Бұл күндері тотыдайын таранған Түркістан бұрынғысынан да құлпырып, құрметті қонақтарды қабылдауға барынша дайындық жасады. Қайда қарасаңыз да гүлденген, түрленген әдемі көрініс. Төрт қақпалы Түркістанға шығыс беттен кіре берісте қазақ халқының ынтымағы мен бірлігінің символы саналатын Тайқазан композициясы қарсы алады. Ерекше сәулеттік ұтқырлықпен жасалған композицияны әуеден қарағанда Түркі мемлекеттері ұйымы туының бейнесі көрінеді. Жаңа тайқазан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы тарихи тайқазаннан бес есе үлкен. Композицияның биіктігі – 10,4, диаметрі – 12 метр. Оң жақ бетінде ұлттық мәдениетті дәріптеуге және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа этнотуристік кешен мен мұндалайды. Жалпы аумағы 707 шаршы метр болатын кешеннің басты нысаны – диаметрі 31 метр, биіктігі 15,5 метрге жететін алып киіз үй. Оның айналасында бірнеше киіз үйлер орын тепкен. Мұнда түрлі форумдар, этнофестивальдер, халықаралық көрмелер мен мәдени шаралар өткізу жоспарланған.
15 мамыр. Әуежай құрметті қонақтарды күтіп алуға әзір. Әскери жасақ салтанатты жағдайда сап түзеген. Алты мемлекеттің туы желбіреп тұр. Таңертеңнен бастап Түркі мемлекеттерінің басшылары мінген ұшақтар бірінен кейін бірі қонып жатыр. Сағат тілі 10:40 минутты көрсеткенде Өзбекстан Президенті мінген ұшақ келіп қонды. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бастаған топ Шавхат Мирзиеев делегациясын құрметпен күтіп алды. Дәл осындай құрмет Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мемлекеттерінің басшысы Режеп Ердоған, Илхам Әлиев, Садыр Жапаровтарға да көрсетілді. Бақылаушы елдердің өкілдері мен ұйымның Бас хатшысы, Ақсақалдар кеңесі мен түркі ынтымақтастық ұйымдарының жетекшілері маңызды жиынның құрметті қонағы болды.
Жасанды интеллект пен цифрлық дамудағы 5 мәселе
Биылғы саммиттің Түркістанда өтуі кездейсоқ емес. Тарихы терең, түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен рухани тамырын тоғыстырған шаһар бүгінде түркі әлемінің саяси әрі мәдени ықпалдастығын нығайтатын маңызды орталыққа айналып келеді. Қасиетті жұма күніне жоспарланған Саммит қарсаңында Өзбекстан мемлекетінің Түркістанға тартуы ретінде салынған 5000 орындық іргелі мешіт жамағатқа есігін айқара ашып, алғашқы намаз оқылды. Қонақтар Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат етті. Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған кесенеге османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құранды сыйлады. Міне, қасиетті жұма күні өткізілген Саммит осындай рухани құлшылық рәсімдерімен бастау алды. Бұл бауырлас елдердің ортақ құндылығының өміршең болуына септігін тигізсе керек-ті.
Түс қайта Қазақстанның төрағалығымен «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына ұйымдастырылған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті басталды. Бірден айтайық, бұл Саммит қандай да бір әскери одақ немесе геосаяси ұйым емес, бұл бауырлас елдердің ортақ мәдениет, рухани жақындастық, идеологиялық кеңістікті қалыптастыруды, экономикалық байланысты нығайтуды көздейді. Бұл жайында Мемлекет басшысы өз баяндамасында «Соңғы кезде ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық. Мақсаттары елдестіру емес екендігі де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санаймын. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды. Кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл бауырлас елдердің сауда-экономикалық жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беру керек. Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз», – деп атап айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында тағы қандай мәселелерге басымдық берді?
«Біріншіден, сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізген жөн.
Екінші мәселе: Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет. Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, CubeSat-12U ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады.
