да шоқтығы биік шығарма болып табылады. Жастайынан оқу-білімге, өнерге жаны құштар Мағжан қазақ қоғамын елдікке, бірлікке, білім мен өнерге шақыра білді. Бүтіндей ғұмырын ағартушылыққа, елінің игілігіне арнап, сол жолда қызмет етті және сол жолда жан тапсырды.

«Мен жастарға сенемін!» – деп жырлаған Мағжанның өлеңдерінен ыстық қайрат пен жалынның лебі есіп тұрғандай көрінеді. Ол қайратты да айбатты болашақ ұрпаққа көп сенім артты. Қиын-қыстау күндердің артта қалып, қараңғылық торлаған аспанда ағарып таң атып, жадырап күн шығарына сенді. Әрине, ол сенген бақыт қазақ аспанына орнады да. Дегенмен, «Ақынның үміті ақталғанымен, өзі толықтай ақталды ма?» деген сауал мені жиі мазалайды.

Мағжан есімін ақтау 1958 жылы қолға алынғанымен, тек 1960 жылы толықтай жүзеге асырылған екен. Бұл жөнінде мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаева басылымдардың біріне берген сұхбатында айтқан еді. Оның айтуынша, кеңестік дәуірде жастарға Мағжан «құбыжық» етіп көрсетілген. «Кейін білдік қой олай еместігін» – дейді зерттеуші. «1986 жылы желтоқсан көтерілісі болғанын білесіз. Байтұрсынов атындағы тіл институты мен Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты толған репрессия тұтқындары еді. М.Қаратаев он жыл, Б.Ысқақов бес жыл абақтыда отырған, солардан көрді, сендер кек алдыңдар деп. Мәскеуден келген КГБ өкілдері оларды түгел жұмыстан шығарып, институтты «тазартып» шықты. Қайтадан кадр жинау керек еді. Диқан Қамзабек, Гүлзия Пірәлиева, Құлбек Ергөбек сияқты бірнеше талантты жасты Әуезов институтына алды. Мен де солардың қатарында фольклор бөліміне кірдім.

1988 жылы Мағжан ақталды. Арыстар жарыққа шығып, зерттей бастадық. Жетекшілеріміз тақырып берді. Бірақ ешбірі Мағжанға жоламай қойды. Жай ғана мақтағанда түбін түсіреді, бірақ жеме-жемге келгенде, ешқайсысы зерттеуге алмады. Осы ойымды Серік Қирабаевқа айттым. «Не істейсің сен?» – деп өзіме сұрақ қойды. «Бақыткамал-ау, қалқам-ау, жігіттер қорқып жатқан дүниеге екі кішкене балаңыз бола тұрып сіз қалай барасыз», – деді. «Көрейін» деп қоймадым. Мағжанға осылай келдім. Өмірімде 10 кітап жазсам, соның төртеуі Мағжанға арналды» – дейді мағжантанушы.

Зерттеушінің айтуынша, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Әуезов бастаған Мәскеудегі «Жас тұлпар» ұйымының мүшелері Алматыға келіп, Мағжанның әйелі Зылихадан ақын шығармаларын алады. Машинкамен 20 данасын басып, жасырын таратады. Мұқағалилар сонда барып, Мағжанмен танысады. Соның әсерінен Мұқаң «Оятайық ақынды» деген өлең жазады. «Ағалар, Мағжанды ақтауға көмектесіңдер» деген сөз ғой. Ағалар қайдан тыңдасын? Егер Мағжанды оятса, портреттердің орны ауысады ғой. Өздерінің орнына Мағжандар келеді. Әбділдә Тәжібаевтың «Портреттер» деген шығармасы бар. «Ол портреттер келгенде, біз ығысамыз» деген ой бар ол өлеңде. Расында да, солай болды» – дейді.

Мағжан шығармаларын жарыққа шығару мақсатында 1995 жылдан бастап М.Базарбаев, С.Қирабаев, Х.Абдуллин, Ш.Елеукенов, Б.Дәрімбет, Ш.Сариев сияқты ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде ақынның 3 томдық шығармалар жинағын шығару ісі қолға алынған. Дегенмен, Бақыткамал Қанарбаеваның айтқанындай, Мағжанды құр сөзбен «Қазақтың әдебиет аспанындағы жарық жұлдызы», «Поэзия падишасы» деп әспеттесек те, Мағжан есімі өзіне лайық биігіне әлі де көтеріле қойған жоқ. Оған дәлел, Алматы мен Петропавл қалаларында ақынның есіміне бір көшенің атауы берілсе, туған өлкесі Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданына ақынның есімі берілген.

Сондай-ақ, Петропавл қаласы мен туған ауылында ескерткіш орнатылған. Міне, елімізде Мағжан рухына арнап көрсетілген бар құрмет-қошемет осы ғана. Менің ойымша, бұл, әрине, аз. Ең қарапайым мысал, еліміздің түкпір-түкпірінде орыс жазушысы М.Горькийдің атында қаншама мектеп бар. Ал Алаш үшін жанын қиған Мағжанның атында бар-жоғы екі-ақ көше бар. Бұл – басқаны қойғанда, Мағжан сенім артқан жастарға сын емес пе? Мұқағали айтқандай, ақынды оятпасақ болмайды. Қазіргі таңда көшеге кімнің аты берілмей жатыр?

Мен сенемiн жастарға,

Алаш атын аспанға.

Шығарар олар бiр таңда,

Мен жастарға сенемiн! – деген ақынның рухынан ұят болмасын.

 

Салтанат РАХМЕТУЛЛАҚЫЗЫ, Ақтоған орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Т.Рысқұлов ауданы
21.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 98
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 617
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 735
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 647
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 656

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8791
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8192
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11419
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9173
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10404