Соңғы кезде әйел баласының қоғамдағы орнына, әлеуметтік жағдайы мен бақуатты тұрмысына, әсіресе қауіпсіздігіне көңіл бөліне бастады. Анасының мейіріміне бөленіп, апа-қарындастарын, сүйікті жары мен қыздарын аялаған жан әйел тағдырына әрқашан сергек болса керек. Адамзаттың нәзік жанды «жартысы», бірақ қамқорлыққа әлі де зәру. Парламент мүшесінің үй ішіндегі жанжалға «әйелдің ұзын тілін кінәлап», ал ит пен мысықты зарарсыздандыруға байланысты «біздің де көбейгіміз келеді» деген «жанашыр» былдырына не деуге болады!? Жөнсіз сөз еріксіз жирентеді. Рас, еркек пен әйел, әуелден тең емес екеуі... Себебі, бұл екеуі бірінен-бірі артық та, кем де емес, әрқайсысы өзінше, ерекше жаратылыс иелері. Халқымыздың Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғалары әйел теңдігінің қамқоры мен қорғаны болған еді.
Әйел теңдігін көтерген Тұрағұл
Сол жолы үйде Тұрағұл әкесінің қасында қалады. Отбасының өзгесі Найман Серікбайдың ауылына жолаушылап кеткен. Бұған себеп, Райхан апасының Серікбай баласы Құдайбергенге ұзатылуы еді. Өлең сөздің «қайнарынан» сусынын алаңсыз қандырған әкесі көбіне өзімен-өзі. Тойға туыстарымен бірге бармай, көп қызықтан құр қалғанына он төрт жасар бозбаланың көңілі бастапқыда қоңылтақ жүреді де қояды. Бірақ, араға жылдар салып, сол күндерге деген сағыныштан әлі талай тебіренетіні онда Тұраштың ойына келмесе керек.
Ақын-әкесінің қасында өткен күндерді оның еске түсіруіне Мұхтардың өтініші түрткі болады. Елден шыққан оқымысты азаматтың айтуынша, Абайдың өмірбаянын жазуға қажетті деректерді бере алатын санаулы жанның бірі өзі екен. Әуелгіде оған «әкесінің әдет-ғұрпын баласы жазбағы «солақай» көрінген. Алайда, екеуі ақынның айналасын түгендей келгенде, оның қатарластарының арасында «қаламға үйір, көрген-білгенін қағазға түсіре білері аз» екенін көрген соң ғана келіседі. Мойнына алған соң, есте қалғандарын жазуға Тұрағұл аса жауапты қарайды.
Ол, әсіресе әкесінің төл шығармаларын қай жылы, кімге арнап жазғанын тыңғылықты көрсетуге тырысады. Хакімнің «іні, балаларының ішінде ақын туралы осы кісіден артық мағлұмат беретін ешқайсысы жоқтығын» білетін Әуезовтің де үміті ақталған болатын. Дарынды ұлдың естелігінің Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге де көп пайдасы тиеді. Ол ақынның мінез-құлқын, өлең жазғандағы көңіл күйін, киім киісіне шейін тиянақты суреттейді. Сондай-ақ, оның әке әңгімесінен болашақ туындыларына нәр тауып, үйде қалғанын сүйіне есіне алатын кезі әлі алда.
