17 ЖЫЛ ҚОРАПТА ЖАТҚАН СҮЙЕК

17 ЖЫЛ ҚОРАПТА ЖАТҚАН СҮЙЕК

Патшалық Ресейге түгелдей отарланған, кейін Кеңес үкіметінің құрамына кірген Қазақстанның Батыс өңірінде уақыт өте келе Махамбеттің жерленген жері ұмытылады. Тек 1958 жылы Орал облысына шығармашылық іссапармен барған Тайыр Жароков пен Қажым Жұмалиев «Орал өңірі» газеті арқылы «Махамбеттің қабірін білетін жан бар ма?» деп ел ішіне сұрау салдырады. Сонда қабірді білетін Тайпақ ауданының тұрғыны Құрақ Бектұрғанов деген азамат шығады. Оның үшінші атасы Бектұрған Исатай мен Махамбеттің қарулы көтерілісіне қатысқан достары екен. Ол баласы Тәшенге, Тәшен өз ұлы Дінмұхамедке Махамбеттің бейітін көрсетіп кетіпті. Ал Дінмұхамед ақсақал баласы Құраққа: 

«Махамбеттей адамдар еш уақытта ұмытылмайды, ұмытылуға тиісті де емес. Күндердің күні оның жерленген жерін іздейтін адамдар табылар. Сондықтан, балам, мен Махамбеттің басына тобылғы тігіп кеткелі тұрмын», – деп, Дінмұхамед ақсақал өз қолындағы және Құрақтың қолындағы қамшылардың сабын қайысынан ажыратып, тобылғысын Махамбет зиратының бас жағы мен аяқ жағына көмеді. Баласына тобылғының шірімейтінін ескертеді. Осыны Қ.Жұмалиев пен Т.Жароковқа әңгімелеп берген Құрал ақсақал Қаройдағы ескі қабірлер арасынан Махамбеттің бейітін тауып, басындағы 1951 жылы көмілген қамшының тобылғы саптарын тауып көрсетеді. Солай Махамбеттің қабірі 1958 жылы ғана табылады.

Ең сорақысы, 1966 жылы Ноэль Шаяхметов атты антрополог бет-бейнесін жасау мақсатымен Махамбеттің қабірін қазуға барады. Бұл туралы жанында бірге болған дәрігер Қабижан Әбисатов «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында былай әңгімелейді: «1966 жылы 9 шілдеде Махамбет бейітінің басына келдік. Ноэль Шаяхметовтің басшылығымен қазу жұмыстары басталып кетті. 20-30 см тереңдегенде лақаттың орта шенінде күрек бір қатты нәрсеге тиді. Ноэль қолындағы құралымен күрек тиген нәрсені топырақтан босата бастады, ол адамның бассүйегі болып шықты. Қарақұс сүйегінің үстінде бір мойын омыртқа мен екінші мойын омыртқаның жартысы жатты. Бассүйектен төрт терең жарақат көрдік. Ноэльдің қатыңқы қабағы ашыла бастады: 

 

«Денеден бөлек жатқан бассүйектегі жарақаттарға және тістерінің санына қарағанда, бұл, біріншіден, айуандықпен мерт болған адамның басы. Екіншіден, бұл бас денесінен шабылып алып, кейін жерленген. Үшіншіден, жасы шамамен 40 пен 50 арасындағы адамның басы. Осыған қарап, бұл Махамбеттің бассүйегі деп айтуымызға болады», – деді. 

 

Тағы да екі күрек биіктігіндей топырақ алғаннан кейін киіз үй сықырлауығының жарықшақтарына тап болдық. Сықырлауық астындағы лақаттың орта шенінен адамның қол сүйектерін, сәл төменірек жамбас, ұршық, бел омыртқаларын таптық». 

Сонымен не керек, Ноэль Шаяхметов Махамбет сүйегін Алматыға алып кетіп, 1967 жылы оның скульптуралық мүсінін жасайды. Ал ғалым Мәскеуге көшерінде Махамбеттің сүйегі салынған қорапты Алматыда тұратын апасының үйінің жертөлесінде қалдырып кетіпті. 

 

Сұрауы болмай, сүйек 17 жыл бойы қағаз жәшікте, жертөледе жатқан. Тек 1983 жылы ғана Атырау жұртшылығы Махамбеттің сүйегін алдырып, бұрынғы орнына қайта жерлейді.

 

Ел үшін жанын қиған асыл азамат тірі кезінде ғана емес, өлгеннен кейін де тыныштық көрмеді. Басынан бір айырылған дене, жамбасы тиген қара топырақтан екі айырылып, айдаладағы жертөледе қорапта жатты. Қандай өкінішті!..

Тек түрмеде ғана емес, өзін өмір бойы қапаста жүрген адам ретінде сезінген, содан құтылудың жолында қазақ тарихында басын берген жалғыз ақынның өмір тарихы осындай. 

Жазушы Берқайыр Аманшиннің тілімен айтсақ: «Махамбет халық көңілінің тұнығындағы ең асылын – еркіндікті, теңдікті, жақсы тұрмысты аңсаған арманын, ата жауына деген қаны қатқан өші мен кегін, азаматтың антқа берік адалдығы мен арыстандай ерлігін көкке көтере мадақтады. 

Махамбет жырларын оқыған адам тез тұтанып, терең тебіреніп, Исатай сарбаздарының сапында айқасқа кіргендей, жеңіс қуанышын, жеңіліс күйігін бірге кешкендей сезінеді. Ақынның құдіретті сөзінің күні бүгінге дейін сыры кеткен жоқ, сыны түскен жоқ».

Ақын аңсаған тәуелсіздікке жеткен бүгінгі ұрпақ әлі күнге дейін Махамбет жырларын оқып, бойына қуат алады, жігерін жаниды… Бостандықтың жолында қандай қиыншылық көрсе де, тәуелсіздік – Махамбеттің орындалған арманы. Ал Махамбет – осы тәуелсіз Қазақстанда шындық үшін, ар үшін, тіл үшін күресіп жүрген Мұхтар Шаханов секілді ақындардың рухани ұстазы:

Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып 

                                                 үлестен,

Ұлттық рухи мүдде шыңы – 

                             шындық үшін күрескен.

Шындық кәусар ақындыққа болу 

                                       керек асыл ән,

Шындықты айтып ер Махамбет

                                айырылған басынан.

«Ақындар аз сын сағатта сөзден 

                                             ісі зорайған»,

Десектағы «Абай қашан жол іздепті 

                                                 оңайдан?»

Ел, ұлт жайлы сырларымен,

Жыры биік тұрғанымен,

Ісі үшін мен Махамбетті биік 

                                           қоям Абайдан!

Бұл адамдық ұстанымым қалыптасқан 

                                                  талайдан.

Кім таныса Махамбетті шындығынан 

                                                 танысын.

Халқын мұңға қалдырғанмен,

Сатқынға бас алдырғанмен,

Еңкейтпестен сақтай білді ол ұлтының 

                                          өр намысын.

Жұрт сондықтан пір тұтады 

                          Махамбеттей арысын!..

..............................................

Күрес әлі жүріп жатыр шындық үшін, 

                                                     ар үшін…

Марфуға Шапиян
31.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Көтердім 51 пұт кірдін тасын
Б.МЕРГЕНБАЕВ, «Аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі - 31.08.2025 143

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17104
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16944
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32134
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30728
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34366