Шымкент – еліміздегі халқы тығыз орналасқан қалалардың бірі. Сол себепті де жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, білім саласына қатысты шешімін күткен шаруа көп. Рас, Шымкент мегаполис мәртебесін алған алғашқы жылдардың өзінде оқушылардың мектепте сыймауы, олардың үш ауысыммен оқуы күн тәртібіндегі күрделі мәселелердің бірі болды. Мұның күрмеуін шешпей, ағарту саласының адымын алға сүйреу мүмкін емесін түсінген жергілікті билік жылдам жоспар құрып, іске кірісті. Нәтиже де жоқ емес.
Ресми мәліметке жүгінсек, бүгінгі таңда мегаполистегі 275 мектепте 259 173 оқушы білім алуда. Таратып айтар болсақ, мемлекеттік 150 мектепте 206 286 оқушы, жекеменшік 125 мектепте 52 887 оқушы оқиды. Оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау мақсатында.
Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның сегізі – 2000, екеуі – 1500, жетеуі – 1200 және біреуі – 600 орындық мектеп. Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2023 жылы 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы басталып, биыл пайдалануға беріледі. Ал қалған 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы осы жылы басталады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда соңғы төрт жылда 66 мың орындық 101 мектеп ел игілігіне ұсынылған.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласында 18 білім ұясын салу жоспарланған. Бұл 28 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Білім ошақтарының 12-сі биыл, қалған алтауы келесі жылы пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Қазір құрылыс аяқталуға жақын. Ғимараттардың іші-сыртын әрлеу жұмыстары атқарылуда. Тапсырыс берушінің талабы бойынша білім беру нысандарын салуға отандық тауар өндірушілердің құрылыс материалдары қолданылуда. Білім басқармасының мәліметінше, қазір ұстаздардың біліктілігін арттыру, қосымша үйірмелерге тәрбиешілерді іріктеу жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасында мектептерді бастауыш және орта сыныптарға арналған жеке блоктармен, әмбебап акт залдарымен, балаларға арналған жеке шкафтармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, жоғары жылдамдықты интернетпен, физика, химия, биология, робототехника кабинеттерімен жабдықтау көзделген. Сондай-ақ, қауіпсіздік шараларына айрықша көңіл бөлінбек. Осы мақсатта мектеп ғимараттары террористік қауіптердің алдын алу үшін бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, есік пен блокты құлыптау жүйелерімен жабдықталады. Оқушылардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін бастауыш пен жоғары сынып оқушыларына спорт залдары мен түрлі ойын алаңдары салынады. Әр мектепте заманауи кітапхана, электронды кітапхана, оқу залы және әр қабатта коворкинг алаңдары болады. Мұның барлығы, әрине, оқу сапасына оң әсер ететіні айтпаса да түсінікті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұйыртса, биыл жоспарланған 18 «Жайлы мектептің» 12-сі оқушылар қабылдамақ. Олардың жаңа оқу жылына дайындығы жайында Шымкент қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметінен сұрау салғанымызда төмендегідей мәлімет ұсынды.
«2024 жылы пайдалануға берілетін Жайлы мектептер Шымкент қаласы әкімдігінің 12.06.2024 жылғы № 2802 қаулысы негізінде заңды мекеме ретінде Әділет органдарында тіркеліп, кадр резервіндегі 9 кандидат 01.07.2024 жылдан бастап директор лауазымына тағайындалды. Жайлы мектептің ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ: оқу жабдықтары мен жиһаздардың толық жиынтығы (бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауызсу бұрқақтары, WI-FI бар жоғары жылдамдықты интернет); жаңа модификация кабинеттері (оқу зертханалары, компьютерлік сыныптары бар физика, химия, биология кабинеттері, интеллект, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар); «Әмбебап дизайн» қағидатын ескере отырып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қажеттіліктеріне арналған мектеп кеңістігі; мектеп кеңістігінің заманауи эстетикалық тартымды сыртқы-ішкі көрінісі (ұлттық стиль, білім алушылар мен педагогтердің қауіпсіздік режимі-бейнебақылау, дыбыстық хабарлау, террористік қауіп туындаған кезде есіктер мен блоктарды бұғаттау жөніндегі функциялар және т.б.); спортпен шұғылдану үшін толыққанды жағдайлар (1-4 және 5-11 сынып оқушыларына арналған спорт залдары, мүкәммал, волейбол, баскетбол, футбол, теннис, жүгіру үшін тартан жабыны бар алаңдар); оқу және бос уақытты өткізу аймақтары (кітап қоймасы мен оқу залы, кітапханасы, электронды кітапханасы бар кітапхана, әр қабатта коворкинг аймағының болуы); білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту аймақтары (әмбебап шеберханалар мен студиялар, бастауыш кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер – тігінші, аспаз, IT, ұста және т. б.); тамақтану блоктары (асханалар, буфеттер, тамақ дайындау аймақтары, азық-түлік сақтау аймақтары бөлек және т. б.); педагогтерге арналған жабдықталған жұмыс аймақтарымен қамтылуы (мұғалімдерге арналған құрылғылармен қамтылған бөлмелер, коворкинг-аймақтар және т. б.) және оқушылар үшін қолайлы жағдайлардың болуы (оқушыларға жайлы болуы үшін дизайндық сәулет-жоспарлау шешімдер, отандық өндірістің заманауи жабдықтарымен, жиһаздарымен, оқу құралдарымен