Иә, қазір жалған табыстарға масаттанатын кез емес
Обалы қане, Президент осы Жолдауында елімізді алда күтіп тұрған өзгерістерге тоқталып, жолдау өзгелерге жақсы көріну үшін жасалмайтынын тілге тиек етті. Бұл қуанарлық жайт. «Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті», – деуі, «Сіздердің көріп, сезгендеріңізді менде білемін» деген ишара болуы әбден мүмкін. Әйтпесе келешекте Қазақстанның азаматтық қоғамы қалыптасқан мемлекетке айналатынын алға тартпас та еді ғой?! «Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз» деп бұрынғы жолдауының әлі күшінде екенін меңзеп қойды Тоқаев мырза. Құдайшылығын айту керек, елдің жанайқайы түгел болмаса да, арасында «кіжінген», «ренжіген», «өкпе» мен талап-тілек Президенттің құлағына жететіні байқалады. Оған дәлел осыған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері Парламентке сайланбасын деп халық биліктен талап еткен. Талай сыни мақалалар жазылды да. Ащы-ащы сындар да айтылған. Көп түкірсе – көл демекші, ақыры көп қорқытты, терең батырды! Талап орындалды. Жолдауда айтылғандай енді Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутат сайланбайды, бірақ аталған институттан Парламентте өкілдер болады – Сенатта, алайда квота қысқарады – бес сенаторға. Біле білгенге бұл да жеңіс! Халық жеңісі!
Жолдауда айтылған тағы бір жағымды жаңалық, саяси партияны тіркеу үшін оны қолдайтын адам санын қазіргі 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылғаны. Ал партия құру үшін бастамашыл топта кемінде 700 адам болса жеткілікті. Қазір 2 мың. Партияны тіркеуден өткізуге, филиалдарды ашуға 6 ай керек болса, енді ол бір жылға дейін ұзартылмақ. Бұл да үлкен жетістік. Талап-тілектің жемісі. Облыс әкімдерін мәслихаттың жанама жолмен сайлауы – бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға. Яғни олардың талқысына қазіргідей бір емес, екі кандидатура ұсынылады. Бұл да суперпрезиденттікті шектейтін амал. Жолдаудан ұққан басты қағидат – өкілді билікті күшейту. Өкілді билік дегеніміз қысқаша айтқанда, қоғам мен мемлекет арасын жалғайтын алтын көпір. Дәлірегі – халық пен биліктің арасына дәнекер болатын құрылым. Иә, атқарушы билікті тек өкілді билік арқылы жасақтайтын жүйелер бар. Мысалы сайлауда жеңіп шыққан партия немесе партиялар коалициясының билік қылуы дегендей. Біздегі мемлекеттік құрылым басқаша болатын. Сол басқаша құрылымда сайлаушылар тобыр, адам мемлекеттің заты сияқты көзге елестейтін... Рас, Конституцияда «Биліктің қайнар көзі – халық» деп тұр. Алайда ол іс жүзінде іске асқан емес.... Бірді айтып, бірге кете бердік-ау, Қазақстандағы Жолдау тарихына көз жүгіртсек, 1997 жылғы Президент Назарбаевтың халыққа жасаған тұңғыш Жолдауы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясына арналып, ұлтымыздың болашаққа деген сенімін нығайта түскендей болған. «Қазақстан-2030» стратегиясы – шын мәнісінде тарихи оқиға-тын, ел ішінде тарихи меже болып қалыптасады деген сенім де күшті кез-тін. Бұл өз кезегінде келешекке көз жүгірту ғана емес, елдің діттеген мақсат-мұраттарын орындауға деген үлкен құлшыныс та еді... Тәуелсіздіктің 30 жылында елбасы жүріп өткен жолға қарасақ, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдан (билікті тапсырған 2019-шы жылға дейін) халыққа 20-дан астам Жолдау арнапты. Ең қызығы, Елбасымыз бір жылда екі рет халыққа Үндеу тастаған кездері де болыпты. Мәселен, 2012 жылы Президент алғаш рет Қазақстан халқына екі рет Жолдау арнаған. Алғашқысы — 2012 жылдың 27 қаңтарында «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» тақырыбына арналса, сол жылдың 14 желтоқсанында жолданған «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы болған.
