Асар–ауызбіршілікті нығайтып, халықтың басын қосатын, аталарымыздан келе жатқан игілікті іс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында.
Ауданымызда оның ішінде ауылдарда «Асарлатып үй салу» жобасы 2020 жылдан бері қызу қолға алынып, көптеген мұқтаж отбасылар бас-паналы болуда. Қоныс тойын тойлап, қолдау көрсетіп жатқан аудан басшыларына, ауылдық округ әкімшілігіне, атымтай жомарт азаматтарға өз ризашылықтарын білдіруде. Бүгінде ұлттың болмысындағы осы бір ерекше қасиет облысымызда жаңғырып, жалғасын тауып, туған-туыстар мен ауылдастар жиылып мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. Оған жергілікті билік те атсалысуда. Жайылма ауылдық округінде жоба жыл сайын өз жалғасын табуда. Биыл аз қамтылған жас отбасы Руслан Елшібаевқа әкімшілік тарапынан қолдау көрсетіп, үй салу қолға алынуда.
Жас отбасы Р.Елшібаев үй салуға қолдау көрсетіп жатқан ауылдық округ әкімі аппаратына, атымтай жомарт азаматтарға өз алғысын жеткізді.
Ауылдық округ әкімі Ж.Смағұлов: — Сан ұрпақты абыз ақсақал тәрбиелеп, бірлік пен татулыққа біріктірген, игілікті шараға жұмылдырған.
Осындай игі шараның бірі еліміз бойынша жүзеге асып келе жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы. Біз сонау ашаршылық және соғыстан кейінгі қиын жылдары да бір-бірімізге қолғабыс білдіріп, бірлігімізден айырылмаған елміз. Өзге ұлт өкілдерін де бауырымызға басып, мейірімділік танытқанбыз. «Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты тек мұқтаж жандарға үй салып беру ғана емес, өзара бірлігіміз бен ынтымағымызды, қоғамдағы өзара келісімді, қамқорлықты арттыруға негізделген,-деді.
Осы азаматтың тұрақты баспанамен қамтылуына және құрылыс жұмыстарының сапалы аяқталуына, қажеттіліктеріне қолдан келгенше жәрдем беруде.Талай отбасыға қуаныш сыйлаған «Асар» дәстүрі ұрпақ сабақтастығы болып қала бермек.
Лизингке трактор алды
Ауданымызда ауыл шаруашылығы дамып, шаруалар мемлекет тарапынан қолдаулар көріп, шаруақожалық техникаларын жаңартуда.
Соның бір дәлелі Тоғызкент ауылдық округіне қарасты «Мержан» шаруа қожалығының төрағасы Майров Жансерік лизинг негізінде «Т-892» тракторын сатып алды.
Төраға өз сөзінде:
-Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларын қолға алып келеді. Егін және мал шаруашылығын қарқынды дамыту мақсатында осы техниканы алдым. Ауыл-қазақтың тал бесігі. Ауыл-қазақтың отаны. Ауыл-тағылымды тәлім-тәрбиенің ордасы. Қазақы қасиеттер ауылдан бастау алады. Міне, сондықтан да ауыл қамқорлықтан, жанашырлықтан қағажу қалмау керек. Қолдан келсе ауылды көркейтіп, гүлдендірейік,-деді.
Иә, ауыл мен қаланың көркеюі, жасыл желекке орануы-жарқын болашақтың кепілі. Ауылға көңіл бөлу — әрбір елді мекендегі тұрғындардың абыройлы міндеті. Сондықтан алтын бесік-ауылды көркейту баршамыздың басты парызымыз болмақ.