Үшіншіден, білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын. Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз. Бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технология салалары бойынша түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырған жөн деп санаймыз.
Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарабынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді. Биыл Қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады. Бұл – айрықша мәні бар стратегиялық ресурс. Сол себепті Қор барлық стартапқа қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды қызмет көрсетуге тиіс. Мүше мемлекеттерді осы міндетті жедел жүзеге асыруға шақырамын.
Төртінші мәселе. Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа Turkic ai атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз.
Бесінші мәселе. Жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.
Бұл жоба көптілді форматта жасалуға тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады.
Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын.
Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі. Орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдаланған жөн деп санаймын. Бұл университетке қажетті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі. Бұған қоса, біз Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды жоспарлап отырмыз. Онда дала халықтарының тарихы мен мәдениеті кеңінен насихатталмақ. Ұйымға мүше мемлекеттерді және барлық бауырларымызды осы жобаны қолдауға және оған белсенді қатысуға шақырамын.
Келесі маңызды мәселе технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет. Жақында Түркі Академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді бір ізге келтіруге және ортақ ғылым кеңістігін нығайтуға ықпал етпек. Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы.

Ердоған түркі әліпбиін енгізуге шақырды
Бейресми Саммитке қатысқан Түркі мемлекеттерінің басшылары өз баяндамаларында бауырлас елдерге ортақ бірқатар мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған түркі мемлекеттерін ортақ түркі әліпбиін кеңінен енгізуге шақырып, 2024 жылы қабылданған 34 әріптен тұратын бірыңғай түркі әліпбиі білім беру, мәдениет, ғылым және цифрлық трансформация салаларында белсенді қолданылуы керектігін айтты. Ортақ түркі әліпбиі жобасы түркі халықтарының өзара түсіністігін жеңілдету және мәдени байланысын нығайту мақсатында әзірленген.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев киберқауіпсіздік бойынша Түркі альянсын құрып, жасанды интеллектті пайдалану үшін жалпы этикалық нормаларды жетілдіруді, 2027 жылды түркі әлемінде «Табиғатты қорғау жылы» деп жариялауды, транспорт мәселесіне қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Қырғызстан Республикасының президенті Садыр Жапаров өз еліндегі жасанды интеллект жайын таныстыра келіп, ТМО-ның бұл саладағы бірлестіктің маңыздылығына арнайы тоқталды. Бүгінде Қырғызстанда халыққа 145 мемлекет қызмет онлайн режимде қолжетімді екен.
«Біздің аймақ еуразияның жүрегінде орналасқан. Бұл – стратегиялық мүмкіншілік. Егер де біз транспорттық каридорды электронды плаформалармен біріктіре алсақ, түрік мемлекеттері дүниелік тауарларды тасу жүйесінде маңызды рол атқара алады», – деген Садыр Жапаров бауырлас елдерді алдағы қыркүйек айында Қырғызстанда өтетін алтыншы әлемдік көшпенділер ойынына белсенді қатысуға шақырды.
Сөзін Қарабақ жерлерінің инфрақұрылымын қалпына келтіруге үлес қосып жатқан бауырлас мемлекеттерге өз алғысын жеткізуден бастаған Әзербайжан елінің Президенті Ильхам Әлиев түркі кеңістігінде цифрлық интеграцияны, соның ішінде «Цифрлық Жібек жолы» жобасын жүзеге асыруға шақырды. Сонымен қатар, Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын дамытудың өзектілігіне тоқталды.

Бір қуантарлығы, Саммитте бас қосқан Президенттердің әрқайсысы баяндаманы өз Ана тілдерінде жасады. Бір-бірінің сөздерін түсіну аса қиындық тудырмағаны байқалды. Жалпы, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (ТМЫК немесе Түркі кеңесі) 2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия президенттері қол қойған келісім негізінде құрылды. 2021 жылғы қарашада Ыстамбұлда өткен ТМЫК VIII саммитінің қорытындысы бойынша ұйым Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) болып қайта аталды. Осы жылы Түркістан декларациясы қабылданып, оған сәйкес Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланды.
