Жұмысшы мамандықтар дайындау жұмыстары жалғасын табуда

Жұмысшы мамандықтар  дайындау жұмыстары  жалғасын табуда

Өңірдегі ірі өндіріс орындарындағы жобалардың аяқталуына байланысты мыңдаған атыраулық жұмыссыз қалуы мүмкін. Келер жылы да бірнеше іргелі жобаның тоқтауына орай шамамен мыңдаған маманның қызметі қысқармақ. Әрқайсысы бір-бір отбасының тірегі екенін ескерсек, бұл – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына әсер ететін күрделі мәселе. Дегенмен осы тұста жұмысшы мамандықтарының құны артып келе жатқаны айқын болды: мұнай-химия саласындағы жаңа жобалар – полиэтилен мен бутадиен өндірісі білікті кадрға деген сұранысты туғызып отыр. Қажеттілік бар, мүмкіндік бар, ендігі міндет – жұмыссыз қалғандарды жаңа бағытқа бейімдеп, нарық сұранысына сай қайта даярлау.

 

2 мың адам оқытудан өтті

Иә, кәсіпорындар мен зауыттар көптеп шоғырланған Атырау облысында халықтың басым бөлігі мұнай компанияларында жұмыс істейді. Әрине, бұл мамандардың барлығы бірдей инженер немесе супервайзер дегенді білдірмейді. Олардың кейбірі бірлескен кәсіпорындарға сервистік қызмет көрсетсе, енді бірі бірнеше жыл бойы салынатын алып кешендердің құрылысында еңбек етеді. Десек те көпшілік отандық экономиканың драйвері саналатын мұнай өндірісінің айналасында шоғырланғандықтан, қызметкерлердің айлығы да басқаларға қарағанда жоғары болады.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасановтың айтуынша, өңірде тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, кәсіби дағдыларын арттыруға және әлеуметтік қолдау шараларына қол жеткізуіне бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері облыс бойынша мансап орталықтарына 58 619 адам жүгінген. Оның ішінде 34 436-сы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылыпты. Бұл – мұнайлы өлкедегі еңбек ресурстарын дамыту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстың көрінісі.

Халықты кәсіби даярлау бағытында «Skills Enbek» онлайн платформасының үлесі ерекше. Аталған жүйе арқылы жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам оқудан өткен. Соның ішінде 1 689-ы сәтті аяқтап, сертификатқа ие болып отыр. Олар ауылшаруашылығынан бастап IT, қаржы, логистика, туризм, өндіріс, қауіпсіздік, HR және smart skills сияқты 20-дан астам бағыт бойынша білім алған. Оқығандардың көпшілігі  қаржы және бухгалтерлік есеп, тамақтану қызметтері және өндіріс салаларын таңдапты.

Бұл көрсеткіштер облыс тұрғындарының заманауи еңбек нарығына бейімделу қабілетінің артып келе жатқанын аңғартса керек.

– Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бастау-Бизнес» жобасы да жоғары сұранысқа ие. Биыл бұл бағдарлама арқылы 2 мыңнан астам адам онлайн форматта кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Оның 1 256-сы оқуды толық аяқтап, жеке ісін бастауға қажетті сертификаттарын алды. Бұл бағыт болашақ кәсіпкерлердің біліктілігін арттырып, жаңа бизнес идеялардың пайда болуына септігін тигізіп отыр.

Жұмыс берушілердің нақты сұранысына сай кадр даярлау бойынша да шаралар жүргізіліп келеді. Биыл облыстан 71 адам қысқа мерзімді курстарға жіберілген. Бұл курстар өндіріс орындары мен кәсіпорындардың кадр тапшылығын жоюға бағытталыпты.

Бүгінде APEC колледжінде 95 адам техникалық мамандықтар бойынша оқытылған. Олар металл конструкцияларын дәнекерлеуші, құбырмонтаждаушы, монтаждаушы, электрмонтаждаушы сияқты нарықта сұранысы жоғары мамандықтарды меңгерді. Жалпы, жыл басынан бері еңбек нарығын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Онлайн оқыту, қысқа мерзімді курстар, кәсіпкерлікке баулу және өндірістік мамандар даярлау тұрғындардың жұмыспен қамтылу мүмкіндігін кеңейтіп, өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етуде. Бұл көрсеткіштер мансап орталықтарының жұмысында жаңа қарқын пайда болғанын және халықтың кәсіби өсуге деген қызығушылығы арта түскенін көрсетеді, – дейді Полымбет Максимұлы.

