Ертеректе, Кеңес кезеңінде 9 май үлкен мереке еді ғой. Ой, халық бір шабылатын. Мектеп оқушылары майдангерлермен кездесу өткізіп, соғыс жайлы көріністер көрсетіліп, тақпақтар оқылатын. Оның ішінде мен де бармын. Мойнымда қызыл галстук, шауып жүремін.
Ел әбігерге түсіп, Жеңіс парадын тамашалап жатқанда, біздің шағын бөлімшедегі Эрих атты неміс шопан удай мас болып, үйінде жатады. Жылдағы әдеті сол.
Кеңес идеологиясының мықты кезі, сөйте тұра Эрихтың бұл әдеті жылда қайталанады. 8 мамыр мен 11 мамыр аралығы ол үшін демалыс. Үйінде есін білмей жатады. Бөшкедей әйелі де үйелеген сиырдай екінші кереуетке теріс қарап қылжияды.
Бұл күн – олар үшін қаралы күн.
Осы аралықта ел белсенділері әбігерге түседі, 4-5 күн қой бағатын адам іздеп. Өйткені Эрекеңнен енді қайыр жоқ.
Былай қарасаңыз, қырағы көз саясат, Кеңес елінің жеңісіне көрсетіліп жатқан қарсылықты сезбеуі мүмкін емес. Бірақ дәрменсіз. Керісінше, Эрекең «ұлы жеңіске» қуанып, шылқымайға батып жатқандай сезіну басым.
Сонымен не керек, «иесіз» қойды бағу кезегі бір күні «Батыр бала Болатбек», жалын атқан пионер маған тапсырылды. Идеологияның күштілігі ғой, жүрегім өрекпіп, түні бойы ұйықтай алмадым. Үлкен жауапкершілік. Отан алдындағы борыш. Таң атпай тұрып алып, Опыраптың машинасымен ауылдан қашық емес жайлауға тартып отырдым.
Келсек, саманнан соғылған ескі кепе үйде тіршілік белгісі жоқ. Әудем жерде шитада қойлар азан-қазан маңырап тұр. Одан сәл қиыстау жерде ағашпен қоршалып, төбесі қамыспен жабылған шағын қорада ашыққан шошқалардың шыңғырған үні естіледі.
Опырап ағам кепе үйге кіріп шығып:
– Екеуі де «капут» деді.
Бұл Эрих пен әйелі удай мас дегені.
Амал жоқ, қолыма ақ таяқты алып, қойдың соңынан кете бардым. Күн ұзақ. Түске таман күн шыжып, қапырық басталды. Қойды үйге қарай жақындатып әкеліп, өзеннің талы көптеу мүйісіне иірдім. Көлеңкеге кірген соң қойлар да жата қалды. Енді мені балалық әуестік жеңді: Эрих не істеп жатыр екен деген ой.
Ақырындап үйге жақындадым. Үйдің іргесі шұрқ-шұрқ тесік. Бұл – шошқалардың ісі. Опырап шошқа сарайдың есігін шалқайтып ашып кетіпті. Бір аналық мегежін сарайдың тап алдында көлеңкеде «омырауы» жарқырап жатыр. Бауыры толған емшек. Тас кенедей жабысқан торайлар түрлі дыбыстар шығарып, таласа емуде. Денесі теңбіл-теңбіл еркек доңыз арнайы жасалған «бассейнде» рахаттана қорсылдап аунайды.
Үйдің есігін ақырын аштым. Көк түтін. Үстел басындағы екеу немісше ән айтып отыр. Үйдің іші тап-таза. Бір кезде табалдырықта тұрған мені көріп, Эрих қасына шақырды. Қорқасоқтап жақындадым. (Қазақшаға судай еді өзі). Ұйқыдан оянғанына да көп болмаса керек, шашы дуда-дудa. Көзі қып-қызыл. Әйелі де қалғып-шұлғып әрең отыр, сөйте тұра күйеуіне өзінше қызмет қылып отыр. (Әйелінің есімін ұмытыппын).
Әйелі алдыма бір уыс кәмпитті әкеп төге салды.
Үстелдің үстінде бір шиша, екі айғыр стакан, қатқан нан, шошқаның салосы, жуа жатыр.
Эрих маған қарап:
– Сендер көп нәрсені білмейсіңдер ғой, бізді Қазақстанға күшпен көшіріп әкелді ғой. Мен Германияны көрген жоқпын. Ресейде тудым. Неміспін. Фашист емеспін. Осы 9 май мейрамы маған ұнамайды. Шын айтам. Ұнамайды. Теледидарды қоссаң, қашып бара жатқан неміс, қуып бара жатқан орыс. Қайда соғыста ерлік көрсеткен өзге ұлт өкілдері? Олар болмағанда орыстар фашисттерді жеңе алатын ба еді?
Бәрі өтірік. Не навижу бәрін, – деді. Үстелдің астынан орыс арағын алып, екі қырлы стаканға толтырып құйды...
Мен сыртқа шықтым. Қой өріп барады екен. Мегежін торайларын ертіп өзеннің жағасындағы құрақтарды қопаруға аттаныпты. Тек «бассейнде» жатқан қабан ғана самарқау. Екі езуіндегі екі «мұрты» тікірейіп, маған ежірейе қарайды.
Эрихтың әңгімесінің астарын түсінбесем де, есіме таяуда ғана Германияда служит етіп келген бір ағамның айтқаны түсті. «Ой, немістер дамып кеткен ғой. Дүкендерінде бәрі самсап тұр. Халқы бай. Біздегідей дефицит деген атымен жоқ. Жолдары қалай теп-тегіс, оқтаудай түзу» деп тамсанып еді. Және ол жақтан алып келген азғантай дүниелері халыққа таңсық еді...
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК















