ЖИ өмірімізге алшаң басып, еркін түрде кіріп кетті. Ол барлық салаларымызға, үйімізге, мектепке, жұмыс орнына, оқу орындарына, тіптен адамның жан дүниесіне, миға кіріп алып, өз тәртібін, ережесін енгізіп жатыр. Оған ешкім де қарсы тұра алмайды. Егер де оны дәл қазір игере алмасаң, ертең сенің қожайының да болып алуы әбден мүмкін. Мәселен, асау атты үйретіп, еркіңе көндіре алмасаң, бір-екі мөңкігенде етпетіңнен түсесің. Ол жер жұп-жұмсақ құм ба, тастақ па, көгал ма, оған бәрібір. Асауды үйрете алсаң, ауыздық керек. Сол ауыздықпен әрі-бері бұрып, асауды дегеніңе көндіресің.
«Зияны бар. Ойлау жүйесі эрозияға ұшырайды, жаңа технологиялық түсу қаупі бар. ЖИ-мен көп сөйлескен балаларда эмпатия төмендейді, деректердің қауіпсіздігі мен этика мәселелері тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, ЖИ мидың GPS-і сияқты, нақты бір мекенжайды табу жеңілдейді, бірақ қаланың картасын ұмытып қалуың мүмкін».
Бұл – цифрландыру мен ЖИ маманының пікірі. Жалпы телефонның зияны мен пайдасы жөнінде көп айтып, жазып жүрміз. Әуелде оның зиянына онша мән бермедік. Кейін зардабы, зияны бүкіл қоғамды бунап алды. Тәрбие мәселесінде көп ағаттықтар, қателіктер кетті. Біз, әрине, оларды қалай ауыздықтау керегін кезінде білмедік. Білген кезде кеш болды. Балаларым сол телефонның дәргейінде кетті. Енді міне, ұрандатып ЖИ келді. Жоғарыда маманның пікірін келтіріп отырмыз. Сен ЖИ-ді қала, қалама, ол келді және өмірімізге біртіндеп ене береді. Білгіштердің айтуынша, Қазақстан ЖИ-ді қолдануда талай мемлекеттерді шаң қаптырып кеткен сияқты. Қазір әлемде 60-орында екенбіз. Біз енді сол ЖИ-ді қалай қолайлы қабылдауды үйренуіміз қажет. Зиянын, залалын, пайдасын екшеп, сауатты іс-қимыл жасауымыз тиіс. Ол үшін мамандардың айтқан ақыл-кеңесіне құлақ түріп, солармен бірлесе жұмыс істесек, қателеспейміз. Ең бастысы, еліміздің болашағы – балаларымызды қорғайық. Мектеп сынақтарды, шикіліктерді сынайтын полигонға айналмауы тиіс. ЖИ-ді жаппай енгізу тәжірибесінен бас тартып, дәлелді педагогика мен пилоттық алаңдар концепциясына көшуіміз керек екен. Мен мұны мамандардың пікіріне сүйеніп айтып отырмын.
Олардың айтуынша, болашақта ЖИ бұрын-соңды болмаған ең қажет әдебиет пен логика мұғаліміне айналмақшы. Мысалға, бұрын Адам-мұғалім бағаны балаға аяп көтеріп қойса, ЖИ-мұғалім ешкімді аямайды. Қалай болды, солай қояды. Сондай-ақ ЖИ айна сияқты екен. Бала егер сөзге бай болса, ЖИ соған сәйкес жұмыс істейді. Қысқасы, өмірде алдымен өзіңді байыт. Өзің мықты болсаң, ЖИ де сенің айтқаныңа көнеді, айдағаныңа жүреді. Сенің рухани байлығыңды еселеп көбейтеді. Сондықтан оқу мен білім өлмейді.
ЖИ-ді қолданғанда оның ережесіне бағынуың тиіс. Егер ережесін білмесең, ол сені айтқаныңа жүргізеді. Сондықтан адамның айнасы болатын ЖИ-ді өмірде абайлап, сақтанып қолданайық. Әсіресе балаларымызды оның қауіптерінен сақтайық.













