13 мамыр күні Түркия президенті елімізге мемлекеттік сапармен ұшып келді. Қадірлі мейманды Астана әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қарсы алды. Еліміздің шекарасына енген сәттен елорда әуежайына дейін Түркия Президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты. Ал трап алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп, жалауша ұстаған балалар Режеп Тайип Ердоған бастаған Түркия елінің ресми делегациясына: «Атажұртқа қош келдіңіз!» деп, екі тілде қошемет көрсетті. Сол сәтте Түркия мен Қазақстан туларын желбіреткен тікұшақтар алаң үстімен ұшып өтті. Ал әуежай терминалында жас өнерпаздар Түрік елінің көшбасшысына арнап «Домбыра» композициясын орындады.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мырзаның Қазақстанға келуі түркішілдікті қолдайтын қауым үшін елеулі оқиға саналды. Ештеңеге селт етпейтін қарапайым ағайын үшін жай ғана шетелдік президенттердің келіп-кетуіне баланды. Ал ресейшіл топтар үшін Түркия президентінің ата жұртына ат басын бұруы, оған Қазақстан тарапының асты-үстіне түсіп, күтіп алуы ұнамағаны жазған-сызғандарынан мен мұндалап тұрды. Іші күйгендер тұз жаласын!

Ұшақтан зайыбы Эмине Ердоғанмен бірге түскен Түркия президентін қазақ балаларының домбырамен әндетіп қарсы алуы кешегі Алаш арыстарының ізгі арманының жалғасындай көрінді. Сол сәтте бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай сезілді.
Тек Астанада Түркия Президентінің бәйбішесіне ұйымдастырушылардың орысша таныстырылым жасағанына біраз сын айтылғанын жасыруға болмас. Ел мәртебесін көтеретін игі істерде ең болмағанда қазақша сөйлейтін бір адамды дайындауға көп ақылдың керегі бар ма? Осыған сол ортада жүрген бір адамның санасы жетпегені қынжылтады, әрине!
«Бұл – біздің әлі дұрыс ел, унитарлы мемлекет болып қалыптаспағанымыздың, ұлттық санадан, ұят-намыстан жұрдай екендігіміздің белгісі. Маргиналдар біздің егемендігімізді қорлады», – деп әлеуметтік желіні шулатып жатқандарға не айтарымызды білмей қалдық, расы. Қитықтан ситық шығаратындарға ұйымдастырушылардың ерсі әрекеті біраз тұздық болды.
Жә, дейік. Кім не десе де, Түркия президентінің Қазақияға ұшып келуі екі ел арасының бекемделуіне, сауда-саттық мәселесінің көркеюіне, екі жақты дипломатиялық қарым-қатынастың нығаюына әсер етуі сөзсіз! Білмегендер біле жүрсін, Түркия – ата жұрттан отау тігіп шығып, империя құрған ел. БҰҰ-да әскерінің көптігінен АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұрған мемлекет.
Бұл сапар – Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) және ОА географиялық аймағының елдері үшін аса маңызға ие екенін ерекше айтуымыз керек. Қазақстан да, Түркия да «Орта держава» деңгейіндегі мемлекеттер. Аймақтық процестерге ықпал ете алатын мемлекеттер. Сонау Тұрғыт Озалдың кезінен күні бүгінге дейінгі Түрік басшылары Қазақстанға ерекше ықыласпен қарайды, сайын даламызды «Атажұрт» деп атайды.

Екі мемлекет арасында саяси әріптестік те, экономикалық әріптестік те, сауда-саттық та, мәдени-тарихи байланыстар да жақсы жолға қойылған. Ал енді керегі – қос мемлекеттің әскери өндірістік саладағы интеграциясының тереңдей түскені. Иә, қазірдің өзінде бірлескен әскери жобалар жоқ емес. Мысалы: Қазақстан түріктің ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаруды жоспарлап отыр, сондай-ақ Каспий теңізінде теңіз платформаларын салу бойынша ASFAT (Әскери зауыттар мен верфтерді басқару басқармасы) мекемесімен ынтымақтастық орнатуда. 2026 жылы екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персонал транзиті туралы келісім ратификацияланды. Әскери барлау саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама бекітілді. Түркия қазақстандық әскери қызметшілерді, соның ішінде Әскери-теңіз күштерін оқытуға белсенді қатысуда.

Бір-біріне бәсеке боп отырған қос әскери блоктың мүшелері бола тұра, Қазақстан мен Түркия бұл бағытта байланыстарды арттыруға мүдделі-ақ...
Ал ТМҰ-дың болашағы қандай? Бұл өз алдына бөлек тақырып.
Қазақия тәуелсіздік алғаннан бері Түркия президенттері (1991 жылдан бері) кемі 15-16 рет Қазақ жеріне сапарлап келген екен.
Тұрғыт Озал 1991-1993 жылдары келіп-кетіпті;
Сүлейман Демирел 1992, 1994, 1995, 1999 жылдары келіп-кеткен екен;
Абдолла Гүл бірнеше мәрте келіп-кеткен;
Режеп Ердоған 2015, 2017, 2022, 2023, 2026 жылдары келген.
Ердоған мырза Қазақстанға осымен бесінші рет келіп отыр. Бұл дегеніміз, екі ел арасындағы қарым-қатынастың зор деңгейде екендігін, бір-біріне деген сенімнің мықты екендігінің айғағы.
Екіжақты кездесуде ынтымақты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің VI отырысы өтті.
ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ТАУАР АЙНАЛЫМЫ
39 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН
Жыл сайын экономикалық байланыс та нығайып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі $5,4 миллиардты құрап, 8,8 пайызға өскен екен. Биылғы бірінші тоқсанда тауар айналымы шамамен 39 пайызға өсіп, $1,7 млрд-қа жеткен. Мұны екі есе ғана емес, он есе арттыруға болады. Оған екі тараптың да мүмкіндігі зор.
Негізі қазақ-түріктің қарым-қатынасы ежелден бастау алады. 2023 жылы Түркияда жер сілкінді. Бәріміздің үрейіміз ұшып, зілзаладан зардап шеккен халықты уайымдап, бірге алаңдадық. Сол төтенше жағдайдан зардап шеккен Газиантеп провинциясына Қазақстан мектеп салып беріпті. Қожа Ахмет Яссауи деп аталады. Қазір түрік балалары оқып жүр онда...
Екі мемлекеттің президенттерінің кездесуінде 14 мыңға жуық жерлесіміздің түрік оқу орындарында білім алатыны әйгілі болды. Шымкентте де бір университеттің филиалы ашылмақшы.
Екі ел президенттерінің кездесуінде теміржол жүк тасымалының көлемі артқаны айтылды. Түріктің көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс саласынан үйренетініміз көп.
Айтпақшы, онкологиялық дертті анықтап, емдейтін клиникалары да Алматыға келіп жатыр. Көлік-логистика саласындағы қазақ-түрік ынтымақтастығы экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Былтыр теміржол жүк тасымалының көлемі 6,4 млн тонна, ал Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша 4 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 млрд доллардан асыпты. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты, алыс-берісті әртараптандырып, одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.
Түркиядан қандай тауар келетінін білеміз. Ал бізден ол елге не тасымалданады? Президент Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады деді. Оның жалпы құны 630 млн доллардан асатынын және түрік бауырларымызды Қазақстанмен озық тәжірибесін бөлісуге, елімізге инвестиция салуға шақырды. Айтпақшы, Түркияның ірі фармацевтика алпауыттары – Abdi İbrahim және Nobel компаниялары Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосқаны осы кездесуде айтылды. Бұл дәрі-дәрмек бағасының арзандауына ықпал етері анық.
Түркия – бауырлас мемлекет қана емес, Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Астанада президенттер шағын құрамда келіссөздер жүргізіп, кейін Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысына қатысты. Қазіргі таңда екі ел арасындағы экономикалық әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Соның ішінде энергетика саласы ерекше маңызға ие. Қазақстан мен Түркия мұнай-газ секторында, геологиялық барлау бағытында және ірі бірлескен жобаларды іске асыруда өзара мүдделі.
Мысал ретінде «Баку – Тбилиси – Жейхан» құбыр желісін айтуға болады. Бұл бағыт Қазақстан мұнайын әлемдік нарықтарға тұрақты жеткізуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар энергетика және сабақтас салаларда тәжірибе алмасу мен инновациялық шешімдерді енгізу де күн тәртібінде тұр. Көлік-логистика саласы да екіжақты ынтымақтастықтың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол жүк тасымалы 6,4 млн тоннаға жетіп, 35 пайызға артқан. Геосаяси жағдайларға байланысты Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне деген қызығушылық артып келеді. Осы тұрғыда Тоқаев түрік компанияларын Құрық пен Ақтау порттары арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыттағы жобалар Маңғыстау өңірі үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашып, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі көлік дәліздерінің біріне айналуына жол ашады. Мемлекет басшысы Түркия Президентін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды өз халқын алға бастап келе жатқан әлемдік деңгейдегі салиқалы басшы және саясаткер ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтті.
– Өзіңіздің көреген бастамаңызбен қолға алынған тиімді реформалардың нәтижесінде Түркия тұрақты өсіп-өркендеу жолына түсті, зор табысқа жетті, ықпалды және қуатты держава атанды. Біз түрік ағайынға әрдайым тілекшіміз, бауырлас елдің әр жетістігіне қуанамыз. Президент Ердоған – жаһандық саясатта әділдік пен жауапкершілік қағидатын табанды түрде қорғап жүрген аса көрнекті қайраткер. Сіздің «Әлем бестен үлкен» атты тұжырымдамаңыз баршаға белгілі. Бұл халықаралық қатынастар жүйесіндегі теңсіздікке қарсы айтылған батыл үндеу екені сөзсіз. Сонымен қатар Режеп мырза түркі және ислам өркениетінің ынтымақтастығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарып келеді. Өзіңізді түркі әлемі мойындаған беделді көшбасшы десек, артық болмайды. Сіз туыстас елдердің рухани және саяси тұтастығын бекемдеу жолында аянбай еңбек етіп жүрсіз. Қадірлі Режеп Тайип Ердоғанның тікелей қолдауының арқасында Түркі мемлекеттері ұйымы қысқа мерзім ішінде ықпалды құрылым ретінде қалыптасты. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Түркі инвестициялық қоры секілді маңызды институттардың жұмысы жандана түсті. Біз мұны жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның арасында сан ғасырлық тарихи сабақтастық бар екеніне тоқталды.
– Біздің тегіміз бен дініміз – бір, діліміз ұқсас. Қазақ пен түрік жұртының тереңнен тамыр тартатын бауырластығы бүгінде стратегиялық серіктестікке ұласты. Сіз достық қарым-қатынасымызды нығайтуға, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосып келесіз. Сол үшін өз атымнан және барша Қазақ елі атынан Сізге зор алғыс айтамын. Ұлы дала – түбі бір түркі халықтарының атажұрты, ал Түркістан – оның қастерлі қазынасы, рухани астанасы. Киелі шаһар тұтастығымыздың нышаны, төл өркениетіміздің алтын бесігі саналады. Сондықтан біз ертең өз жұмысын бастайтын Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін Түркістан төрінде өткізуді жөн көрдік. Алқалы жиын ағайын елдердің арасын жақындатып, ықпалдастығын күшейте түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын! – деді Түркия Президенті.

НИЕТ-ТІЛЕКТЕР БІР АРНАҒА ТОҒЫСТЫ
P.S.: Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияға қол қойды. Құжат екі елдің саяси, экономикалық, логистика, энергетика және қорғаныс салаларындағы ынтымақтастығын одан әрі күшейтуді көздейді.
Тоқаевтың айтуынша, Түркия – Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің бірі. Қазіргі таңда түрік инвестициясының көлемі $6 млрд-тан асқан. Ал екі ел арасындағы сауда айналымын $15 млрд-қа жеткізу жоспары бар. Бұл декларация тек символикалық құжат емес. Сарапшылар оны Орталық Азия мен түркі әлеміндегі ықпалды геосаяси қадам ретінде бағалап отыр. Әсіресе Транскаспий дәлізі, энергетика және қорғаныс салаларындағы ықпалдастықтың маңызы артып келеді.
14 мамыр күні Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Жиында көп мәселе шешілді, нақты іс-шаралар айтылды, келешекте атқарылар қыруар шаруалар нақтыланды. Сондай-ақ кеңесте ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді. Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыздан асып, 360 млн долларға жуықтаған. Бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр. Атап айтсақ, Tiryaki Agro қолға алған глютен мен крахмал өндірісі, Alarko Holding салып жатқан жылыжай кешені бар.
Мемлекет басшысы Түркия Қазақстан үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес саналатынын атап өтіп, тамыры терең байланыстар қос халықтың мызғымас достығын одан әрі нығайтуға ықпал етіп отырғанын айтты.
– Қазіргі таңда қазақ-түрік екіжақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатыр. Елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мемлекетаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдастығымыз да жоғары деңгейде. Түрік делегациясының құрамында бір топ депутаттың және партия мүшелерінің болуы – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар екі елдің экономикалық ынтымақтастығы күшейе түсті. Түркия ірі инвесторларымыздың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 млрд доллар инвестиция тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 млрд долларға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі – негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақтап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз. Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын дамытуға тың серпін беретіні анық. Бұл мәселе бойынша екі елдің де ниет-тілегі – бір, сондықтан әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де мол деп айтуға толық негіз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз кезегі келгенде Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған республикалық референдумда халық қолдауына ие болған жаңа Конституция Қазақстанның ынтымағын арттыра беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясында барлық салада нығайып келе жатқанын айтты.
– Қадірлі бауырыммен өткізген кездесуде саудадан бастап энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ жаһандағы өзекті мәселелер секілді көптеген тақырыпта пікір алмастық. Біз сауда айналымын 15 млрд долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 14-ші отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың маңызына тоқталдық. Инвестиция саласында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз. Бүгінгі бизнес-форум сияқты іскерлік ортаны біріктіретін іс-шаралар екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санаймын, – деді Түркия Президенті.
15 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін Түркістан қаласына барды. Сол күні халықаралық жиынға қатысу үшін Түркістанға төрт елдің президенттері келді. Мәртебелі меймандарды Түркістан халықаралық әуежайында еліміздің ресми өкілдері қарсы алды.
Бейресми саммит аясында түркі мемлекеттері арасындағы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК















