Оралда өткен аптада жалпықалалық санитарлық-экологиялық айлығы басталды. Басты мақсат – шаһар аумағын тазалау, көгалдандыру және абаттандыру.
Орал қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес ағымдағы жылдың 8 қазанында басталған санитарлық-экологиялық айлық осы айдың 29-ына дейін жалғасады. Сонымен қатар арнайы штаб құрамы бекітіліп, сенбілік өтетін аумақтарға жауапты адамдар белгіленді. Айлық барысында санитарлық-карантиндік шараларды қатаң сақтау қажеттігі де ескертілді. Әр сенбі сайын ұйымдастырылатын тазалық іс-шарасына меншік нысанына қарамастан облыс орталығындағы кәсіпорындар мен ұйымдар, жеке тұрғындар жұмылдырылатын болады.
Қазанның 8-жұлдызында өткен алғашқы сенбілікте жасыл қаламызды түрлі күл-қоқыстан тазарту және ағаш отырғызу жұмыстары жасалды. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, белгіленген үш аумақ жасыл желектермен толықты. Мұндай жұмыстар әр сенбі сайын жалғасын табады.
Санитарлық-экологиялық айлықта жастар да белсенділік танытып, жақсы жұмыс атқарды. Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студент жастары айлық аясында ел жастарының бастамасымен қоршаған ортаны аялау мақсатында жарияланған «EcoStudentKZ» экологиялық жастар челленджіне қолдау білдірді. Сенбілікке шыққан 500-ден астам студент университет аумағын, мемлекеттік маңызы бар Орал-Саратов тас жолының бойын және қала бойынша өздеріне бекітілген аумақтарды күл-қоқыстан арылтып, табиғатта аялауға үлес қосты. БҚАТУ жастары аталған экологиялық челленджді Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне жолдады.