97 жастағы қари апа шаршамай, шалдықпай ел аралап жүр

97 жастағы қари апа шаршамай, шалдықпай ел аралап жүр

Құралай Жарбол, Жұмагүл апаның шәкірті:

– Апамен танысқаныма 15 жылдай болып қалды. Ол кісі анамдай болып кетті. Ылғи да қасыма ертіп жүремін. Өзі Қызылорданың тумасы, руы – Шөмекей, кіші жүз. Нәубат жылдары ата-бабалары шетел асып, Ауғанстанға кеткен. Бір үйдің жалғыз баласы болған. Анасы Құдайдан тілепті: «Е, Алла! Қыз болса да иманды, қолында кітабы бар бір перзент бере гөр!» – деп. Дұғасы қабыл болып, сөйтіп дүниеге Жұмагүл келеді. Әкесі 2 әйел алған, жігіттің төресі болыпты. Ата-анасы қыздарын 5 жасында ұстазға оқуға берген. Кейін Мәдина қаласына көшіп кеткен. Сонда тұрмысқа шығып, кәсіпкер болған екен. Киім тігумен айналысқан. Қасында лавкасы бар екен, тіккен киімдерін сонда сатқан. 5 уақыт намазын да тастамай, ішінде оқыған. Бірақ күндіз-түні жұмыс істеп, кішкене баласы бар, үй шаруасы тағы бар дегендей, тынбай еңбек еткен. Елбасының сонда барып қазақтармен кездесуінен кейін бұлар Қазақстанға көшеді. Осында келіп Жұмагүл апа мешітте ұстаз болады. Құран оқығанда мешіттің іші дірілдеп кеткендей болатын. Ол кісінің бір қасиеті – жүрегі Аллаға байланған. Жүзінде нұр бар. «Құранды жаттаған адам өмірінің соңына дейін, қайтыс болғанша ақыл-есінен жаңылмайды екен» деген сөз бар. Қазір де намазын оқып жүр. Оңай емес, жасы 100-ге таяп қалды, үлкен адам. Бірақ бір жерде құлап қалам-ау деп қорықпайды, Қазақстанның түпкір-түпкірін аралап жүре береді. Көкшетау, Павлодар, Семей өңіріне апарып қыдырттық. Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп т.б. бабалар жатқан қасиетті жерлерді көрсеттік. Енді Атырау, Ақтау, Маңғыстау сияқты Батыс өңірлерін аралатпақпыз. Менің ойымша, діндарлығы мен тақуалығы жағынан Орта Азияда апамызға тең келер әйел жоқ!

 

                        «Ұлт анасы» жобасының мақсаты қандай?

 

  Апамыздың қолдауымен «Ұлт анасы» деген бірлестік аштық. Жұмыс істеп жатқанына 2 жыл болып қапты. Жобаның мақсаты – рухани құндылықтарымызды, асыл мұраттарымызды насихаттау. Қазір қоғам дамып, барлық жағдай жасалған сайын әйел аналар өз бетімен кетіп барады. Бәрі дей алмаймын, кейбірі аз-маз қиындыққа шыдамай, қит етсе күйеулерін жамандап сотқа беруге, қаматуға  дайын тұрады. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Тек сабыр, төзім керек. Отбасының мықты да берік болуы аналарға байланысты емес пе? Қыздарымыз қиындыққа қарсы тұра алмай, өз-өзіне қол жұмсау немесе өздерін қатты жақсы көріп, өзім үшін өмір сүрем деп  өзімшілдікке салыну, соның салдарынан күйеуге тиюге асықпау сияқты жаман әдеттерге бой алдырып барады.  Қазір халық рухани аштыққа ұшыраған, мейірімге, жылулыққа зәру. Біз Жұмагүл сияқты абыз аналардың өнегелі өмір жолдарын, игі істерін насихаттап, өзге әйелдерге үлгі болсын деген мақсатпен осы бірлестікті ашып отырмыз.

