Жеңіс күніне жаңа көзқарас немесе 9 мамыр қандай мереке?

Жеңіс күніне жаңа көзқарас немесе 9 мамыр қандай мереке?

5000 жылда – 5000 соғыс!

Homo sapiens пайда болғаннан бергі уақытта тереңнен игерген кәсібінің бірі – соғыс. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, жер бетінде соңғы 5000 жылда 5000-нан астам соғыс болған. Өз басым осы мәліметке күмәнмен қараймын. Себебі соңғы ғылыми жаңалықтар адамзаттың пайда болу мезгілі 5000 жылдықтан арғы дәуірлерге созылатынын дәлелдеп отыр. Осы дәуірдегі, яғни жазу-сызу пайда болғанға дейінгі соғыс ошақтарын кім есепке алды дейсіз... Ал өткен ХХ ғасырды «соғыс ғасыры» болды десек, артық айтпаймыз. Өйткені адамзат адамзат болғалы, бастан өткерген екі дүниежүзілік соғыстың екеуі де осы ғасырда өтті. 1914-тен 1918 жылға дейін созылған Бірінші дүниежүзілік соғыста 14 млн-нан астам адам (9 млн майдан даласында, 5 млн окупациядан, бомбылау мен аштықтан көз жұмған) опат болса, Екіншісінде (1939 – 1945 ж.ж.) 60 млн-ға жуық адам жер жастанған. Зерттеулерге сенсек, адамзатты бұрын-соңды болмаған тығырыққа тіреген Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлем небәрі 26 күн тыныштықта өмір сүріпті. Өкінішке қарай, үлкен үмітпен қараған жаңа ғасыр да соғыспен басталды. Қазірдің өзінде Жер шарында бір мезгілде екі соғыс жүріп жатыр. Батыс бөлікте орыс – украин соғысып жатса, Шығыста қытай – тайван «сүзісіп» жатыр. Бұл қақтығыс ошақтарындағы лаулаған от жуық арада басылатын түрі көрінбейді. Осылайша екі аяқты, екі қолды адамзат баласы өзінің әуелден соғысқұмар жаратылыс иесі екенін тағы да дәлелдеуде.

Соғыстың аты – соғыс. Соғыста аяушылық деген болмайды. Сен оны өлтірмесең, ол сені өлтіреді. Мысалы Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде орта есеппен әрі алты секунд сайын бір адамның жаны қиылып отырыпты. Осы арифметиканың өзі соғыстың үлкен трагедиялық құбылыс ененін аңғартады. Оның адамзат баласы үшін қаншалықты қайғы-қасірет әкелгенін  бүгінгі көзі ашық, көкірегі ояу ұрпаққа жақсы белгілі. Он екіде бір гүлі ашылмаған талай боздақтар соғыс алаңында  жоқтаушысыз қалды, қан қасапқа қатысқысы келмеген талай жауынгерлер қара тізімге ілініп, «өлім батальондарына» айдалды, жазықсыз жала жабылды, сотсыз-сұраусыз атылды. Сөйтіп қарапайым солдаттарға қисапсыз қиянат жасалды. Қарасаңыз, атағы жер жарған сол сойқан соғыстың дүмпуі мен қызуы алыстаған сайын бұрын шындық ретінде қабылданған адам сенгісіз небір құпиялары молынан ашылып жатыр. Ашылған сайын соғыстың ақиқатына көзіміз жетіп келеді.

Тарихымызда Екінші дүниежүзілік соғыстағы Қазақстанның орны мен рөлі әлі нақты айқындалмаған. Сол жылдардағы Қазақстанға қатысты ақтаңдақтар мен жабық тақырыптар әлі сол жабық күйінде қалып отыр және олар қашан жария болатыны белгісіз. Біздің ойымызша, әлі көп уақытқа дейін жабық күйінде қала беретін сияқты. Себебі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты Ресей архивтерінде сақтаулы құпияланған құжаттар келісім бойынша, 2017 жылы есігін айқара ашылуы тиіс еді. Өкінішке қарай, құпия архивтер келісілген уақытта есігін айқара ашпады, оған рұқсат бермеді. Ресей президенті В.Путиннің арнайы жарлығы бойынша 1939 – 1945 жылдары өткен соғысқа байланысты құпия құжаттар 2040 жылдарға дейін сол жабық күйінде қалатын болды. Тарихшылардың болжамынша, Ұлы Отан соғысы қорытындыларының нәтижелері бізге белгілі болғандардан да қорқынышты болуы мүмкін дейді.

