АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ – ДӘУІРДІҢ ҮНІ

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ

«Qazaqstаn dauiri» қоғамдық-саяси газетінің «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы, Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» әлеуметтік-танымдық сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Ақтөбе облысында

Он сегіз жылдан бері тұрақты түрде жалғасып келе жатқан «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің дәстүрлі экспедициясы кезекті сапарын бастағаны туралы алдыңғы нөмірде айтылған болатын. Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай өңірімен қатар Ақтөбе жеріндегі сапарымыз басталды. Бас директорымыз Сәуле Мешітбайқызы бастап келген топты, жерінің асты мен үсті байлыққа тұнған, еңбекшіл елі, даңқты тұлғалары бар өңір жылы қарсы алды. Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова атындағы әуежайдан облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Мұқтарұлы Байнешов мырза күтіп алды. Жарқырап, жайнап көше шамдарымен көмкерілген Ақтөбе қаласына қарасаң, көңіл тояды. Іскер басшы, білікті жас жол бойы келе жатып алдағы үш күннің жоспарын да жасап тастады. 

«Оқитын ұлттың» белгісі баспасөзге жазылудан байқалады 

Атқан таң 13 қазан күні Әлібек Мұқтарұлы бізді бастап, облыс әкімінің орынбасары Батырхан Жолдас Нұрланұлының қабылдауына алып келді. Онан кейін облыс активімен тікелей, әр ауданның басшыларымен онлайн бір мезгілде жиналыс басталып кетті. Жиналыстың тізгінін алған Жолдас Нұрланұлы Астанадан келген Сәуле Мешітбайқызы мен Алматыдан келген Дәулетбек Байтұрсынұлын көпшілікке таныстырды. Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мен Ақтөбеде жаңадан құрылған Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Әліби Тұрсынғазыұлы баяндама жасады. Онан ары Сәуле Мешітбайқызы сөз алып, ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесі, кезектегі жағдай, баспасөз мәселесі туралы жанжүрегімен жарылып ойын ортаға салды. Әрі жинақы, әрі мазмұнды мәжілістен кейін Әлібек Байнешов бізді бастап облыс әкімі Асхат Берлешұлы Шахаровтың қабылдауына кіргізді. 

Сәуле Мешітбайқызы экспедиция мазмұнын, төрт министрлік пен екі партияның қолдап отырғанын атап өтті. Мұқият тыңдаған өңір басшысы Асхат Берлешұлы «қош келдіңіздер» деп, өз ойын айтты. Басшымен көп жылдан бергі таныстық, қызметтік қарым-қатынас жылы шырайлы әңгімеге жалғасты. Біз де: «Спорттағы биік жетістіктеріңіз, табысты жылдардағыдай, бүгінгі халыққа жасап жатқан қызметіңіз де әркез сәтті болсын! Халықтың аманатын, Президенттің сенімін әр қашан чемпиондық деңгейден түсірмеңіз!» – дедік. 

Әр кәсіптің, әр шаруаның науқанды кезеңі болады. Біздің «егін егетін»  шақ – осы күз кезі, өнім жинайтын мезгіл – жылдың басы. Жұрттың балалары «балапанды күзде санаса», біз жаңа жылдың басы – қыста санаймыз. «Оқитын ұлттың» белгісі баспасөзге жазылудан байқалады. Ақтөбенің атқа мінген азаматтары «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының жазылуына жақсы пейіл, зор қолдаушылық танытты. Сондай оң қабақ танытқанның нәтижесінде біз барған жерлерде кездескен кісілеріміз құшағын жая қарсы алып, құлақ салып тыңдады. 

  Алғашқы облыстық әкімшіліктің ғимаратындағы облыс әкімінің орынбасары Жолдас Нұрланұлы басқарып, өткізген жиналыстан кейін біздің өңірдегі іс-шараларымыздан аудан жұртшылығы хабардар болды. Сол күнгі басқосу кезінде облыстық «Aqtobe» телеарнасының директоры Айдана Смағұлова жергілікті арнаға сұхбатқа шақырды. Сәуле Мешітбайқызы екеуміз журналистің сұрақтарына жауап беріп, экспедиция, бүгінгі қоғамдық өзгерістер, балалардың жағдайы жөнінде пікір өрбіттік. Газет-журналға жазылу мен кітап оқудың маңызы да қағыс қалған жоқ. Эфирден орын беріп, телеарнаға шығаруы жұмысымызға жеңілдік, ісімізге өнімділік сыйлады. Айдана Әлімқожақызының пейіл танытуы арқасында «Aqtobe» үш күн бойы бізбен бірге жүріп, күнделікті жаңалықтардан беріп отырды. Ішкі саясат басқармасының орынбасары Динара Абдулкакімқызы экспедицияны бастап жүріп, Алға ауданы мен Қобда ауданындағы іс-қимылдарымызды үйлестіріп берді.

Үш жақтың бірлескен іс-қимылы

 

Алға ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Танжарбайұлы алдымыздан шығып, Есет Көкіұлының басынан қарсы алды. Батыр бабамыздың басына тоқтап, зиярат жасап, Құран бағыштадық. Елдің иесі болса, жердің киесі болады. Әруақ аттауға болмайды, «өлі риза болмай, тірі байымайды». Бүгінгі күннің ұлылары мен мықтылары, шынын айтқанда, өзіне дейінгі алыптар мен ардақтылардың иығына шығып алып, биіктен көрініп тұрғандар. Ендеше, іргетасымыз бен тарихи тамырларымызды еске салып отырсақ, ұрпақ адаспайды. 

Алға ауданында «Белсенді өмір сүру» қоғамдық ұйымы жұмыс істеп тұр. Зейнеткер аталар мен әжелер осы ұйымның айналасына топтасып, әртүрлі шараларды өткізіп келеді. Жиналыс кезінде Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының меңгерушісі Ақшолпан Ізтілеу сөзге алып, кітапхананың жағдайын таныстыра келе «Мөлдір бұлаққа» жазылатындарын жеткізді. Ол тағы аудандық кітапхананың оқырманы, бір оқушының «Қобыланды» жырын жатқа оқу бойынша байқауға қатысып, бір млн теңге жүлде алғанын, оның жетекшісінің де сыйлыққа ие болғанын мақтанышпен айтып берді. «Тамшы» деген жастар ұйымның да жұмысы нәтижелі жүріп жатқанын атап өтті. Екі тілде шығатын аудандық «Жұлдыз» газетінің бас редакторы Мадина Тажібекова өз ойын ортаға салып, басылымның жай-күйі туралы баяндай келе, қазіргі 1300 дана таралымды көтеруге күш салып жатқандарын жасырған жоқ. Келесі кезекте Аудандық білім бөлімінің маманы Алия Мыңжасарқызы Есенжолова сөз алып, білім  саласы аса маңызды үлкен жүйе екенін, тәрбие бағытын ұлттық құндылықтар бойынша жүргізіп отырғандарын, «Адал азамат» жобасының жақсы қызмет етіп отырғанын, «Мектеп – кітапхана – отбасы» – үш жақтың бірлескен іс-қимылы жақсы дамып жатқанын айтты.  

 

Халықтың сұранысы және  көкейтесті мәселелер

 

Қобда ауданының әкімі Ізгілік Досмұратұлы кабинетінде қабылдап, аудан активтері, жұртшылық өкілдері, ұстаздар мен ата-аналар бас қосқан мәжілісті өзі басқарып, үлкен құрметпен жүргізіп отырды. Жиналған топ Сәуле Мешітбайқызы ортаға қойған мәселелер мен тәлімді лекцияны мұқият тыңдады. Соңынан сұрақ-жауап негізінде пікір алмасты. Сөз реті келгенде ұрпақ тәрбиесі мен баспасөздің төңірегіндегі көкейде жүрген лебізімізді біз де ортаға салдық. Халықтың сұранысы мен білгісі келген мәселесі бойынша ой қосып отырдық. Әр ауданда әртүрлі түйсік, әртүрлі мақсат бой көрсетеді. Ақыл мен сезімнің бірлігі арқылы осы сөзім дәл осы жерге дөп келеді-ау деген болжаммен әңгіме қозғаймыз. Батырлардың мекені, қазақы сипаттағы аудан жұртшылығы алдында өлең оқығым келді. Сонымен «Алғашқы диалог» пен «Әлия Молдағұлова» деген жырымды ағыттым. 