жарақтандырылуы, білім беру қызметіне ыңғайлы бұйымдармен, оқушылардың өзін-өзі дамытудың жүзеге асыруын құруға арналған жиһаздардың толыққанды құрамы, оқушылардың толық шығармашылық еркіндігі мен даму мүмкіндігі үшін жағдайлар және т. б.). Мектептердің құрылыс жайына тоқталар болсақ, Нұршуақ шағынауданынан (Достық) 2 000, Нұршуақ шағынауданынан (Ынтымақ) 2 000, Тұран-2 шағынауданынан 1 200, Тұран-2 шағынауданынан 1 200, Оңтүстік-Шығыс шағынауданынан 1 200, Бозарық шағынауданынан 2 000, 276 орамнан 1 200, Жаңатұрлан шағынауданынан 1 200, Ұлағат шағынауданынан 1 200, Нұртас шағынауданынан 2 000, Ақжар (Арғымақ) шағынауданынан 600, Шым-Сити шағынауданында 2 000, Таскен шағынауданынан 1 500 орындық мектеп құрылысы салынуда. Сонымен қатар, құрылысы 2024-2025 жылдары салыну жоспарланған 6 мектеп бар. Атап айтсақ, Достық шағынауданында 2000, Бозарық-3 шағынауданында 2000, Асар2 шағынауданында 1 500, Шым-Сити шағынауданында 2 000, Ш.Қалдаяқов көшесі бойында 1 500, Пахтакор шағынауданында 2 000 орындық мектеп құрылысын салу жоспарда тұр». «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тағы бір ерекшелігі – құрылыс материалдары мен қажетті жиһаздар отандық өндірушілердің өнімі болуы шарт. Осыған орай Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасында жуырда құрылыс салалық кеңесінің отырысы өтіп, осы мәселе талқыланды. Жиынға Палата басшылығы, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік жетекшілері, жобаның бас мердігерлері, жиһаз компанияларының өкілдері қатысты. Осы жиында Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова «Наурыз айында Шымкент қаласының әкімі жиһаз жасаушылармен, жалпы, «Жайлы мектеп» жобасына қатысушылармен кездескені белгілі. Сонда ұлттық жобаға жергілікті кәсіпкерлерді, жиһаз компанияларын жұмылдыру бойынша тапсырма берілді. Ең басты талап – жиһаз жасаушылардың CT-KZ немесе индустриалды сертификаты болуы керек. Бізде бар мәліметтер бойынша 12 мектепті салатын бас мердігерлермен 5 жиһаз компаниясы келісімшартқа тұрған. Тағы бір бас мердігердің өз жиһаз цехы бар. Біздің ендігі мақсатымыз – қалған компанияларды да осы жоба аясында жұмылдыру», – деп атап өтті. Ал, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Щәмшиева былай деді: «Жайлы мектептерді» жиһаз және оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» №70 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылатыны баршаңызға белгілі. Ол талаптар барлық қатысушыларға берілген. Қала әкімінің қазіргі таңдағы ұстанымы – шымкенттік жиһаз компанияларын осы жобаға қатыстыру. Ал басты талап жиһаздардың сапасы болып қала береді». «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік басшысы Марат Қуанышбаев «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы барлық білім ошақтары тиісті мерзімде тапсырылуы тиіс екеніне, сондықтан мердігерлер жұмыс ауқымын толық орындап үлгеруі үшін басқа да компаниялармен бірге жұмыс істеуі маңызды екеніне тоқталды.
«Жайлы мектептердің» сапасы жан-жақты бақылауға алынған. Оны халық өкілдері де қадағалай алады. Жуырда Мәжіліс депутаты, «АMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков те Шымкентке арнайы келген сапарында «Жайлы мектептердің» құрылыс сапасын арнайы аралап, өз көзімен көріп шықты.
Қазір мектеп оқушылары жазғы үш айлық демалыста. Оқушылар демалыс уақытында бос жүрмеуі, уақытын тиімді пайдалануы және сапалы демалуы үшін жергілікті әкімдік пен басқарма тарапынан көптеген жұмыстар ұйымдастырылуда. Айталық, Шымкент қаласындағы жалпы орта білім беру ұйымдарының 232 мыңнан астам оқушысын жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 9494-і жергілікті бюджеттен, 9440-ы демеушілер есебінен және кәсіподақ тарапынан 90 бала қала сыртындағы лагерьлерде және 213 400 шәкірт мектеп жанындағы алаңдарда демалады. «Осы кезге дейін мектеп алаңдарында 213 мыңға жуық бала демалыспен қамтылды. Сонымен қатар, қала сыртындағы 7 лагерьде, атап айтқанда, Түркістан облысы Төлеби ауданындағы «Бәйшешек», «Көктөбе», «Тау шыңы» және «Арыс», «Машат - Арасан», «Гаваи» және «Тур база» лагерьлерінде ауысыммен демалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар 20 маусымнан бастап Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Көлкент елді мекенінде орналасқан Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты мемлекеттік «Ақсу» лагерінде ұйымдастырылуда. Балалар үйінің 114 тәрбиеленушісі қала сыртындағы «Үшбұлақ» лагерінде демалысын жалғастыруда. Бұл шаралар оқу жылының басталуына дейін ұйымдастырылады», – деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Сауатты, тәрбиелі ұрпақ – мемлекетіміздің болашағы, ертеңгі ел тұтқасының иелері. Болашағымыздың баянды болуы бүгінгі кіші буынның тәрбиесі мен білім-біліктілігіне тікелей байланысты. Сол үшін балалардан – болашағымыздан аянып қалуға болмайды. Асылында, «ең үлкен инвестиция – балаға салынған инвестиция» деп тегін айтылмаған. Бүгін олардың сапалы оқып, саналы тәрбие алуына, салауатты өмір салтын ұстанып, денінің саулығын сақтауға жағдай жасасақ, ертең қайтарымы да орасан болмақ. Міне, атқарылып жатқан қыруар шаруаның көздеген басты мақсаты да осы. Ал шымкенттік оқушылардың білім сапасында қандай өзгерістер барын алдағы уақытта арнайылап айтатын боламыз.