Ұлының Некрасов шығармаларымен танысуына да әкесі дәнекер болады. Баласының әңгімеге сергек әрі зерек мінезін байқаған Хакім орыс ақынының әр сөзін мұқият оқиды. Орысша сауатты Тұрағұлдың көз алдынан қазақ әйелдерінің де тауқыметі елес береді: «Вчерашний день, часу в шестом, Зашел я на Сенную. Там били девушку кнутом, Крестьянку с молодую...». Әйел затының ауыр тағдырын бозбаланың өзі де көріп жүр. «Ни звука из ее груди, Лишь бич свистел играя... И Музе я сказал: «Гляди! Сестра твоя родная» деген жыр жолдарынан көмейіне өксік тығылады:
Өлеңнің осы жеріне келгенде, Хакімнің дауысы құмығып барып, үзіледі. Иә, қарындасың сенің... Екеуі де іштерінен тынып, бір уақ үнсіз қалған. Әкесін қаракөз қандастарының да басыбайлы күң есебіндегі тағдыры күйзелтетінін әуелден біледі. Қазір де өлең оқи отырып, олардың ауыр тұрмысына ақынның қабырғасы қайысатынын да сезеді. Әсілі, Абай көңіліне жаққан өлеңді сөзбе-сөз тәржіма жасамайды. Ақын «жүрегінің түбіне» бойлап, оның жан толқынысы мен айтпақ ойын сезінгенде барып қаламын сия сауытқа батырады.
Осы үлгімен кейін Тұрағұл да қолына алған дүниесін жіті зерделеп алған соң ғана оны қазақ ұғымына түсінікті етіп, «сөйлетеді». Абайдың дарынды перзентінің көркем аудармалары төл әдебиетіміздің төрінде тұруға әбден лайық. Ақын ұлының А. Неверовтан жасаған «Я хочу жить», «Большевичка Мария» әңгімелерінің тәржімасы соның айғағы. Сол секілді Максим Горький мен Джек Лондонның «Челкаш» пен «Баланың ерлігі» әңгімелерінің аудармалары да оқырманын баурап алады: біріншісінде адал еңбек ардақталса, екіншісінің балалар үшін танымдық мәні ерекше.
Шығарма тақырыбын таңдаудағы Тұрағұлдың талғампаз шеберлігі де тәнті етеді. Қаламгердің руханият қазынасына қосылған «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мария» әңгімелері жаңағы пікіріміздің бұлтартпас дәлелі. Осы аталған, «Я хочу жить», «Большевичка Мария» көркем туындылардың тақырыптарын қазақшасында «Менің өмір сүргім келеді», яки «Мен өмірге құштармын» және «Большевик Мария» деп қоя салмайды. Тағы бір назар аударарлығы, Тұраш ел-жұртына пайдасы тиеді деген туындыларды ғана қолына алып, жатық тілмен әдіптейді.
Аудармашының А.Белицер, С.Пири-долин мен Г.Сперанский шығармаларының тәржімасынан соны ұғамыз. Мәселен, «Қолдағы малдың, құстардың құрт ауруы болмағының жайы», «Мал шаруасының насихаттары» және «Балалы әйел не білуі керек?» деген ақыл-кеңес қосу тұрғысындағы дүниелердің ел-жұртқа қазір де пайдалы екені даусыз. Әкесімен оңаша қалған күндерінде Хакімнің, әсіресе қазақ арасындағы әйел адамның ауыр тағдыры хақындағы әңгімесінің шығармашылығына тың тақырыпты меңзеп, қаламын ұштай түскенін кейін өзі де мойындайды.
Ол өзі танитын немесе оқыған ақындардың ешқайсысының қазақтың сұлу қызын, тап әкесі бейнелегендей, әсем суреттей алмағанына сенімді. Хакімнің өлеңдері, әсіресе жастар бас қосқан ортада жүректерді «қытықтайды». Бүгін де айлы түнде жадындағы өлең оның тілінің ұшына оралады: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған, Бір жаңа ұқсатамын туған айды...». Алайда, мұндай көпшілік бас қосқан жерде, шығарманы бір адамға толық жатқа соғу қай-да? Жиналғандар өлеңге таласа-тармаса араласады.
Басқасын қойшы, құрдасы Барлықбай, өзін аңдып тұрғандай, киіп ала жөнеледі. «Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды... – деп, ару қызбен бетпе-бет жүздескендей алабұртады: – Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағыналы, Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды». Ол да, бірақ өлеңді басы бүтін «еншілей» алмайды. Бұдан әрі тағы біреуі іліп ала жөнеледі: «Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар, Үлбіреген тамағын күн шалмайды... Қолаң қара шашы бар жібек талды, Торғындай толқын ұрып, көз таңдайды».