Арысы жайрап, намысын қайрап сұранған, 

Әкесін ақтап, абыройын сақтап Тұраннан.

Қобда мен Нева, майдан мен тылда ізі бар, 

Оянған рухы фашистке қарсы ұраннан. 

 

Соғыстан қашу қызға айып болған, 

                                                     ерге – мін,

Атадан жол бар, анадан үлгі – көргені. 

Шапқыншыларды дәл көздеп атып 

                                                    маңдайдан, 

Қазақтан шыққан Әлия батыр, мергенім. 

 

Ұлтының ақтап үмітін және сенімін, 

Аялап қорғап майданда жүрген серігін. 

«Әкелеріміз халықтың жауы емес» деп, 

Басып тастаған шапқыншы жаудың желігін. 

 

Даланы көріп оранып өртке жай ұрған, 

Қайтарып кегін, дұшпанның бетін қайырған. 

Мүлт кетпей оның винтовкасынан атқан оқ, 

Қобдада туып, әлемге аты жайылған. 

 

Не жар сүйіп, не сәби әлі құшпаған, 

Қобданың қызы қолына қару ұстаған. 

Бабалар жолын, ақтады елдің үмітін, 

Амал не, әттең, көзінен ұшты құс – ғалам. 

 

Өзгерді ұрпақ, өзгерді заман басқаға, 

Өзіме тиген Ақтөбем және Астана.

Сендер қорғаған тыныштық мәңгі жасасын, 

Болмасын соғыс, көрмесін оны жас бала!.. 

Біз тұтас қоғам болып «Ауыл тағдыры – Ұлт болашағы» екенін толық түсінбесек, жаһанданудың тасқыны астында, дәуірдің соққан желінің ығында кетеміз. Ендеше экспедиция көп нәрсені халықтың есіне салады. Түйткілдерге жауап беріп, тоқтап қалған жұмыстарды қозғайды. Тіршілік харакеті болу үшін санада сілкініс, идеяда азаттық болу керек. Біздің экспедиция Президент Жолдауының атқарылуына, Ұлттық құрылтайдағы басты баяндаманың жұртқа жетуіне өз септігін тигізіп келеді. «Мың естігеннен бір көрген артық» деп, өз аяғымызбен халықтың алдына барып жүздесу мен жылы пікірлесу әсерлі және тиімді.     

Қобда аудандық ақсақалдар ұйымының басшысы Нұрлыбек Кереймағамбетов:

«Ресми мекемелер бар, қоғамдық ұйымдар бар, халық тілегін ескеріп, әлеуметтік желіні реттеу, кейбіреуіне тыйым салу шарасын қолданса жақсы болар еді. Өйткені, көптеген заңсыздықтар мен қылмыстың түп тамыры әлеуметтік желіде, жүгенсіз «тикток» пен ұятсыз «ютубтан» болып отыр. Балаларды теріс жолға түсіріп, азғындыққа жетектеп кетіп жатыр», – деп, өтінішін алға тартты. 

Зейнеткер Әшенова Светлана Зейнекенқызы «Алдағы жерде ұлттық құндылықты көрсететін тақырыптар оқулықтан орын алса дұрыс болар еді» деген ұсынысын бізге аманат етті. Аудан орталығынан 80 шақырым алыста тұрса да, Сәуле Мешітбайқызының келе жатқанын естіп тілдесіп, көріп қайтайын деп, 80 жасқа келген, 45 жыл ұстаздық еткен зейнеткер Латипа Өтенова апамыз да ағынан жарылып жалындаған жүрек сөздерін жеткізіп, замандасы Сәуле Мешітбайқызына екі шумақ өлең арнап жіберді. Сөзге шыққан көптеген кісілер «Экспедицияның мақсаты мен мәнін түсіндік, көтерген мәселелеріңіз маңызды әрі дер кезінде жасалып жатқан шара. Халықпен тығыз байланыс орнатып, тікелей жүздесулер жасап жүрген газет-журнал жоқтың қасы. Сіздерді қолдаймыз!» дегенді баса айтты. Кездесуге келген ағайындар: «Болып жататын көптеген жиналыстардан бұл басқосудың артықшылығы болды. Біз уақыт құртып келгенімізге өкінбейміз. Қайта санамызға сәуле түсіп, рухани байып бара жатырмыз» деп қимай қоштасты. 

