Қараша айының алғашқы аптасында елордадағы іргелі оқу орны – Еуразия ұлттық университетінде астанадағы «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған «Желтоқсан – 1986: Азаттық рухы және отаншылдық құндылығы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияға еліміздің әр өңірінен Желтоқсан қоғамдарының өкілдері қатысты.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ экономика факультетінің профессоры, елордадағы «Нағыз желтоқсан» қоғамының өкілі Бауыржан Қайранбекұлы «Желтоқсан көтерілісінің студент-жастарға берер тағылымы» тақырыптағы баяндамасында желтоқсан көтерілісінің жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, ана тілін ардақтауға, отанына адал қызмет етуге берер тағылымы мол екенін тілге тиек етті.
Арада 35 жыл өтсе де, олардың ақталып, әділ бағасын алуы оңай тимей жатыр. Көптеген желтоқсаншылардың құжаттары жойылып кеткен. Кезінде жоғары оқу орындарында оқытушылар студенттерге аласапыран кезеңнің салқыны тиіп кетпесін деп алаңда түскен кейбір суреттер мен жиналыста қарап, сөгіс берілген хаттамаларды, айғақ болатын деректерді өртеп жіберген жағдай болған. Алаңда ауыр жарақат алып, ауруханада жатып шыққаны жөнінде анықтаманы да алмай кеткен жастар қаншама. Талай жыл өтті. Оны ешқашанда архивтен таба алмайсың. Өз басымнан мысал келтірейін. Мен 1986 жылдары ҚазМУ-де оқығаным жөнінде анықтама алдым. Бұл аздық етеді. Алаңға барғаным үшін қатаң сөгіс беріп, комсоргтан алып тастағаны жөнінде толтырылған хаттаманы қайдан таба аласың?!
Сондықтан елдің ертеңіне алаңдап алаңға шыққан әрбір желтоқсанға қатысушыға көзі тірі куәгерлерді негізге ала отырып, ақтап шығудың жолдарын жеңілдету керек. Бұл күні бүкіл облыста, қалада желтоқсан қоғамдары жұмыс істейді. Олардың төрағалары қоғамға мүше болып енген адамдардың тізімін беріп, үкіметтен «Желтоқсанға қатысушы» деген мәртебе беру керектігін талап етіп жатса да, іс алға жылжымай отыр.
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің қолдауымен Желтоқсан батырларының ерліктерін, еңбек жолдарын, жетістіктерін келер ұрпаққа насихаттау мақсатында «Астана ақшамы» газетіне есім-сойы жазылған тізім ұсынылып, алды газет бетінде жарық көріп жатыр. Колледж, мектептерде кездесулер өтуде. Қалалық конференцияда Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов модератор болды. Осылай атқарушы билік желтоқсаншылармен қоян-қолтық жұмыс жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.
«Желтоқсан» республикалық отаншылдық қозғалысының төрағасы Кенже Отарбаев, «Қайсар жүрек» қоғамдық қорының төрайымы Шара Ергебаева, «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының төрағасы Құрманғазы Рахметов, «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының төрағасы, зерттеуші-қаламгер Болат Төлепберген және тағы басқа азаматтар желтоқсан жайының күнгейі мен көлеңкесі жайында нақты деректер келтіріп, тұщымды пікірлерін ортаға салды.
Конференциядан кейін қонақтар «Алжир» мұражай-мемориалдық кешеніне барып, тарих қойнауына ой жүгіртті.