Ол кезде Қабылбек Сарымолдаевтың есімін иемденген ауылдағы қарадомалақтардың арасында құқық қорғау саласында қызмет етуді мақсат еткендер жоқтың қасы еді. Тіпті, мектеп оқушыларының басым бөлігі тәртіп сақшысы болуға батылы жетпейтін. Осылайша, жас түлектердің көпшілігі гуманитарлық мамандықтарға оқуға түсуді жалғастыра берді. Сөйтіп жүргенде бір күні Қыдырбайдың баласы Қайраттың 9-сыныптан кейін Қарағанды қаласындағы «Жасұлан» әскери мектебіне оқуға түскенін естідік. Сүйінші жаңалық ел арасына тез тарап кетті. Кіндік қаны аядай ауылда тамып, Тараздай тарихы терең шаһарда ержеткен кейіпкеріміз қиындығы мол саланы таңдаған қатарластарының алды болатын. Себебі, өзге құрдастары құр қиялдап жүргенде, Қайрат білім алып, тәртіп сақшысы болуды құп көріпті. Еңбекке ерте араласқан ол бұл салада қызмет еткен бір жыл ішінде болашағынан зор үміт күттіретін маман атанып үлгерді.
Полиция лейтенанты Қайраттың құқық қорғау органдарындағы алғашқы баспалдағы Тараз қалалық полиция басқармасынан басталған. Ол бүгінде басқармаға қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етуде.
Жас жігіт саналы ғұмырын әскери өмірге арнаған марқұм әкесі Қыдырбайдың үкілеген үмітін ақтау жолында аянбай еңбек етіп жүр. Бұл тұста аяулы анасы Сандуғаш пен жалғыз бауыры Қайнардың да қолдауы ерекше. Ал, сүйген жары Мөлдірдің тілегі мен кішкентай бөбегі Дарияның сыңғыр күлкісі күні-түні қым-қуыт жұмыста жүрген оның жанына демеу.
Аптап ыстық пен үскірік аязда да жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алуды қамтамасыз ететін тәртіп сақшысының жұмысының алға басуының негізгі себебі осында.
– Қай кезде де кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында қылмыстың көбеймеуі маңызды. Өйткені, бүгінгі жеткіншек ұрпақ – ертеңгі арқа сүйер азаматтарымыз. Сондықтан, олардың тәрбиелі де білімді болып өсуі қажет- ақ. Бұл ретте ата-анасынан бастап, барлық қоғам мүшелері атсалысуы керек. Біз, учаскелік полиция инспекторлары антымызға адалдық танытып, қоғам тыныштығының күзетшісі болып жүрміз. Күнделікті жұмыс барысында жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы жадынамалар таратылуда. Біз жастарға қылмыстың өтеуі – жаза екенін жете ұғындырып, ұятты істен бойын аулақ ұстауға дағдыландыруға тиіспіз. Сонда ғана ел ішінде тәртіп орнайды. Ал, тәртіп бар жерде тұрақтылық болатыны айтпаса да түсінікті, – дейді Қайрат.
Кім біледі, бүгінгі бүлдіршін Дария бойжеткенде әке жолын жалғастырып, шен тағуды мақсат етуі де бек мүмкін. Күндіз-түні қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін Қайрат Тұрлыбаев әріптестері арасында құрметке ие. Оған тараздық тұрғындар да өз ризашылығын білдіруде.