Қоғам дертінен ұлттық құндылықтар құтқарады

Қоғамда оқушылар арасында заңсыздықтар мен жағымсыз жәйттер бар. Әр облыста әртүрлі деңгейде белең алуда. Ендеше, жасөспірімдер арасында ауру, рухани сырқат бар деген сөз. Біз ылғида көрсетеміз, айтамыз, сынаймыз. Соның салдарынан мектеп директорын, білім бөлімі басшысын, жауапты адамдарды айыптаймыз, қызметінен алып тастаймыз. Тек осы тәсіл ғана оқушылар өмірі мен қоғамның бет-бейнесін түзей ме? 

Бала өміріне ата-ана, мектеп, қоғам – үш жақ бірдей жауапты. Айталық, адам тәнінің дәрігері алдына келген кісіге алдымен диагноз қояды. Сонан соң анықталған ауруына байланысты рецепт жазады. Емделудің жолын, дәрі-дәрмектерді пайдалануды ұсынады. Енді салыстырып көрелік: Руханият саласындағы дерт те сол секілді. Ұстаздар – адам жанының инженері, рухани дәрігерлер. Балалар әлемінде аурудың көрінісі әр жерден қылаң береді. Ендеше, біз оны айтумен, сынаумен сауықтыра алмаймыз. Оны түзетудің, сауықтырудың жүйелі рецептін көрсетіп, нақтылы ем-шара жасауымыз керек. Ендеше, оның алдын алу тәсілі, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу» бағыты дұрыс. 

1) Ұлттық құндылықтарды ылғида санаға сіңіріп, сан ғасырдан бері жинақталған отбасы институтының тәжірибесін пайдалануға тиіспіз. 

2) Ата-бабадан келе жатқан ұлттық дәстүрдің озық үлгілерін ұрпақ тәрбиелеудің қайнар көзі ретінде қолдану.

3) Батырлар жырлары мен билер сөзін, шешендік нақылдарын әркез оқыту арқылы сөз құдіретімен ем-шаралар жасау. Оқушылардың қалғып кеткен рухын ояту. 

4) Хан-сұлтан, батыр-бағлан, жаңа дәуірдің жарқын тұлғаларының өнегелі өмірі мен іс-іздерін жастардың жадында жаңғыртып, рухани бұлақ көздерін ашу.

5) Хакім Абай «Артық білім кітапта» десе, Әбіш Кекілбай «Адамды адам еткен – кітап, адамзатты адамзат еткен – кітапхана» деген екен. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп он ғасыр бұрын оң сөзін айтып кетіпті. 

Ендеше, ата-анаға, ұстаздарға, қоғамға зор пайдасын тигізетін жол – оқушыларды газет-журнал оқуға, кітап оқуға жұмылдыру. Мектеп оқулығымен ғана шектелмей, түрлі мазмұн мен әртүрлі жанрдағы әдебиеттерді оқу – шәкірттердің жандүниесін тәртіпке келтіріп, іштей өсіреді. Ақыл-ойын кемелдендіріп, келешекке тура бағыт береді. Оқушы кітапқа бейімделген кезде телефоннан алыстайды. Пайдасыз нәрселерден шекарасын ажыратады. Ұстаздардың жұмысы жеңілдеп, мойындарынан жүгі түседі. Сондықтан да, біз жамандықты шақырып, дауысымызды қырнап ақырып айғайлай бергенше, әдіс-амалын, тиімді жолдарын ұсыну арқылы қоғамның сырқатын бірлесіп емдегеніміз абзал. 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы
22.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 58
Министрлікте өткен кеңес
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 22.10.2025 23
Ақындар айтысы өтті
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 22.10.2025 22
АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 58
Теріскейдегі жылы жүздесулер
Нұрсайын Шәріп - 16.10.2025 302
Қамбасы дәнге толған Ақмола
Д. ШӨКШІР, Ақмола облысы - 16.10.2025 297

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18970
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18830
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33995
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32548
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36354