Абайдың өзге өлеңдері секілді ғашықтық жырлары да осылай ауыздан-ауызға «көшіп», яки жазбаша түрде қазақ сахарасына «қанат қағады». Олар әйел баласына деген шынайы махаббат пен аялы сезімді өнеге тұтып, олардың «күң есебіндегі» ауыр тұрмысына араша болады. Әсіресе, жас жігіттерге «Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме!.. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, Ата-ананың қызынан ғапыл қалма...» немесе «Ғашықтық тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл...» – деп, санадағы «тұманды» сейілтеді.
Қыз-келіншектерге өз басында еркі жоқ мал секілді қарайтындарға деген ақын-әкесінің ашу-ызасынан Тұрағұлдың да қабағы түйіледі. Амал қайсы, жесір дауының да ел ішін өзара қырқыстырып, барған сайын титықтатып тұрған кез еді. Замандасы Мүсірәліден естуінше, Абай әйгілі «Қарамола ережесіне» әйел тұрмысына да қатысты ұсыныстарын қосады. Мәселен, әмеңгері болмаса, әйел адам қайта сатылмай, оған еркіндік берілетін болады. Адам теңдігі, еркек мен әйелдің теңдігі сияқты жаңа ұғымдар қазақ елінің, әсіресе оқыған жастардың арасында қолдау табады.
Көрнекті ғалым С. Зиманов жастардың ойы «қазақ қыздары мен әйелдерінің ауыр халін жеңілдету... әдет-ғұрып заңдарын ақылмен пайдалану», – деп жазады «Абай – ұлы билердің соңғысы» атты еңбегінде. Осы орайда Тұраш әкесінің Топай руынан Әліман, Мамайдан Ақбордақ деген жесір әйелдерге, Жуантаяқ пен Сыбаннан тиісінше Қадиша, Зылиқа сияқты қыздарға бас бостандығын алып бергенін біледі. Әмеңгерліктің де жөнімен атқарылуына деген әкесінің қатаң талабынан әйел тағдырына жанашыр көзқарасы қалыптаса береді.
Абайдың би ретінде, сондай-ақ Көкше руынан еркек есімді Батырбай мен Аналық деген жесір әйелдерге байланысты дауды әділ шешкені мәлім. С. Зиманов «Абай бұрынғы билерден Ресей отаршылдығы дәуіріндегі билердің айырмашылығын... билердің де өзгеріп бара жатқандығын, әділдіктің азайғанын өкінішпен суреттейді», – деп атап көрсетеді. Асы көрнекті ғалым әрі қайраткер Салық аға осылай баға бере отырып Абайдың «бұл билік деген біздің қазақ ішіндегі әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді...» деген тұжырымына назар аударады.

Абай шығарған ереже зорлық-зомбылыққа қарсы
Себебі, «Бұған бұрынғы Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Әз-Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде жиын болғандағы «Жеті жарғысын» білмек керек». Сондықтан «ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ» («Абай туралы естеліктер», «Қаламгер», 2017. С. Зиманов – 454 б.). Ендеше, Хакім жазған «Қарамола ережесі» әйел бақыты тұрғысынан да маңызды құжат.
Жалпы, «Қарамола ережесі», оның авторының қазақтың ұлы билерінің соңғысы екенінің дәлелі. Абай Ережені жазуға өткеннің жол-жоралғысын мұқият саралай отырып кіріседі. Құжат 1885 жылы Семей губерниясына қарасты бес ояз елдің төтенше сиезінде қабылданады. Тұрағұл әкесінің би ретіндегі осы еңбегінен де әйел адамның хал-жайына байланысты терең тағлым түйеді. Әйелдің бақыты үшін оны күйеуінен де айыруға болатынына көзі жетеді. Демек, әділетке жүгінер болса, кез келген бидің әйелдің басына еркіндік әперуге мүмкіндігі толық көрінеді.