Жасыратын түгі де жоқ, жыл сайын Президент жолдауынан кейін оны қолдау қарқынды жүреді біздің елде. Бірен-саран баспасөз болмаса, мемлекет тендерінен дәмелі БАҚ аянып қалмайды. «Ой-хой» деп тамсанып, Президенттің әр сөзіне сілекейі «шұбырып» аттың басын жібереді. Мақтан мен мадаққа, ода жазуға әбден еті үйренген кейбіреулер «Жолдауды қолдау» үшін барын салады. Жыр арнап жырғап қалатындар да бар. Тәуелсіздік алған 30 жылда көріп келе жатқанымыз осы. Құр мақтан, берекесіз тірлік. Жолдау кейде халықты қолдау емес, қорлау секілді көрінетіні де рас. Себебі жолдауда айтылатын ізгі армандардың тым құрыса 30%-ы іске аспай сорлатты ғой... Жас балаға тәттіні көрсетіп дәмелендіріп бермей кеткен секілді кеп қой бұл. Осыдан кейін көңілі қалған халыққа реніш артуға бола ма?!
Мұны аз десеңіз, елбасының халыққа жолдаған Жолдауы әлемнің 15 тіліне аударылып, таратылыпты. Жалпы таралымы 70 млн дана болатын 1,5 млн материал жарияланғаны да белгілі болып отыр. Бұл кешегі коммунистік компартияны көзге елестетеді. Ол заманда да бітпейтін жиындар мен съездер көп еді-ау... Сол ортада тәрбие алған адамдардың көргенінен жаңылмайтынына да көзіміз үйренгелі қашан.
Қызық үшін айта кетейік, 1999 жылы Президенттің ең қысқа Жолдауы мынау болыпты, небәрі 1436-ақ сөз. Ал ең ұзақ, ауқымды Жолдауы 2013 жылы жолданған. Ол 15 465 сөзден құралған. Бұл тарихи құжаттардағы ең көп қолданылған сөздердің ондығына «мемлекет», «қауіпсіздік», «экономика», «сапа», «инновация», «әлеуметтік», «әлем», «бірлік», «бәсекеге қабілеттілік», «бизнес» секілді сөздер енген. Осы сөздерден-ақ Жолдауда негізінен қандай мәселелер қамтылғанын бағамдауға болатын шығар. Ал оның жүзеге асқаны... Өте аз...
Қазір халық құр сөзге сенбейді. Сөз бен іс астасып жатпаса илана қоюы да неғайбыл. Атамыз қазақ «Қалған көңілді – шыққан жанға» бекер теңемеген болар. Сөзіміз жалаң болмасын Тұңғыш президент әр жолдауында «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды» деп межелеп берген 2030 жыл көз ұшында қарауытып тұр. Уақыт деген жылдам, ә? Ол төбенің басына шыққанда қуаныштан басымыз айнала ма, жоқ әлде, қорқыныштан жүрегіміз дүрсілдей ме, уақыт соты төреші...
Өзіне дейінгі былық пен шылықты есепке алсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен сынақ үстінде тұр. «Ұстазының» өмір-өткеліне дұрыстап бір көз қырын салса, бұрқыратып халыққа Жолдау жариялай беру абырой әпермесін білуі тиіс. Шыдамның да шегі бар, арқасына ер бата берсе, буырқанып арнасын ұрған теңіздей шапшыған халықтың бетін қайтару қиын. Оны кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде көзіміз көрді. Қалай десекте, қазақ бұрынғы қазақ емес қазір. Ұйқысынан оянған, әбден кемеліне келіп тұр. Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлеу шешен болыпты, бабына келіп, саясатқа да жетілген, алдап-арбаудың да неше түрін басынан кешірген елді енді сөзуарлықпен басқара беремін деген басшы қатты қателеседі!
Таптаурын сүрлеумен ескі кадр жолдауға қайшы
Егер Президент Тоқаев өзі айтқандай Елбасының жолымен жүре берсе, жаңару мен жаңғыру ешқашан болмайды. «Жаңа Қазақстанды» ескі идеямен, ескі кадрлермен көркейтемін десе, көне сүрлеуге түсіп кетуі бек мүмкін. Ол сүрлеу – ми батпағы шыққан лас жол. Сыбайлас-жемқорлықтың, тамыр-таныстықтың табаны тиген сүрлеуде не қадір-қасиет қалды дейсіз. Шама келіп тұрғанда тыңнан жол салмаса «көнеден көңілі қалған» жұрттың қолдауы қиын. Болашақ ұрпақ бір заманда «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы» деп емірене есіне алсын десе реформаны көп күттірмей бастап кетуі керек-ақ. Өйткені халық сағымдай жеткізбейтін құр қиялдан, «нұрлы өмірден» шаршады. Жарқырап шығатын жаңа күнді аңсады... Иә, қарап отырсақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Жолдаудан кенде емес. Президенттік өкілеті үшінші жылға аяқ басқан кезеңде төрт мәрте Халыққа Жолдау жариялап үлгеріпті. Алғашқы Жолдауы 2019 жылы 2 қыркүйекте «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» деп аталды. Оның бастапқы сөйлемдері «Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. 30 жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды» дегені ел есінде. Кейін 2020 жылы 1 қыркүйекте «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» деген жолдауы пандемияға тұспа-тұс келді.