Саммит аясында Түркістандағы Қолөнершілер қалашығында арнайы мәдени бағдарламалар ұйымдастырылып, шетелден келетін 17 қолөнерші өз жұмыстарын ұсынды. Бұл шара Түркістанның халықаралық мәдени диалог орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі күшейтуге негіз болды. Қалада керамика, зергерлік өнер, ағаш өңдеу, былғары бұйымдарын жасау және кілем тоқу дәстүрлері ғасырлар бойы сақталып келеді. Қазіргі таңда өңірде 130-дан астам қолөнер шебері еңбек етуде. Түркістандық шеберлердің бұйымдары ұлттық нақышының ерекшелігімен, сапасымен және заманауи дизайнмен үйлесуі арқылы ерекшеленеді. Әсіресе керамика және этно-стильдегі сувенирлік өнімдер шетелдік туристер арасында жоғары сұранысқа ие. Соңғы жылдары өңірге келетін туристер саны айтарлықтай өскен. 2025 жылдың алғашқы алты айында облысқа 1 миллионнан астам турист келген. Оның ішінде шетелдік туристер саны 20 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Әзірет Сұлтан түркілік рух пен ислам өркениетін үйлестіре білді. Оның мәдени мұрасы Ұлы далада ғана емес, Анадолы жерінде де өшпес із қалдырды. Түркі әлеміне ортақ көптеген ғұламалар Әзірет Сұлтанның ізбасары саналады. Осы тұста әйгілі Юнус Эмрені ерекше атап өткеніміз жөн. Тұғырлы тұлғаның туындыларынан Ясауи ілімінің ықпалын анық көруге болады. Осындай үндестік қазақтың бас ақыны – хакім Абайдың шығармаларынан да байқалады. Түптеп келгенде, ұлы ғұламаның ғибратты жолы ұлтқа бағдар, ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Мен Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістанға арнайы барып, Әзірет Сұлтан рухына құран бағыштадым. Сол сапарымда мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапатты Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табыстау қажеттігі жөнінде айттым. Соған сәйкес тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – шын мәнінде, беделі биік, бағасы жоғары марапат» екенін айтты. Міне, осы марапаттың тұңғыш иегері Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған атанды. Сондай-ақ, Өзбекстан тарапынан Түркістанға тарту ретінде салынған зәулім мешітке Мемлекет басшысы тарапынан «Миромон» есімін беруді ұсынды.
Бейресми саммит қорытындысы бойынша жиында айтылған барлық мәселелер негізінде бауырлас бес мемлекеттің басшылары Түркістан деларациясына қол қойды.

Сарапшылар не дейді?
Түркістанда өткен бейресми саммит жөнінде түрлі деңгейдегі сарапшылар не дейді? Олардың да ой-пікірлеріне құлақ түрген едік.
Сейдулла САДЫҚОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология (журналистика) ғылымдарының докторы, Түркістанның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері:
– Түрік халықтары үшін түстіктегі Түркістан қаласының орны ерекше. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түрік халықтарының атажұртындағы олардың басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Тарихи дамуда түрік атаулы алып бәйтеректің аясында қазақ, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрік, татар, башқұрт, қарақалпақ, тағы да басқа тектес халықтардың дербес мәдениеті, әдебиеті, ғылым саласындағы мұралары кең өріс тауып, түрік әлемі деген ұғымның ұшан-теңіз рухани қазынасын қалыптастырады десек, осынау ұлы істе Түркістанның атқарар рөлін ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
Кубанычбек ОМУРАЛИЕВ, Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығының Бас хатшысы:
– Түркі мемлекеттері ұйымы рухани-гуманитарлық һәм экономикалық байланыстарды нығайту жолында көп еңбек етіп келеді. Мәселен, ұйым шеңберінде алпысқа жуық платформа яки бағыттар бар. Олардың қатарында ғарышты бірге игеру секілді тың жобаларды да атауға болады. Солардың бастамасында осы ұйым тұр. Көптеген түркі халықтарының мәдениеті мен рухани бірлігін көздейтін бірлестік, одақтар осы біздің Түркі мемлекеттері ұйымының аясында жұмыс істейді. Тек руханият емес, экономикалық тұрғыдан да бірлесу біз үшін өте маңызды. Сондықтан ұйым осы бағыт бойынша бірнеше өзекті жобаларды қолға алып отыр.