Осыны ескере отырып, ұлы ақын «Қарамола ережесінде» мыналарды атап көрсетеді: «қазақ салт-дәстүрі бойынша күйеуден әйелді айыруға болады, күйеуі белсіз, яки астының жазылмас ауруы болса...». Бұған қоса «күйеу қыздан 25 жас үлкен, яки бір мүшесі кем болса» қалыңдық пен күйеуді ажыратуға болады (41-бап). Хакім кәрі шал мен жас қыздың некелесуіне үзілді-кесілді қарсы: «Ортасында бұлардың махаббат жоқ, Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен? – деп ашынады ол. – Біреуі – көк балдырған, бірі – қурай, Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?..».
Ереже ескінің басқа да зорлық-зомбылығына тыйым салады: «қалыңдығы өліп қалып, балдызы жездесіне бармаймын десе, алған қалың малын қыз әкесі күйеуіне қайтарып береді» (45-бап). Демек, дау да тәмам, себебі, әйел үйдің «мылқау» жиһазы, еркегінің меншігіндегі мал емес. Ал, «Күйеуі өлген жесір әйел сүйсе, күйеуінің бір туысқан бауырына, яки ағайынына тиеді, егер сүймесе, ықтияры өзінде» (46-бап). Бұған қоса «күйеуі өлген әйел баласы жоқ болса да, бар болса да күйеуге тимей отырса, күйеуінен қалған барша малдың» иесі болып табылады.
Ал, «егерде күйеуі өлген әйел күйеуге тиемін, шығамын десе, барлық күйеуінен қалған малынан баласы болмаса, сегізден бірін, баласы болса, алтыдан бірін алады...». Жесір әйел екінші рет сатылмайды: «Тұл әйел күйеуге тисе, екінші қалың мал алынбайды» (50-бап). Сөйтіп, әкесімен оңаша қалғанында Тұрағұл өзін мазалаған бірқатар сауалға жауап табады. Соның бір парасы М.Әуезовпен бірге жазатын «Адамдық негізі – әйел» атты мақалаға арқау болады. Баланың өсіп, ержетуіндегі әйел-ананың орны туралы ойлар оның отбасында алған өнегесі еді.
Ал, әрбір жанның өзі ұнатқан адамның кейбір мінез-құлқын қалай көшіріп алғанын да байқамай қалатыны бар. «Адам баласы бір үлгі аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен күштеп алады, – деп жазады аталмыш мақалада Мұхтар мен Тұрағұл. – Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды. Бұған қарағанда, біздің ой-буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол анамыз... Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз».
Әйел – ұлт болашағы
Мақала балаға қасиетті анасының ақ сүтімен беріліп, мейірімімен даритынын баса көрсетеді: «өмірінде әділет, мархамет, махаббат деген нәрсенің атын естімеген, харекеті үй іші мен от басынан, ғайбат өсектен аспаған анадан ақ жүрек, адал ниетті қамқор жан тууы мүмкін бе?». Бұдан әрі қос автор өз ойларын былай дамытады: «кейін бұл бала қандай оқысын, қандай үлгісі мол ортада жүрсін, әуелгі анадан алған өрнек ішкі сырының арқауы болады...». Анадан «қонған» қасиет «қара тастай болып салмағы бір кезде көрген, естіген, білгенінің бәрін басып жатып алады.
Ләкин, «ана талқысынан асқанда бала шет жағалап әке ақылына құлақ салады». Қос анасының бауырында жақсы жетіліп, ерте есейген Абай жастарға «Басында әке айтпаса ақыл жарлық, Ағайын табылмаса ой саларлық, Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?» – ескертеді. Олай болса, «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық, Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық». Бұдан әрі ол «Керек іс бозбалаға – талаптылық, Әртүрлі өнер, міне, жақсы қылық...» екенін үлгі тұтады.
Мақаладағы ой-тұжырымдар әйел баласын әспеттейді: «Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел, – деп жазады Мұхтар мен Тұрағұл. – Адам баласының адамшылық жолында таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Сондықтан «...қазақ мешел болып қаламын демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!». Бұл сөздердің маңызы әрқашан ерекше және ұрпаққа мәңгілік аманат.