  Мәселен 1 наурыз – Алғыс айту күні апамыз елге арнап ақ батасын берді. Қазір қазақтың әйелдері 60-70-тен асқан соң «Біз асарымызды асап, жасарымызды жасадық, шаршадық. Енді о дүниеге кетуге дайындалу керек» деп өмір тоқтап қалғандай, енжарлыққа салынып кетеді. Ал мына жасы 100-ге тақап қалған апамыз болса «Алла өзі сақтайды қайда жүрсем де» деп тәуекелге бел буып, бүкіл жерді аралап, саяхаттап жүр. 28 жылдан соң Мекке, Мәдинаға барып келді. Сол кездегі апаның қуанышын көрсең ғой! Бір жылда 3 рет барды. Апаны рухани қыздары Қарлығаш Бекпатшақызы екеуміз апарып келдік. Айтайын дегенім, қаншама сағат ұшақта отырғанда апамыз тырп етпеді, шаршадым деп айтпады. Дәретім бұзылады деп артық қимылдар жасамады. Сол кезде үлкен кісінің төзіміне, сабырлылығына тәнті болдық.

 

                            

Жұмагүл апаның  әңгімесі

Мен қалай қари болдым?

 

  Біз Аспан руынан боламыз. Әкемнің аты – Мұрат, әкесі – Ізбасар, атамыз – Ұзақбай. Әкем 5 ағайынды болған. Шешем анасы Күләйдан ерте жетім қалыпты. Руы – Кете Қарабазар. Аты – Бибіажар. Амантай деген етікшінің қызы болған. Әкесі – Көжек. Көкшетауды көп айтады, сол жақтың қызы болу керек. Анам менен бұрын бір қыз туыпты. Күйіп қайтыс болған екен. Мен ата-анамның Құдайдан сұрап алған жалғыз перзенті екенмін. Көршіміз ұстаз әйел еді. Екі қызымен қосып мені де оқытты. Мен өте зейінді болдым. Оқытқанын қағып алатынмын. Содан кіші қызы қызғанып, жылайды. Жазда ыстық болған соң, үйдің төбесіне төсек салып жататынбыз. Сонда жатып түнде аспанға қарап алып, оқығандарымды жатқа соға беретінмін. Бәрі таңғалады.  Бұл 5-тен 6-ға қараған шағым. Сол ұстаздың кіші қызымен мен оқуымды қайталап оқи бердім. Бұл маған жақсы болды. Құранның бәрін жаттап алдым. Ол кезде жоқшылық қой, әке-шешем жұрттан кітап алып беретін. Оқып болған соң қайтарып берем.

  Сөйтіп мен 30 пара Құранды 3 айға жетпей бітірдім. Шәр кітапқа салды мені сосын. Оның ішінде 4 кітабы болады. Ораза, зекет, сүннет, парыз, халал мен харам қандай, намаз, 5 парыз туралы айтылады онда. Парсыша оқып бітірдім. Физулиді түркіменше оқыдым. Қожа Ахмет Яссауиді оқып бітірдім. Кейін әке-шешем кітабын сатып алып берді. Ол сарғайып кеткен, өзіммен жасты десем де болады.  «Мұхтасарды» оқыдым. Оны бітірсең, мықты діндар боласың. Енді бастап жатқанымда ұстазым үй-жайын сатып, Меккеге көшіп кетті. Содан оқуым аяқталмай қалды. Мәдинаға келген соң да маған сабақ үйрететін әйел адам болмады. Ол кезде ерлер қыздарға сабақ бермейтін. Сонымен оқуым жалғаспай, шала білімді  болып қалдым. Анам мені қыздарға ұстаз етіп қойды. Мені 12 жасымда тұрмысқа берді. Күйеуім Кіші жүз, Сарғасқа елінен. Аты – Жарылқап. Әкесінің аты – Қуантай. «Бола ма?» десе, қайдан білейін, «иә» деппін ғой. Жарылқап 2-3 баласы бар, әйелі қайтқан еркек еді. Күйеуім ел басқарған төре, турасын айтатын сыйлы кісі болған. Ол кезде ұялы телефон, ғаламтор деген жоқ, ештеңе дамымаған. Болашақ күйеуіңнің түрін де көрместен кете бересің. Қазіргі жастар ғой бәрін біледі.

