Көптен күткен мұндай жаңалық әлеуметтік желіде болсын, халық аузында болсын, тез тарап, сан қилы әңгімелерге арқау болды. Кейбіреулер бұған сенбей «баяғы спектакль ғой» десе, енді базбіреулер «адал шенеунік те бар екен ғой» деп сүйсінген. Кім не десе о десін, бұл көзайым хабардың жақсылығы басым. Бір миллион тұрғыны бар алып қаланың әкімі осындай батылдыққа, адалдыққа баруы елең еткізер оқиға, яғни сенсация деуге әбден болады. Және бұл оқиға қай жерде болып жатыр дейсіз ғой? Техас атанған Шымкент қаласында. Бұл аты аңызға айналған қала жайлы, оның тұрғындары жайлы әпсаналар көп. Көбінесе әзіл-қалжыңға малынған өсек-аяң бүкіл әлемге тарап кеткен. Естігенде жымиясың, көңілденесің. Бәрі шымкенттіктерге жарасып тұрады. Дегенмен жемқорлықтың, парақорлықтың ұясы, көзі ретінде суреттелетіні көңіліңе қаяу түсіреді. Бірақ шындық солай. Алайда сол өсек-аяңды жоққа шығаратын бір алапат күш бар. Ол – «техастықтардың» еңбекқорлығы. Ол кез келген жерге судай сіңіп, мидай араласып кететіндігі. Осы арқылы күндердің күнінде Астананы жаулап алғандай ада адалдығымен Шымкенттегі бауырлар бүкіл төрткүл әлемді жаулап алатыны сөзсіз.
Шырайлы Шымкент жайлы мұншама кеңінен айтып жатқанымыздың себебі оның әкімі Ғабит Сыздықбек жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті білегін түріп, бастап жіберді. Көп жұрт әрқилы пікірлер жазып жатқанын көріп, «бұл әкім не айтты екен?» деп фейсбуктен арнайы іздеп тауып, оның әңгімесін тыңдадым. Мәселе ашық түрде көрсетіліп, әлгі өзінің қызметкері тұрғын үй басқармасының бастығын антикорлар бірден ұстап, қолына кісен салып алып кетті. Ғабит бауырымыз бұлай деп әңгіме айтты: «Біз халыққа адал қызмет істеуіміз керек. Халықтың ақшасын жегендер қатаң жазаланады. Мен сендерге жау емеспін. Жемқорлыққа қарсы күресті біз жүргізуіміз қажет. Кім адал қызмет істейді, оған мен қолымнан келгенше жақсылық жасаймын».
Тамаша әрекет, тамаша сөз. Тек ұзағынан сүйіндіргей деп тілек айтамыз. Жалпы жемқорлық біздің елімізде тамыр жайып кеткен. Оның алғашқы дәндерін сепкен, «жемісін» жеген адамдар белгілі. Біз жемқорларды Отанын сатқан қылмыскерлер ретінде қарауымыз керек деп жазып жүрміз. Әкім болу жөнінде де небір әңгімелер бар. Облыс, аудан, ауыл әкімі болу үшін пәлен миллион ақша төлейді екен-міс. Бәлкім өтірік, бәлкім шын. Егерде шын болса, анау қасиетті де жауапты орындарға ақша төлеп кім көрінген отыратыны миға симайды.
Енді мінеки, жаңаша, әділ, шыншыл әрекет жасаушы алғашқы әкім пайда болды. Қалған әкімдер одан үлгі алуы тиіс. Жемқорлықпен күресті бастап жатса, оларды халық қолдайды. Сансыраған экономикамыз орнынан тұрып, қалыпқа келеді. Тазарса, әділетті Қазақстан сонда ғана орнайды. Алға, адал әкімдер! Алға, Қазақстан!