Тура 1 жылдан кейін тап осы күні «ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ» деген жолдауымен есте қалды. Күні кеше 16 наурыз күні «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» деген халыққа жолдауы мерзімінен бұрын жарияланды. Осыдан-ақ президенттің қыркүйекті күтпей, тың бастамаға жол ашқанын бағамдауға болатын секілді. Мемлекет басшысының соңғы жолдауы қазірдің өзінде халық арасында талқыға салынып жатыр. Халық екіұдай пікірде. Бәз біреулер «Жолдаудан күткеніміз көп еді түк айталмады. Мемлекеттік тіл, елдің әлеуметтік мәселесі, жастарға қамқорлық ауызға алынбады. Көші-қон проблемасы да көзден таса қалды. Баяғы жартас бір жартас» деп мінесе, енді біреулер «Үш облыстың құрылуымен қоса, көп жылдар аты аталмай келген халықтың сүйікті перзенті Дінмұхаммед Қонаевтың есімі қала атына берілуі үлкен жетістік. Бұдан былай Мәжілістен келген заңды Сенат мақұлдайды немесе мақұлдамайды. Мақұлдамаса, келісім комиссиясы құрылатын болады. Әсіресе Төменгі палата деп атайтын Мәжіліске байланысты өзгерістер ұнады. 2007 жылдан бері мұндағы 107 депутаттың 98-і партиялық тізіммен бекітіледі. Қалған 9-ын Ассамблея сайлайтын. Енді Мәжілісте Ассамблея мүшелері болмайды. Ал 70% депутаттың яғни, 75-і партиялық тізім бойынша бекітілсе, өзгесін халық тікелей сайлап алады. Бұдан артық не керек?» деп бөркі қазандай болып жүр. Президент Тоқаев халыққа бұл жолғы жолдауын, ресми дерек бойынша, кемінде 238 адам қаза тапқан қаңтардағы дүрбелеңнен соң кезектен тыс жасап отыр. Бір қызығы Президент «Жаңа Қазақстан», «Жаңа Парламент», «Жаңа көзқарастағы депутаттар» жайлы ерекше толқыныспен сөйлеп жатқанда, Парламентке жиналған депутаттар мен жоғары лауазымды шенеуніктер қол соғып сөзін бөле берді. Бұл да ескіден қалған жаман әдеттің бірі еді. Қайтейік, одан арылатын кез әлі келмепті. Осыны көріп көптеген жанның «іш тартып қалғанын» жасырғанымыз жарамас.
Тікелей эфирден көрсетілген үндеу кезінде үйреншікті сөзден жалыққандай сыңай танытып залда қалғып-шұлғып отырғандар да кездесті. Бұл да көзге оғаш көрініп, көптің сынына ілігіп жатыр... Парламенттің қос палатасының бірлескен жиынында сөйлеген Президент бейбіт наразылықпен басталып, дүрбелеңге ұласқан қаңтар оқиғасы кезінде «төңкеріс жасауға талпынғандар арасында белгілі адамдар болғанын» жасырмады. Бірақ есімдері жұмбақ болып қала берді. Көзі қарақты жұрт Мемлекет басшысының кімдерді атап отырғанын іштей сезді. «Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді» емес пе?! «Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғасының туындауына басты себеп болғаны бүкіл қоғамға мәлім» деген президент Жолдауында «саяси реформалар» ұсынғандай болды. Одан ұққанымыз бұдан былай «президент ешқандай партияға мүше болмайды», «жақын туыстары заң жүзінде саяси қызметке тағайындалмайды». Келешекте мәжіліс депутаттары пропорционал-мажоритар жүйе бойынша жасақтала бастайды; Президент пен орталық билік органдары басшыларының саяси партия мүшелігі тоқтайды. Иә, Жолдауға дейін де көптеген алып-қашты әңгімелер айтылған. Соның «еңселісі» Парламент еді. Амал қанша көпшілік қауым күткен Парламент тарқамады. Көптеген қайшылыққа толы заң жобаларының қабылдануына себепкер болған, бұрынғы президентті қимай көзіне жас алған бәзбір депутаттар елдің сенімінен жұрдай болса да жылы орындарында қала берді... Айтпақшы Жолдауға дейін «Нұр Отан» партиясы «Аманат» аталды. Партияның аты өзгергенмен заты өзгере ме? Бұл да көпті толқытып отырған мәселенің бірі болып тұр. Жолдаудағы жағымды жаңалықтарды да айта кеткеніміз абзал. (Әйтсе де дәл қазіргі қиын уақытта бәрі қаржыға барып тірелетіні де рас. Облыс құру да оңай шаруа болмасы белгілі). Сонымен Қазақстанда жаңа үш облыс құрылады. Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында – Абай облысы, Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде – Ұлытау, Алматы облысы аумағында Жетісу облысы құрылады. Абай облысының орталығы – Семей, Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болады. Бір заманда мал шаруашылығымен атағы дүрілдеген көне Торғай облыс статусын ала алмады. Бұл бөлек әңгіме арқауы...