 

Мәскеу қазақтың ерлігін әділ бағалаған жоқ

Великая Отечественная война. Редкие фотографии в Центре им. братьев Люмьер  | ИА Красная Весна

Айтып өтетін нәрсе, тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыттың ішінде Ұлы Отан соғысының тарихына қатысты пікірлер әр алуан өзгерістерге ұшырады. Бірақ сұрақ көп, жауап аз болғандықтан оның бағасын айқындап, нақты бір қортындыға келу мүмкін болмай тұр. Тіпті, осы соғысқа байланысты құжаттарға сүйеніп, оның тарихын қайта қарау, оқулықтар мен кітаптарды қайта жазу туралы ұсыныс айтушылар шыға бастады. Тағы да қайталауға тура келеді, Ұлы Отан соғысы жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ, уақыт пен кеңістіктің өз ерекшелігі барлығын, бұл ұғымдар ұрпақ санасын айқындайтынын бәріміз бірдей түсініп бітті деуге әлі ерте. Мысалы «Жеңіс» туралы 1945 жылғы ұғым мен 2022 жылғы ұғым аға ұрпақ пен кейінгі буында бірдей құндылықтарға суғарылған деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Өйткені, бұл екі буын екі басқа уақыт пен кеңістіктің туындылары.

«Халықтар әкесі» И.Сталин бастаған Кеңес үкіметінің басшылары бұл соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп жариялады. Шын мәнінде, «Ұлы Отан соғысы» Екінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлігі ғана болатын. Кремль идеологтары КСРО құрамына кіретін барлық үлкен-кіші ұлтты ортақ отанды қорғау үшін күресуге шақырды. Олар «Отан біреу – ол Кеңестер Одағы» деген ұғымды санаға терең сіңірді. Соның ішінде қазақтар да ортақ Отан үшін жанқиярлықпен аянбай шайқасты. Неше түрлі ерліктің үлгісін көрсетті. Қазақтың даңқын асырды, абыройын асқақтатты. Алайда, Отан ортақ болғанымен Орталықтың ала қойды бөле қырқып, кіші ұлт өкілдері көрсеткен ерен ерліктерді елеусіз қалдыруға тырысқанын несіне жасырамыз? Ерлікті бағалауға келгенде Мәскеу метролитеті мен генералитеті нәсілшілдікке, кемсітушілікке бой алдырды. Кеңестер Одағы кеңістігіндегі бір де бір ел орыс халқының алдына шығып кетпеуі үшін жанталасты, сол үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бақты. Қулық пен неше түрлі құйтырқылыққа барды. Фашизмнің ұясы саналатын Рейхстагқа алғашқы болып Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың Кеңес генералитеті тарапынан кезінде бағаланбай қалған ерен ерлігі осы айтқанымыздың жалғыз мысалы емес, даңқты Бауыржан Момышұлынан бастап, Берлинді алғаш болып бомбалаған ұшқыш Біләл Қалиев, жалғыз өзі 397 фашистің көзін жойған сұрмерген Төлеуғали Әбдібеков, 281 жауды жер жастандырған Ыбырайым Сүлейменов, 227 жау солдаты мен офицерін жойған Ысқақ Әлиев, тек бір ғана ұрыста 38 жау әскерін жер жастандырған, 49-ын тұтқынға алған аға сержант Алқар Оңғаров, сол сияқты қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Аманша Меңдіғалиев, Сенбай Қалиев, Темірғали Исабаев, Әбдірахман Бимурзин, Қасым Қайсенов, Рашид Жанғозин, Ғали Әділбеков, Мырзаби Ерназаров, Рымбек Байсейтов, Алтыншаш Нұрғожинова мен Хиуаз Доспановалардың көрсеткен ерлік істері қай ерліктен кем еді?!. Бірақ, оларға Кеңестер Одағының Батыры атағын беруді хош көрмеді. Ұлттар арасындағы теңдікті сақтау туралы саясатты алға тартып, соны желеу етті. Әрине, соғыста ерекше көзге түскен азиаттардың ерлігін бағалауға ар-ұяттары жібермеген кездердің де аз болмағаны мәлім. Оларға батыр атағы берілді! Бірақ, оларға батыр атағы көбіне асқан ерлікпен қаза тапқан соң, опат болған соң беріліп отырғандығын майдан туралы мәліметтер мен жазбалар жаққа шығармайды. Батырлықты мойындап жоғары жаққа ұсыну, оны беру мәселесі, шындығында соғыс құпияларының ішіндегі шындығынан күмәні көп ең күрделі жұмбақтардың бірі.