 

Заманға сай жұмысшы қажет

Бұл көрсеткіш пен сандардың артында мыңдаған отбасының тұрмыс-жағдайы мен әлеуметтік ахуалы тұрғаны жасырын емес. Ал бір-екі реттік берілетін жәрдемақы «жыртығын жамамайтыны» тағы бар. Ендеше, қайтпек керек? Елдегі белгілі экономист-сарапшылар өндірістегі кадрларды өңдеуге, мұнай-газ химия өнеркәсібіне қайта даярлау қажет деп есептейді. Өйткені бұл саланы дамытып, озық технологиялармен жұмыс істеу үшін жаңа әдіс-тәсілдерді меңгерген жұмысшы мамандар қажет. Қазірдің өзінде елдегі мұнай-газ химия кешеніне екі мыңнан астам кадр керек екен. Өндіріске заманауи құрал-жабдықтар мен қондырғылардың енгізілуіне байланысты бұл мамандықтарға сұраныс арта түспек.

Мамандардың айтуынша, бүгінде қарқын алған мұнай-газ химия саласына маман даярлаудың маңызы артуда. Себебі нарықта сұраныс өзгерген сайын талапқа сай келетін кадр даярлау – басты міндет болып қала бермек. Оны жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен бірлесіп шешу маңызды.

– Мұнайлы өлкеде Атырау мұнай өңдеу зауыты, «KPI»-ға мамандар қажет. Бүгінде технология сәт сайын өзгеріп жатыр. Оның үстіне, біздің елде бұрын-соңды болмаған технологиялар қолданысқа енгізілуде. Кадрларымыз да осы сұранысты өтеуі тиіс. Шетелдік компаниялардағыдай әдістермен жұмыс істейтін оқу тренажерларын тиімді пайдалану керек. Шыны керек, бұған дейін жоғары және орта оқу орындарында мұнай-газ химия кешеніне маман даярланбаған болатын. Демек, енді нақты өндіріске жоғары сыныпта оқып жатқан жастарды тарту керек, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Ақбөбек Шарғабаева.

Өркениетті елдерде мамандарды қайта даярлауға жіберу қалыпты процесс болып саналады. Уақыттың бір орында тұрмайтыны секілді кадрлар да заман талабына сай озық технологияларды меңгеріп отыруы тиіс.

– Жақында аймақта сұйытылған газ, полиэтилен және бутадиен өндіретін ауқымды жобалар іске асырылады. Солардың барлығына өндірістік процестерді түрлендіруге және жаңғыртуға, кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге білікті кадрлар қажет болады. Сол себепті өңірдегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарында дуалды оқу жүйесін дамыту керек, – деді бұған дейін өткен алқалы жиындардың бірінде облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.

Жақында APEC PetroTechnic колледжінде серіктес компаниялардың қатысуымен өткен индустриялық кеңес отырысында да осы тақырып талқыға түсті. Кездесу барысында колледж студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізу, дуалдық оқыту сынды маңызды мәселелер сөз болды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысының айтуынша, бүгінде болашақ мамандардың өндіріспен тығыз қарым-қатынаста болуының маңызы артып отыр. Теориялық білімнің тәжірибемен ұштасуы келешек кадрға оң септігін тигізері сөзсіз. Жалпы, зауыт студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуге және дуалды оқыту жүйесі бойынша да қабылдауға мүдделі. Өйткені өндіріске машинист, механиктер, жұмысшы мамандар жетіспейтін көрінеді.

Жұмысшы мамандықтары жылының басты мақсаты – нарық сұранысына сай жаңа буын мамандарын даярлау. Мектеп бітірер сәтте мамандық таңдайтын жастарға да бұл – маңызды белгі. Бұрғышы, дәнекерлеуші немесе монтаждаушы ғана емес, мұнай-химия өндірісіндегі жаңа технологияларды меңгеретін арнайы техникалық бағыттарды меңгеру – болашақта тұрақты жұмыс пен жоғары жалақыға жол ашады.

Демек, бүгінгі өзгерістер бізге бір нәрсені анық көрсетіп отыр: өңірге инженер де, технолог та, электрмонтаждаушы да, оператор да, бәрі де қажет. Ең бастысы – заманауи өндірістің талабына сай кәсіби білікті жұмысшы болу. Жұмысшы мамандықтарының қадірі артып тұрған қазіргі кезеңде дұрыс таңдау – ертеңгі тұрақтылықтың кепілі.

05.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 352
«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 347

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20651
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20440
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35538
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34103
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37972