Сұлтан РАЕВ, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы:
– Қазақстан елінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, Түркістан түркі дүниесінің рухани астанасы. Шындығында, Түркістан жәй ғана қала емес. Ол бүкіл түркі өркениетінің алтын қазығы. Түркістан тек бір өлкенің немесе қала атауының шеңберінен тыс жатқан ұғым. Асыл бабамыздың ізі қалған қасиетті мекен барша түркі халықтарының ортақ тарихы мен болмысының түпкі атауы.
Қолға алынған жобалар мен мақсат-мүдденің нәтижесінде соңғы жылдары түркі халықтары арасында мәдени ынтымақтастық тереңдей түсті. Соның аясында халықаралық деңгейде көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Әсіресе жастарға арналған бастамалар өте көп.
Булент БАЙРАМ, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті:
– Өз басым саммитті пікір алмасу алаңы ғана емес, түркі жұртын мәдени-гуманитарлық һәм экономикалық салалар бойынша өзара ынтымақтастықты арттыратын, байланыстарды күшейтетін басқосу деп санаймын. Сондай-ақ бұл жиын бүгінгі геосаяси жағдай ушыққан әлемде бауырлас халықтардың бір-біріне жақын болуын ұғындырып отыр. Түркі халықтарын біріктіретін құндылықтар оның тілі, дәстүрі мен діні. Қай жағынан алып қарасақ та, осы үштаған бауырлас елдердің ортақ рухани тірегі болып табылады.
Енді ынтымақтастық ауқымын кеңейтетін, өзара қарым-қатынасты нығайтатын кез келді. Оның сәті осы саммит арқылы айқындалып отыр. Мені түркі халықтарының интеграциясы жылдан-жылға тереңдеп жатқаны ерекше қуантады.
Әділ СЕЙФУЛЛИН, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі, саясаттанушы:
– Бұрынғы уақытта түркі интеграциясы көбінесе тіл, дәстүр, ортақ тарих, Ясауи мұрасы, Нахчыван рухы, түркі әлемі деген секілді ұғымдармен астасатын. Қазір күн тәртібі әлдеқайда маңыздырақ болып тұр. Ол цифрландыру, жасанды интеллект, көлік дәліздері, энергетика, сауда, деректер қауіпсіздігі сияқты мәселелерге ойысты.
Түркі мемлекеттері ұйымының болашағы өте зор. Бірақ, ол өздігінен жүзеге аса салатын үдеріс емес. Ең басты үміт – ұйымның Орталық Азия, Кавказ және Түркия арасындағы «алтын көпірге» айналуы. Сондай-ақ ол Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Оңтүстік Кавказ арасын жалғайтын баламалы сауда бағыты ретінде де өз ықпалын күшейте алады. Егер бауырлас елдер осы саммитте электронды құжат, кедендік дерек, цифрлық платформа, төлем жүйелері мен киберқауіпсіздік стандарттарын ортақ талапқа көшіруге келіссе, сауда-саттық та әлдеқайда жылдамырақ жүрер еді. Қазір түркі елдері көбінесе шикізатпен, азық-түлікпен, машина жасау өнімдерімен, тоқыма және ауылшаруашылығы тауарларымен сауда жасайды. Енді келесі деңгейге көшетін уақыт келді. Ол дегеніміз бірлескен зауыттар ашу, агроөңдеу, машина жасау, фармацевтика, IT-қызметтер саласын ортақ дамыту. Сондай-ақ, білім мен адами капитал мәселесі де маңызды. Осы ретте университеттер арасындағы байланысты күшейтіп, студент алмасу, ортақ білім кеңістігі, дипломдарды тану секілді бастамаларды қолға алудың тиімділігі жоғары.
Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін нақты механизмдер керек. Байланысты тереңдету үшін бірінші кезекте саудадағы кедергілерді азайту қажет. Кеден рәсімдерін жеңілдету, сертификат, ветеринарлық және фитосанитарлық құжаттарды өзара тану маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та цифрлық технология бастамасын көтергенде осы мақсатты көздегені анық. Екіншіден, ортақ логистикалық саясат керек. Оған порт, темір жол, көлік жолы қатынасы, тарифтер, контейнерлік тасымал мен жүкті цифрлық бақылау кіреді. Егер Қазақстаннан Түркияға жүк ұзақ, қымбат әрі қағазбастылықпен жетсе, ешқандай да ынтымақтастық ұзақ өмір сүре алмайды. Ал бұл тығырықтан шығудың төте жолы – ортақ цифрлық интеграцияға көшу. Бұл орайда Мемлекет басшысының тиімді ұсыныстары ұйымға мүше елдер тарапынан қабылданып, келешекте іске асырылады деген үміттемін.
Сүйінбай СҮЙІНДІКОВ, Халықаралық қатынастар сарапшысы, саясаттанушы:
– Мемлекет басшыларының бейресми саммитінің ресми басқосудан айырмашылығы, мұнда ешқандай хаттамалық шектеулер болмайды. Яғни президенттер емін-еркін отырып, бір-біріне көкейінде жүрген сауалдарын қойып, өзара пікір алмаса алады. Саммитте цифрлық технология, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік мәселелері талқыға түсті. Меніңше, бұл тақырып бүгінгі таңда нағыз күн тәртібінде тұрған мәселе. Өйткені әлемнің дамыған елдері осы күнде цифрлық технологияны игеру бағытына қарай жол тартып жатыр. Осы орайда түркі мемлекеттері көш соңында қалып кетпеу керек. Түркі халықтары жаңа цифрлық технологияларды құраушы мемлекетке айналуы тиіс. Ол үшін бауырлас елдердің кадрлық мүмкіндігі де, қажетті инфрақұрылымдық даму әлеуеті де жеткілікті.
Жасанды интеллект технологиясын бірлесіп дамыту және бірыңғай цифрлық жүйені тездетіп қолға алудың маңыздылығы айрықша. Мәселен, Түркиядан келетін жүк көліктері Қазақстанға 25-30 күнде жетеді. Қазақстаннан жөнелтілген жүк те бір ай көлемінде Анадолы еліне жетіп барады. Кедендік рәсімдер жүк көліктерінің жету мерзімін 10 күнге ұзартып жібереді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін түркі мемлекеттері арасында ортақ кедендік база платформасы керек. Сонда цифрлық жүйеге көшкен кедендік рәсімдеу бар-жоғы 40-50 минут уақытты алуы мүмкін.
Цифрлық технология бойынша түркі халықтары ішінде көшбасшы екі елді атай аламын. Олар: Түркия мен Қазақстан. Мәселен біздің елімізде Астана хаб орталығы жұмыс істейді. Оның басты қызметі цифрлық технологияны дамыту, жасанды интеллектіні қоғамның барлық саласына ендіруге атсалысу. Дәл осындай орталықтар Түркия елінде де бар. Ендігі міндет Қазақстан мен Түркия тәжірибесін басқа түркі мемлекеттеріне де енгізіп, ортақ цифрлық база қалыптастыру. Түркі елдері байланысының бүгінгі аяқ алысына қарай отырып түбі осындай тығыз интеграциялық қарым-қатынас болады деген болжам бар».
Шадияр МЕКЕНБАЙҰЛЫ,
Түркістан қаласы