 

Қаза тапқан 601 мыңның 390 мыңы қазақ екен

Неизвестные страницы Великой Отечественной войны

Мынадай бір арифметикаға зер салайықшы. Соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам қатысыпты (кейбір мәліметтерде 1 млн 800 мың деп көрсетілген). Оның әрбір екіншісі ұрыс даласынан оралмады. Яғни, опат болғандар 600 мыңнан астам. Осы ұрыс даласында жер жастанғандардың 390 мыңы қазақтар екен. Меніңше, ғалымдарға анықтай түсетін түйткілдердің бірі – осы! Соңғы мәліметтерге қарағанда, соғыс кезінде әрбір бесінші қазақ майданға аттанып, әрбір оныншысы еңбек армиясының сапында тұрыпты. Басқаша түсіндіргенде, республика халқының төрттен бірі майдан мүддесіне жұмылдырылған. Адам шығыны да басқа республикалармен салыстырғанда едәуір көп болды. Тарихшы Манаш  Қозыбаевтың дерегіне иек артсақ, соғыс біздің жерімізде өтпесе де, халқымыз 12 %-нан айырылған. Ал, бұл уақытта соғыстың нағыз ошағы болған украиндар 8 пайызын, ал орыстар небәрі 6 пайызын жоғалтқан. Ал, қан майданнан оралмаған қазақстандықтардың саны 601 мың адам (онда бір қала мен 7 ауданның көрсеткіші жоқ). Бұл Қазақстан халқының 11,2 пайызы! Тағы бір мәселе, 531-ден астам қазақстандық Кеңестер Одағының Батыры атанған. Оның 105-і қазақ, 380-і орыс, қалған 46-сы түрлі ұлт өкілдері – украин, ұйғыр, беларусь, татар, тағы басқалар. Архив деректеріне сенсек, майдан даласынан оралмаған жауынгерлердің жартысынан көбі қазақтар екен. Сұрақ: немістермен болған ұрыста майдан даласында өлім құшқандардың көпшілігі қазақ бола тұра, Батыр атағын неге сонша аз алған?.. Қазақстанда жасақталған әскери құрамалардың қатарында орыс ұлтының өкілдері аз бола тұра, Кеңестер Одағының Батыры неліктен көп шыққан? Қазақтар соғыса алмай ма? Әлде, орыстардан осал ма? Айырмашылық 10-20 шақты болса, үндемеуге болар еді. Бірақ 380-нен 105-ті алап көрейікші, 275-ке тең болады. Яғни, орыстардың батыры қазақ батырларынан 275 Батырға артық. Байқасаңыз, айырмашылық жер мен көктей! Осы арифметикаға кім сенеді?!. Мына сұрақ та мені көптен мазалап жүр. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан қазақтармен бірге аттанған орыстар қан майданда неліктен аз шығын болған? Мұның құпиясы неде? Оларға оқ өтпей ме, қылыш кеспей ме?! Жын ба, сайтан ба?!. Міне, соғыстағы жұмбағы шешілмеген көп құпияларының тағы бірі – осы.

Құпия демекші, дәл қазір жүріп жатқан орыс-украин соғысы барысына мұқият қадағалап отырған кісі қан майданда шын мәнінде кімдердің, қандай ұлт өкілдерінің қан кешіп жүргенін бірден аңғартады. Орыстар бастамашы болған бұл соғыс қимылдарында негізінен татар, башқұрт, тубасы,  қалмақтармен бірге Сібір халықтары – бурят, эвенк, қанты-мансы, қақас, тоба, саха, тағы басқалар «жан алысып жан берісіп» жүр. Алғы шепте соғысып жүрген орыстардың саны аз, саусақпен санарлықтай ғана. Мінеки, «суға салсаң, батпайтын, отқа салсаң, жанбайтын» орыс солдатының «адамды адам өлтіру ойынында» аз шығын болатындығының сыры осында жатқандай ма қалғандайсың... Кремль қожайындары Ұлы Отан соғысында да, кешегі Ауған қақтығысында да осы тактиканы өте шеберлікпен жүзеге асырған. Алайда, атақ, даңқ, абырой, бәрі – орысқа бұйырып отырған. Қысқасы, «қолда тұрғанда, қонышынан басуды» әдетке айналдырған болып тұр ғой.

 

Путиннің жаңсақ пікірі отқа май құйды

Жасыратыны жоқ, Ұлы Отан соғысы туралы сөз болса, орыстар «соғыста біз жеңіске жеттік» деп өзеуреп шыға келеді. Отқа май құйған Ресей президенті В.Путин. Ол 2005 жылы «Ұлы Отан соғысында Орта Азиясыз да біз жеңіске жеткен болар едік» деп мәлімдеме жасаған болатын. Содан  кейін ортаазиялықтардың соғысқа қосқан үлесі жөнінде шындыққа жанаспайтын түрлі пікірлер қаптап кетті. Шын мәнінде,бұл ұшқары айтылған, империялық астамшылықтан туған, шындыққа мүлдем жанаспайтын пікір. Ұмытпасам, Қазақстан мемлекетінің сол кездегі басшысы ресейлік әріптесіне жауап ретінде «Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижесін қайта қарастыру, ортаазиялықтардың соғысқа қосқан үлестерін төмендетіп көрсету әрекеттеріне үзілді-кесілді қарсы» екендігін (2010 жылы) білдірген болатын. Бірақ, Ресей тарабы бұдан қортынды шығарды деп айту қиын.

Ресей президентінің бұл астамшылдығы шындыққа қаншалықты жанасады? Ол ортаазиялықтар деп кімдерді меңзеп отыр? Бұл жерде Ресей лидерінің негізінен түп тамыры бір, тарихы ортақ түркі текті туысқан халықтарды меңзеп отырғаны сөзсіз. Ендеше түркі текті халықтар дегеніміз кімдер? Қазақтар, өзбектер, қырғыздар, түркімендер, қарақалпақтар, әзербайжандар және тәжіктер, сондай-ақ Ресей Федерациясының құрамындағы татарлар, башқұрттар, мордвалықтар, шубасылар, тубасылар, сахалар, қақастар, қанты-мансылар, одан қалса қалмақтар, бұрыттар, монғолдар. Бұлардың бәрінің тегі бір, тарихи ортақ азиялықтар. Ең бастысы бұлардың бәрі де Ұлы Отан соғысына жеңіске жетуге өз үлестерін қосқан халықтар. Ортақ Отанды жаудан жанқиярлықпен қорғады. Шығынға ұшырады, бірақ шыдамдылық танытты. Егер осы соғыстағы азиялықтардың ерлігі, олардың жеңісті жақындатуға қосқан үлесі туралы айта бастасақ, жүздеген-мыңдаған вагонға татырлық жүк болар еді. Ендеше Путинге «Ұлы Отан соғысында Орта Азиясыз да біз жеңіске жетер едік» деп мәлімдеме жасауға кім рұқсат берді?! Оның айтқаны – асылық сөз. Ортаазиялықтардың соғысқа қосқан үлесін тиісінше бағаламаудан туған байлам. Азияттарды алалау, алжасу, көргенсіздік. Соғыстағы жеңіске КСРО құрамындағы кез-келген халықтың бәрінің өзіне тиесілі үлесі бар, жоқ деп ешкім айта алмайды. Империялық амбициясы шектен шыққан астамшыл адам ғана ортақ жеңісті осылай бөліп-жарады, кеудесін кек кернеген, желік басқан ауру адам ғана жеңісті жалғыз өзімдікі деп қарастырады. Кім не десе, о десін, шындығында адамзат баласына үлкен-қайғы-қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіс Орта Азиясыз мүмкін емес еді. Яғни, соғыстағы Жеңіс ортаазиялықтардың арқасында мүмкін болды! Егер Орта Азия мен Қазақстан болмағанда, жеңіске жету неғайбыл болатын. Бұл айтқанымызға дәлел болатын мысалдар көп. Айталық, жау КСРО-ның бүкіл Батыс аймағын басып алғанмен қоймай, Мәскеуге жақын келіп, масайрап тұрған кезде, Орта Азия мен Қазақстан сияқты өмірлік ресурстарға бай тыл болмаса, фашистер жаулап алған жерден осы аймақтарға көшірілген заводтар мен кәсіпорындар айрықша жылдамдықпен іске қосылып, қызыл әскерді қару-жарақ, киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етпесе, ентелеп келген жауды тоқтата алар ма еді? Тоқтата алмас еді. Орта Азия мен Қазақстанда жасақталған әскери бөлімдердің ұрыс майданында көрсеткен ерлік істерін ше – ұмытуға бола ма? Мысалы, Мәскеуге ұмтылған жау жолын кесуде Төлеген Тоқтаров пен Рамазан Елебеков («Жас қазақ» әнінің авторы), анау 28 ержүрек панфиловшылардың жанкешті ерлігі болмағанда, қызыл әскер жеңіске жете алар ма еді?! Жау жеңіліске ұшырар ма еді?!.

