Жер дауы болмаса, агро сала да адымын алшаң басады

Жер дауы болмаса,  агро сала да адымын алшаң басады

Ауылшаруашылығындағы негізгі жұмыстар салаға субсидия бөліп, қажетті қаржылай қолдау көрсетумен ғана бітпейді. Заңнамалық тұрғыдан реттейтін, көзге көрінбейтін қаржылай емес қолдау жұмыстары да бар. Мұндай іспен көбіне облыс әкімінің жер қатынастары басқармасы айналысады. Олай болса Жамбыл облысы аумағында жер қатынастары саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы аз-кем айта кеткенді жөн көрдік.

Осы мақсатта облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновпен жолығып, бірер сауалымызды қойдық. 

Оның айтуынша, бүгінде жер заңнамасымен мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты аукциондарды мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық түрде ұйымдастырылып өткізіліп жүр екен. Өткен жылы 44 аукцион ұйымдастырылып, 34 жер учаскесі 112 миллион теңгеге сатылса, биыл жыл басынан бері 9 аукционда 10 жер учаскесі 138 миллион теңгеге сатылған.

– 2022 жылы 14 конкурс өткізіліп, 47 мың гектар ауылшаруашылық жерлері шаруа қожалықтарға берілсе, осы жылы 3 конкурс өткізіліп, көлемі 3,4 мың гектар болатын 67 жер учаскесі рәсімделді.

Өткен жылы 19 жер қойнауын пайдаланушыға 3030,1 гектар, ал биылғы жылдың 5 айы бойынша 8 жер пайдаланушыға 280,5 гектар жер учаскесі берілді. Былтыр құны 106403 миллион теңгені құрайтын инвестициялық-инновациялық жобалар үшін 16 458 гектар жер учаскелері рәсімделіп табысталды.

Сонымен қатар жаңартылған энергия көздерін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіруге жер учаскелері берілуде.

Облыс аумағында 5 аудан, нақтырақ айтсақ, Шу, Қордай, Жамбыл, Жуалы және Мерке аудандары шекара сызығымен шектесетін болғандықтан, шекара жолағын 30 метрден 100 метрге ұлғайту бойынша жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Шу ауданы бойынша 200 гектар жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару бойынша барлық шаралар жүргізіліп, жер учаскесі шекара қызметіне табысталды. Қалған аудандар бойынша бағалау жұмыстары жүргізіліп келеді.

Облыс бойынша Қордай, Меркі және Т.Рысқұлов ауданы аумағында туындаған жер даулары мәселелерін шешу бойынша облыс әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының атқарған жұмыстары нәтижесінде Қордай ауданында «Ақтас – Қордай» ЖШС, Т.Рысқұлов ауданында «Күнту» ЖШС, Байзақ ауданында «Үлгілі – 2030» ЖШС-нің мәселелері шешімін тапты, – деген Б.Көпбосынов аудандардағы жер мәселесі туралы кеңінен баяндап берді. 

Айталық, Байзақ ауданы әкімдігінің 2007 жылғы 21 қыркүйектегі №479 қаулысы негізінде «Үлгілі – 2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Б.Еркебаевқа тауарлы ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жалпы көлемі 5370 гектар уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 49 жыл мерзімге берілген. Негiзi «Үлгілі – 2005» ЖШС Үлгілі ауылдық округі тұрғындары саналатын 106 жеке тұлғаның пай үлестерінен құрылып, ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланып отырған жер телiмдерi. Соған қарамастан, 2019 жылдың 31 шілдесіндегі аудан әкімдігі жанындағы жер мәселесі жөніндегі комиссия отырысында қаралып, №22 хаттамасына сәйкес, Құралай Мухиева «Үлгiлi – 2005» ЖШС-інде үлесi болмағанына қарамастан, жалпы көлемі 384 гектар жер учаскесi уақытша ұзақ мерзімге (37 жылға) жер пайдалану құқығымен Байзақ ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі №415 қаулысымен бөлініп шығарылған.

Биылғы 12 мамырда Қ.Мухиеваға берілген 384 гектар жер учаскесі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. 

Ал Қордай ауданы Ноғайбай ауылындағы «Ақтас-Қордай» ЖШС-ның үлескерлері 2021 жылдың 23 наурызында жалпы жиналыс өткізген. Жиналыс нәтижесі бойынша серіктестік басшысы болып А.Жетібаев сайланған. 

«Ақтас-Қордай» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Қ.Спанов 2021 жылғы 23 наурыздағы серіктестіктің жалпы жиналысының хаттамасы заңсыз деп тану бойынша Жамбыл облысы ауданаралық экономикалық сотына арызбен қайырылған.

Нәтижесінде соттың 2022 жылғы 18 наурыздағы шешімімен қанағаттандырылмай қалдырылған. Бұл шешім Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі Сот коллегиясында қаралып, күшінде қалдырылыпты.

Осы сот шешімдердің негізінде, «Ақтас-Қордай» ЖШС-ның 2021 жылғы 23 наурыздағы жалпы жиналысының хаттамасына сай А.Жетібаев жаңа басшы ретінде «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалынан тіркеуден өтті.

Осыған байланысты серіктестіктің үлесшілері көтерген мәселе өз шешімін тапты.

Меркі ауданы Ақермен ауылы тұрғындары «Меркі» асылтұқымды зауыты» АҚ-ның жерлерін және акцияларын мемлекет меншігіне қайтаруды талап етіп отыр. 

Акционерлік қоғамның жалпы жерінің ауданы 23097 гектар, оның ішінде егістік 11320 гектар, жайылым 10291 гектар, шабындық 1270 гектар, бөгде жер 216 гектар.

2023 жылғы 5 сәуірдегі Жамбыл облыстық ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ауданы игерілмеген көлемі 3910 гектар егістік жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда сот шешіміне апелляциялық шағым түсірілген.

Сонымен қатар Ақермен ауылын жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында «Меркі» асылтұқымды қой зауыты» акционерлік қоғамына тиесілі 2805 гектар жайылым жерлерін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару жөнінде Меркі ауданы әкімдігінің биылғы 7 ақпандағы №43 қаулысы қабылданып, 13 наурыз күні ұсыныс берілген. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы талап қоюмен сотқа беріледі.

Мәселе басқарманың тұрақты бақылауында. Басқарма басшысы Б.Көпбосынов алдағы уақытта жер даулары мәселелерін шешу жолында жұмыстар өз жалғасын таба беретінін атап өтті.

 

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
29.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 353
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6458
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8167
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6538
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6674