Бүгін аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы Нұржігітовтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру саласында атқарылып жатқан шаралар мен алдағы жоспарлар туралы баяндадым. Есебім болсын өздеріңізбен де бөлісе отырайын. Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 54156 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады деп жоспарлануда. Осы бағдарламаға 13,7 млрд. теңге қаралса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,3 млрд теңгеге артып отыр. Бүгінде 5782 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жоспардың 10,7 пайызы орындалды. Облыстың өңірлік жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес биыл 67 968 адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Қайтарымсыз гранттар да белсенді шаралардың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр. Ағымдағы жылы облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1054 адамға жалпы 1454,5 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар облыстағы өзекті кәсіпкерлік бағыттары бойынша берілетін болады. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 347 адамға 1735,0 млн. теңге көлемінде шағын несие беруді жүйелі түрде ұйымдастыратын боламыз.