 

Ресейдің Украинаға  шапқыншылығы оның бетпердесін шешті

Осы орйда тағы бір айта кететін мәселе бар. Біз Екінші дүниежүзілік соғысты тек қана «Ұлы Отан соғысы» деп түсінеміз. Ол кеңестік кезеңнен қалған дағды. Осылайша қазақтардың ерлігін 1941 жылдың 22 маусым мен 1945 жылдың 9 мамыры арасындағы уақытпен шектеп тастадық. Ал, шындығында Екінші дүниежүжілік соғыс 1939 жылдың 1 қыркүйегінен 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін жүрді емес пе? 1939 жылдан бастап соғысқа қатысқан, одан кейін кеңес-фин қақтығысына, одан әрі жапон самурайларымен кескілесте болған ержүрек сарбаздардың трихын ұмыту қаншалықты әділетті?!.

***

Біреу білер, біреу білмес, 9 мамырды Жеңіс күні ретінде соғыс аяқталғаннан кейін 20 жыл өткен соң ғана ресми түрде мерекелей бастаған. Оның бастаушысы Л.Брежнев. Оған дейін Жеңіс күні бүкіл халықтық мереке ретінде бірде бір рет аталып өтпеген болатын. Ендеше, Жеңіс күнін атап өтудің астарында не гәп бар? Мәселенің негізгі мәні мен мәнісі осында жатыр. Жеңіс күнін атап өту ең алдымен Кеңестер Одағының қандай жеңімпаз ел екенін көрсету, әлемге паш ету, сөйтіп орыс ұлтының рухын көтеру үшін ойлап табылған мереке десек те, арғы астарында осы мереке арқылы Ресейдің әскери күш-қуатын насихаттау, орыстың айбынды ел екенін жарнамалау амалы жатқаны анық. Ал еуропалық елдердің көпшілігі 9 мамырды неміс ұлтшылдығынан азат алу күні деп есептемейді, керісінше басқыншылықтың басталу күні деп қабылдайды. Неге? Себебі,олар фашизм жендеттерінен коммунизм жендеттерін бөліп қарамайды. Қарамайтындығы  көптеген елдер қызыл әскер келерден едәуір бұрын азат етілген болатын. Ал 9 мамырды Жеңіс күні емес, КСРО құрсауының басы деп таниды. Ол-ол ма, соңғы кезде Ұлы Отан соғысына байланысты тарихи деректер қайта електен өткізіліп, келмеске кеткен Кеңестер Одағының Еуропада жүргізген соғыс қимылдары мен атқарған рөлі жыл алға ұзаған сайын төмендетіліп көрсетіліп, кейбір жағдайда мүлде жоққа шығарыла бастағаны байқалады. Себебі, Ресей Екінші дүниежүзілік соғыс пен оның құрамдас бір бөлігі болып табылатын Ұлы Отан соғысының тарихына қатысты мәселеде көңіл толатындай ешбір тұщымды жұмыс жасап жатқан жоқ. Керек десеңіз, орыс саясаткерлері өткен оқиғаны жаңаша бағамдап, мойындап, кешірім сұраудың орнына, соғысқа қатысты жаңадан табылып жатқан деректердің кез-келген мүмкіндігін өзіне жасалған қастандық, қорлау, мазақтау деп қабылдауда. Яғни, өзін өзі шектеп, жаңа инновациялық майданда жеңіліс табуда, сөйтіп, өзін ұятқа қалдыруда.