                                 

 

Ұлым да, үш немерем де қари

 

 Отбасылы болған соң оқуымның бәрі қалды ғой. Күнделікті тіршілік қамымен жүрдік. Мен тұңғышымды  босанам деп отаға түстім. Жүріп-тұруым қиындап кетті. Бірақ ол бала шетінеп кетті. Содан күйеуім тамақ пісіріп, үй шаруасын жайғастыру  үшін бір балалы келіншек алды үстіме.  Кейін ол 5 бала туып, қайтыс болып кетті. Біз ұлымыз 11-12 жасқа келгенде  Мәдинаға көштік. Жалғыз ұлды үйлендіріп, шүкір, 4-5 немере сүйдім. Ұлым  да қари. 10 пара оқып жаттап еді, әкесі қасына жұмысқа алып кетті. Қазір 3 немерем де Құранды жатқа оқып, қари болды.

  Содан кәсіп ашып, тігіншілікпен айналысып кеттім. Ол кезде әйел адам Құран оқығанға қарсы болатын. Күндіз-түні жұмыс істеп, тек жұма күні ғана демаламыз. Сол уақытта Құранымды ашып оқып қоятынмын. Арабтардың түрлі киімдерін тіктік. Ұзын көйлектер, бас киімдер, шалбар, галоштар тігетінбіз. Өзбекше, ауғанша  мақта салған сырмалы шапан-шалбар, тақиялар тігеміз түнгі 12-ге дейін. Ертесі лавкаға апарып бірден сатамыз. Қажылыққа, умраға келгендер өзбекше тігілген көйлектер алатын. Ол заманда дайын нәрселер жоқ, бәрін қолдан тігіп сататын. Келінім келгенше тігіншілікпен айналыстым да, сосын саудаға кетіп қалдым.                            

                                

Отанымызға оралып, біраз қиындық көрдік

 

  1997 жылдың аяғында күйеуім 11-12 үйдегі ер адамдарды, бала-шаға, немерелерді ертіп,  Елбасымен кездесуге барады. «Хабардан» естіп, құтты болсын айтамыз деп кетті бәрі.  Сол жерде Назарбаев «Мүмкіндік барда елге оралыңыздар. Бұл жер жайлы болғанмен, ата-бабаларыңыздың кіндік қаны тамған туған жерге ештеңе жетпейді. Балаларыңыз үшін көшулеріңіз тиіс!» – деп үгіт-насихат айтқан екен. Күйеуім елде қазақ көрсе ет асып, үйге шақыра беретін. Бірде Халифа Алтай, Рәтбек қажыны әйелдерімен қонаққа шақырып жібердік. Сөйтіп біз буынып-түйініп, Қазақстанға көштік. Бір үйде 11 адам, 2 үйлі жан болып келдік. Әуелі Түркістан облысына, сосын Алматы облысының Қаскелең қаласына көшіп келіп, сонда тұрақтап қалдық. Оның өзіне 28 жыл болып қапты. Атажұртқа келіп, біраз қиыншылықтар көрдік.  30 жыл Меккеде тұрып үйреніп қалыппыз. Мешіттерде күндіз-түні азанның дауысы естіліп, намаздың оқылу уақытын біліп отырасың.  Күні-түні шам өшпейді, айналаның бәрі жап-жарық болып тұрады. Ұрлық-қарлық жоқ, саудагерлер намаз уақытында лавкаларын ашық тастап кете береді. Қыс жоқ, жұқа көйлек пен тәпішкемен жүре бересің. Қар дегенді алғаш көруім. Күн суық. Елге жұқа киіммен келген едік. Алғаш бізді жабылып қалған ескі мектептің 1-2 қабатына орналастырды. Жарық, жылу, газ жоқ. Дәрет алуға су тапшы, сырттан тасимыз. Күніне бір мезгіл ыстық тамақ береді. Оның не адал не харам екенін білмейміз,  әбден қиналдық. Тұрғылықты халыққа үйрене алмай, біраз тосырқап жүрдік. Көбі жартылай жалаңаш жүреді екен. Орысша білмейміз, жұмыс, баспана мәселесінен қиындық көрдік. Қазірде бала-шағаммен тар ескі үйде тұрып жатырмыз. Шүкір ғой, енді бәріне үйреніп қалдық. Ең бастысы амандық болсын! Тілерім: «Қартайғанда Аллам алжытпасын, адастырмасын. Бәрімізге күш-қуат, бақ-береке берсін. Отанымыз Меккедей нұрлы, иманды, қайырлы ел  болсын!» – деп 97 жастағы қари апа батасын беріп, әңгімесін аяқтады.

          

   Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

12.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14158
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14100
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29246
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27888
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31409