Жаңа құрылатын облыстар шынымен ізгі ниеттің жемісі ме, жоқ әлде қысылтаяң сәтте елдің назарын аударып, биліктің «есін жинап алуына» мүмкіндік беретін айла-амал ма, болжам жасау қиын. Алайда «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп жақсылыққа балап жатыр жұрт.
Ел екіге жарылып тұр
Енді Жолдауды кім қалай қабылдады дегенге келсек, қайталап айтамыз, ел екіге жарылып тұр. Бәлкім демократияға қадам басқан елде бұлай болуы заңдылық та болар. Біз бірі қостаған, екіншісі сынға алған қос пікірді назарыңызға ұсынып отырмыз.
Бұл бұрын-соңды болмаған жолдау
Рахымғали Абрарұлы, «Атамұра» баспасының президенті:
«Ассалаумағалейкүм, ардақты ағайын! Бүгін Президенттің халыққа Жолдауын тыңдап, ерекше риза болдым! Бұл шын мәнінде бұрын-соңды болмаған тарихи жолдау болды.
Президент жолдауындағы өзіме ұнаған маңызды деген жеті жаңалықты сіздермен бөлісуді жөн санадым.
1. «Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек! Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз!»
2. «Президент сайлауға түскенде партияның мүшелігінен уақытша шыға тұруы керек. Сондай-ақ орталық сайлау комитетінің мүшелері де солай істеуге міндетті».
3. «Президент туыстарының саясатта және мемлекеттік секторда басшылықта болмауын конституциямен бекіту керек».
4. «Әкімдерді президент тағайындамауы керек».
5. «Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады».
6. «Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы жаңа облыстың орталығы болады».
7. «Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады».
Іс жүзінде Тоқаев суперпрезидент болып қалмақ
Шалқар Нұрсейіт, белгілі саясаттанушы:
«Бұған дейін төрт саяси реформалар пакеті қабылданды. Оның бәрі косметикалық өзгеріс екенін саясаттанушылар мен қоғам белсенділері айтып жүр. Ал бүгін айтқан мәлімдемелері алғашқы төрт пакеттің жалғасы деуге болады. Тоқаев бұдан артық реформалар қабылдай алмайды. Мұны Тоқаевтың өзі қаңтар оқиғасынан кейінгі түбегейлі реформа деп бағалайтын шығар. Тоқаевтың саяси қадамдарын ескеріп, бағалайтын болсақ, бұл президент әкімшілігінің масштабы үшін олардың санасында «реформа» болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз айтылған сөздердің детальдарына назар аударуымыз керек...
...Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаевқа көпшіліктің көңілінен шығатын, жұртқа ұнайтын бастамалар көтеру өте маңызды болып тұр. Сол үшін де «Конституцияға осындай арнайы шектеуді бекітейік» деуі шынайы әрекеттен гөрі популистік шараға ұқсайды. Адекват қоғамда, дұрыс құндылық ұстанатын елде мұндай нәрселер заң жүзінде емес, этика, мораль тұрғысында өздігінен болуы керек дүниелер. Президент отбасының мүшелері мемлекеттік не квазимемлекеттік мекемелерде жұмыс істемегенімен, президентке жақындығының арқасында бизнесте өте табысты болуы мүмкін. Бизнеспен айналысуға, мысалы, ешқандай шектеу жоқ. Бұл авторитарлық режимнің табиғатын өзгертпейді. Сылап-сипап қоятын косметикалық өзгерістер...
...Тоқаев «суперпрезиденттік жүйеден мықты парламенті бар президенттік жүйеге көшеміз» деп әдемі айтқанымен, іс жүзінде өзі суперпрезидент болып қалайын деп тұр. Себебі Тоқаев өзінің көп құзыретінен бас тартқан жоқ, бәрін сақтап қалды. Мысалы «Орталық сайлау комиссиясының, есеп комитеті және Конституциялық кеңес төрағалары мен мүшелері ешқандай партияға мүше болмауы керек» деді. Бірақ бұл азаматтарды тағайындайтын – президенттің өзі. Партияға мүше болуды шектегенімен, президент ретінде бұларды тағайындайтын өз құзыреттерін алып тастаған жоқ...