Ұлы Отан соғысының қортындыларына өз мемлекетінің мүддесі тұрғысынан қарап, саралап, бағалап, тарихын қайтадан жазып жатқан тек Батыс мемлекеттері ғана емес,  КСРО құрамында бірге ғұмыр кешкен Украина, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Молдова мен Балтық бойы мемлекеттері де «Ұлы Отан соғысы» деген мағынадан бас тартып, бұл соғыстың мақсаты мен нәтижелерін қайта қарап жатқаны белгілі. Бұған өзімшілдігі мен менмендігі, астамшылдығы мен өркөкіректігінен туындаған Ресейдің тәуелсіз Украина еліне опасыздықпен соғыс ашуы негізгі себеп болып жатқаны басы ашық мәселе. Әр ұлт өз елін, өз мемлекетін өзінше сүйеді, өзінше ардақтайды, болашағын өзінше елестетеді. Оны қалай ардақтауды басқа бір ұлттың үйретуіне көнбейді. Яғни, төл ұлттық сезімін басқа бір өктем ұлттың өлшемімен бағалауына жол бермейді. Солай болуы тиіс те. Бұрын КСРО құрамында болған елдердің көпшілігі Ресейге сақтанып қарайды, орыстарды басқыншылар, оккупанттар деп есептейді. Не десек те қазіргі Ресей мен Украина арасындағы соғыс қимылдары Жеңіс күніне қатысты біраз ойға азық болып тұр. Ендеше, бұл мәселеде біздің ұстанымымыз қандай болуы керек?

Әділіне сүйенсек, біз қаласақ та, қаламасақ та 9 мамыр жалпыхалықтық мереке ретінде әуелгі мәні мен мағынасын жоғалтты. Тек 9 мамыр мерекесі емес, Ұлы Отан соғысы мәселесіне де біз өз көзқарасымызды тәуелсіз мемлекет ұстанымында қайта қарап, қазіргі әлемде қалыптасып отырған геосаяси жағдайға, уақытқа сай, заманауи ұстанымда жаңаша символикалық мағына беретін уақыт жетті.

Өткен ғасырда болған екі дүниежүзілік соғыстың, оның ішінде әсіресе Ұлы Отан соғысының тарихы күрделі. Алда соғыс туралы жаңа деректер табылып, бұрынғы қолда бар мәліметтерді толықтырып, жаңа тұжырым жасап, әділ бағасын беру міндеті тұр. Қалай болғанда да Ұлы Отан соғысы қазақ үшін оңайға түскен жоқ. Елге сұмдық ауыр салмақ түсті, зардабы одан да ауыр болды. Соның әсері әлі күнге дейін білінеді. Сол себептен Жеңіс күнін тойлағанда қуанышымен бірге, оның қасіреті мен қайғысы да болғанын естен шығармасақ екен...

Тарихшы Манаш  Қозыбаевтың дерегіне иек артсақ, соғыс біздің жерімізде өтпесе де, халқымыз 12 пайызынан айырылған. Ал бұл уақытта соғыстың нағыз ошағы болған украиндар 8 пайызын, ал орыстар небәрі 6 пайызын жоғалтқан. Ал қан майданнан оралмаған қазақстандықтардың саны 601 мың адам (онда бір қала мен 7 ауданның көрсеткіші жоқ). Бұл Қазақстан халқының 11,2 пайызы! Тағы бір мәселе, 531-ден астам қазақстандық Кеңестер Одағының Батыры атанған. Оның 105-і қазақ, 380-і орыс, қалған 46-сы түрлі ұлт өкілдері – украин, ұйғыр, белорусь, татар, тағы басқалар.

                                  

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ
05.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 194
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 188
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 697
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 820
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 733

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8889
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8284
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11512
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9268
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10496