Сондықтан әйел бақыты түрік-қазақтың, әсіресе данышпан тұлғалардың арманы еді. Зерттеушілер «Қорқыт ата» кітабында әке мен бала, аға мен іні секілді ер мен әйел арасындағы сүйіспеншілік, бірі үшін екіншісінің жан беруге әзірлігі тамаша суреттелетінін жазады. Майқы би айтқан «Жаман еркек жар қадірін білмес, Жаман әйел ер қадірін білмес» деген тәмсілдің сәулесі Абай мұрасынан да көрінеді: «Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй, Қоржаң, суық келеді кей сасық ми. Ері ақылды, қатыны мінезді боп, Тату болса, риаз (гүлбақша – Қ. Мұхамедханұлы) үстіндегі үй».
Ер жынысы мен әйел жынысы ұлы ақынның шығармаларында тең дәрежеде бағаланып, махаббат пен өзара сыйластық айрықша дәріптеледі. Осы орайда, ақынның немере інісі – кемеңгер Шәкәрімнің түйдей құрдасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай деп жазады: «Не тапты?» – дегенде, «Жылқы тапты!» – дейді. «Қыз, шіркін, бала есебінде ме?» – дейді. Өсіп, жетілуіне қарамай, сата бастайды, саудаласа бастайды. «Ғылым-білім, үлгі-өнеге алсын!» – деу қайда?! Қараңғы бір бұрышқа қағып қойған қададай: «Қозғалма, үйден шықпа!», «Қызға қырық үйден тыю деген» – дейді».
Ал, «Малға сатып алған соң, ата-анадан қадір-құрмет көрмегенді кім қадірлейді, кім құрметтейді?! «Маған келдің бе, малға келдің!» – дейді. «Ұрғашының шашы ұзын, ғақылы қысқа» – дейді... «Қатын – шайтан қамшысы» дейді». Бұдан әрі Мәшһүр Жүсіп «Дүниенің еркек – бір қанаты, ұрғашы – бір қанаты... Екі қанатпен ұшқан құс қандай ұшқыр?!.. Мұсылман халқы ұрғашыны бүркеп, жасырып, кісіліктен қалдырғандықтан, сыңар қанат құс сықылды, дәнемеге жарамай қалғандығы сол», – дейді (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, 10-том, 204, 205-б.).
Абай Құнанбайұлының асыл мұрасы ақынның «адамзаттың қақ жарымы» әйел баласын ардақ тұтуының жарқын айғағы. Ұлы ақын әрі ойшыл өлеңдері мен қара сөздерінде және М. Лермонтов пен А. Пушкиннен аудармаларында махаббатқа адалдықты ерекше ардақ тұтады. Ғашықтық пен құмарлықты шатастырмауды атап көрсете келіп, «Қызды сүйсең, бір-ақ сүй таңдап тауып» – деген өсиет айтады. Хакімнің осы ұстанымы біз тілге тиек еткен «Қарамола ережесінен» де айқын көрінеді. Абайдың әйел заты туралы адамгершіл көзқарасы Тұрағұл мен Мұхтардың берік ұстанымы.
Ақын-әкенің сәулелі сөзі мен қайраткерлік қызметі кейін, оның ұлы Тұрағұл мен Мұхтар Әуезовтің «Адамдық негізі – әйел» мақаласына да арқау болады. Әлбетте, Мұхтар Омарханұлының өзі жазып, көрсетпесе, «Адамдық негізі – әйел» мақаласының екінші авторы Тұрағұл екенін білмес те едік. Олай болса, бастапқы сөзімізге қайта оралайық: «әйел мен еркек, әуелден тең емес екеуі...». Бұл пікірмен енді Сіздің де келісеріңіз анық. Өйткені, ол екеуі мынау ғаламат сын әрі ғажайып сый – адам өмірінің егіз және бір-бірінен ерекше жаратылыс иелері екені кәміл.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ,
жазушы