...Тағы бір мысал, «облыс әкімдерін тағайындайтын кезде мәслихаттың ойын ескеремін» деді. Бірақ өз еркімен қалаған уақытында тағайындалған әкімдерді Тоқаев бір ғана жарлығымен қызметінен алып тастай алады. Бұл мәслихат депутаттары сайлаған әкім дегенге келмейді. Бұрын формалды түрде мәслихат келісімімен тағайындалып келді ғой, тап солай, бірақ бұл жолы екі не одан көп кандидат ұсынады, президенттің көңілінен қай кандидат көбірек шығады, мәслихат соны бекітіп беріп отырады. Сондықтан детальдарға мән беруіміз керек. Қазақстан авторитарлық президент билігі абсолют режимдегі мемлекет болып қалғалы тұр...».
Жоғарыда Парламенттің таратылмағанын сөз арасында айтқан едік. Оның да бір «гәбі» бары айдан анық. Тоқаев 16 наурыз күнгі халыққа жолдауында ұсынған барлық бастаманы жүзеге асыру үшін Конституцияға 30-ға жуық өзгеріс енгізу қажеттігін айтты. Бәлкім реформаны жеделдету үшін Парламент керек те шығар. Әйтседе елдегі кейбір саясаттанушылар алдағы уақытта парламент сайлауынан бұрын президент сайлауы өтіп кетуі мүмкін деп «бал ашып» отыр. Өйткені қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаевтың танымалдығы, халықтың қолдауы тым төмендеп кетпесе, өспегені анық. Одан бөлек Украина-Ресей соғысына байланысты Мәскеуге салынған санкциялар әсерінен Қазақстанға келетін экономикалық зардап күшейіп кетті, оған дейін де пандемия әсерінен бізде кедейлер көбейді, өсіп келе жатқан инфляция бар. Осының бәрі президенттің рейтингіне кері әсер етері сөзсіз. Осы жағдайды ескертіп, Тоқаев осы жолдауда айтылған бастамаларды 2024 жылға жеткізбей алдағы президент сайлауында платформасы ретінде пайдалануы мүмкін дейтіндер бар. Әрине бұл болжам. Болжам шындыққа айналып кетсе таң қалмаңыз.
Президент ешқашан қателеспеуі керек!
Түйін: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ет пен сүйектен жаралған пенде. Ізгілікке бастаймын деп қателесуі де мүмкін. Маңайындағы дос пен дұшпанды ажырата алмай, алдануы да кәдік. Қалай болса да Президенттің бойындағы ұлтына деген сүйіспеншілігі, жеріне деген шексіз адалдығы алдағы кезеңдерден, жақсы күндерден үміттендіре түседі. Оған Жолдаудағы мына сөзі дәлел: «Қасіретті қаңтар» оқиғалары еліміздің беделіне елеулі нұқсан келтіргенін мойындауымыз керек. Бейберекет саяси реформалар мемлекетті әлсіретіп, оның егемендігі мен тұтастығына зор залалын тигізуі мүмкін. Әлемнің арғы-бергі тарихында өз аумағының ауқымды бөлігінен айырылған, астаң-кестеңі шығып, берекесіздікке ұшыраған елдер туралы мысал жетіп артылады. Жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге бағытталған. Біз әр қадамымызды саралап, таңдаған жолымызбен алға сенімді қадам басамыз. Біз жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз. Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналады. Біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз. Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз. Жұртымыздың күш-жігеріне, дарыны мен еңбекқорлығына сүйенеміз.
Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын! Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік, ағайын! Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын!». Мұны тебіренбей оқу мүмкін емес.
Пенде болғасын өткенге көз жүгіртіп, Елбасының да «Мен халқыммен біргемін, егер мен қателессем, бетіме айтыңдар. Тәубеме түсіріңдер!» дегені ойға оралады. Кейін халыққа үйіп-төгіп уәде беріп, ол уәделердің желге ұшқан жапырақтай көзден ғайып болғаны да рас.
Айтпақшы президент Қ.Тоқаев та 3 жыл бұрын «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын. Уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын болады», – дегені бар. Оны да ұмытпайық! Жолдау толық жүзеге асқанша сабырмен күтейік, «Асатпай жатып құлдық ұрмайық», ағайын!