Биыл – Қазақстан полициясына 30 жыл. Осыған орай Орал қаласындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында мерекелік іс-шара өткізілді.
БҚО Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ұйымдастырған мерекелік кешке департаменттің жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері мен шақыртылған қонақтар қатысты. Кеш тізгінін алған жүргізушілер кәсіби мереке иелерін құттықтап, құттықтау сөз кезегін департамент бастығының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Асқар Тілегеновке ұсынды. Департамент басшысы әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, сала қызметкерлері жауапты да салмақты қызметтің жүгін арқалап жүргенін атап өтті.
Бұдан әрі бір топ қылмыстық-атқару жүйесі қызметкеріне жаңа шендері табысталды. Сонымен қатар өз қызметтерін адал әрі абыроймен мінсіз атқарып жүрген мамандар түрлі марапаттар иеленіп, құрмет-қошеметке бөленді. Шара барысында қатарға жаңадан қосылып, белсене қызмет атқарып жүрген жас қызметкерлердің ата-аналары да елеусіз қалмады. Ішкі істер органдарының ардагерлері қатысушыларға өз тілектерін жеткізіп, құқық қорғау саласындағы іс-шараларға белсенді түрде өз үлестерін қосып жүрген қызметкерлерді марапаттады.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, өңірімізге танымал өнерпаздар патриоттық әндер орындады.
– Мен бұл салада 2018 жылдан бері қызмет атқарамын. Мерейлі мерекеде қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне осындай көңіл күй тарту еткеніне қуаныштымын. Бүгінгі алған марапатымыз біздің өз жұмысымызға деген жауапкершілігімізді күшейте түсті. Барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын, – деді департаменттің пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Серік Джумагазиев.