Бұдан он бес жылдай бұрын осы басылымға Алматы облысы бойынша меншікті тілші болып қызметке келгенімде нақты дәлелдермен «Адамдар айуанға айналып барады» деген мақала жазып едім. Ол кезде мерзімді баспасөзге деген жақсы көзқарас бар еді. Мақала дереу оқырмандар арасында қызу талқыланып, оң бағасын алып, біраз уақыт пікір алысуларға ұйытқы болған.
Қазір заман жаңарды, уақыт өзгерді. Біздің елде ғана емес, жұмыр жер шарының кез келген өңірінде орын алған оқиғаларды әп-сәтте оқып, хабардар болып отырамыз. Толассыз аққан өзендей ақпараттар жүйесіне құйылған жаңалықтар қазір таңсық емес. Алайда біздің елде орын алған жан шошытар қанқұйлы жағдайларды оқып, танысып, жағамызды ұстайтын сәттеріміз жетерлік болып отыр. Біздің сана-сезімімізде ұлтымыз өте момын, жанашыр, сабырлы, қайырымды, кешірімді, рухани дүниесі бай адамдар болып қалыптасқаны жалған емес. Әрине, халықтың басым көпшілігінде осындай қасиеттер бар екеніне күмән келтірмеймін.
Біздің ұлттың менталитетімен мақтана аламыз. Менталитет – белгілі бір ұлтқа, халыққа немесе әлеуметтік топқа тән дүниетаным, ойлау ерекшелігі, эмоциялық сипат және мінез-құлық үлгісі. Ол адамның өмірді қалай қабылдайтынын, құндылықтары мен салт-дәстүрлерін қалай ұстанатынын көрсететін терең мәдени-психологиялық құбылыс.
Ал қоғамда болып жатқан көптеген қанды оқиғалармен таныссаң, еріксіз «Адамдар азғындалып бара ма?» деген бір жаман ой оралады. Алысқа бармай-ақ, өткен жылы Атырау облысында бір отбасын қасақана өлтіріп, көміп тастаған қанішерлік оқиғаға қатысы бар жігіттің азғындық іс-әрекетін естігенде «Мынау адам ба, әлде айуан ба?» деген заңды сұрақ туындайды. Өзінің мүгедек туған әкесін соғып өлтіріп тастаған жігітті қасқырдың қатарына жатқыза аламыз ба?! Қасқыр екеш қасқыр да мұндай қатыгездікке бармайды екен. Қалжырап, қартайып, жүрістен қалған көкжал қасқырларды алдын орап, аңшылардан қорғайтын жас қасқырлар тобын ауыл малшылары талай көргендерін аңыз қылып айтып отырғанын естідім.
Тағы бір адам шошырлық жағдай: «ойнап жүріп от басқан» бойжеткен нәрестесін жасырын туып, өлтіріп, көміп тастаған жерін ит қазғанын кездейсоқ көрген мал бағып жүрген жас жігіт тауып алып, дереу тергеліп, жазықты қыз торға тоғытылды. Ал тірі нәрестені қапшыққа салып, күл-қоқысқа лақтырып немесе әжетханаға туып тастап кеткен қыздарға қандай «баға» береміз? Қатыгез азғын десек бола ма?
Иә, заман бұзылды ма, адам бұзылды ма? Аш-жалаңаш жүрген бұл маңда бала-шаға шамалы. Мемлекет көп балалы отбасыларына қолдан келгенінің барлығын жасап, көмек көрсетіп жатыр. Бірақ қазіргі жастардың арасында, әрине бәрі деуден аулақпыз, бір қанағатсыздық, тойымсыздық, екі жеп биге шығып байысақ, балқып-шалқып жүрсек деген өзімшілдік қағида қалыптасқан. Ол байлықты маңдай терді төгіп, еңбек етіп табу керек деген тәлім-тәрбиені тыңдар құлақ жоқтың қасы болып барады. Осындай оңай олжа, «жолдағы жатқан батпан құйырықты» іздейтін ұл-қызға дем беріп, әуектететін ата-аналар жетерлік. Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап бетіне жел тимесе екен, жүзіне жан баласы қарамаса екен, қолы талып жұмыс істемесе екен, басы ауырып, балтыры сыздамаса екен деп шыр-пыр болып жүрген ата-аналар да баршылық. Олар ұл-қыздарына өмірде кездесетін сан түрлі қиыншылықтарды жеңе білуге, адал, еңбекқор болып, қатал сынақтарға төтеп беру қажеттілігін айтып тәрбиелеуге тіптен құлықсыз. Басынан сөз асырып көрмеген, аялап, алақанға салған бала ата-анасының қамқорлығын түсініп, бағаласа дұрыс қой. Ал ақыл-санадан жұрдай болса, отбасына қасірет әкелетіні белгілі.
Айдың-күннің аманында өткен жылдары Талдықорған қаласының бір колледжінде жаңадан оқуға қабылданған жасөспірім баланы жатақханада бірер курс жоғары оқитын студент жігіт пышақтап өлтіріп кетті. Кішкентай қаланың іші у-шу болды. Жасөспірімнің бар кінәсі өзінен үлкендеу жігітті байқамай «қағып» кетіпті. Мұны қорлау деп қабылдаған жігіт оқу ғимаратының қабырғасында жаңа келген жасөспірімді әжетханаға шақырып алып, қанын ағызып пышақтап өлтіріпті. Болғаны осы. Білім аламын деп армандап келген бір үйдің өрімдей баласының өмірі осылай қыршынынан қиылды. Боздап жылаған ата-анасын кім жұбата алады?
Бұл не? Адам өмірі «ойыншық» па? Қолын қанға былғаған жігіт те ауқатты отбасынан шыққан екен. Соншалықты өшпенділік, ызақорлық пен қанішерлікті қайдан үйренген? Жазықсыз төгілген жасөспірімнің қаны енді оның қолынан жуыла ма? Өзінің басын бәйгеге тігетіндей не жанына зор келіпті? Енді жазаға кесіліп, қараңғы қапасқа қамалды. Ол кеткен жағынан «кім» болып оралады?
Ғаламтордан, теледидардан күні-түні көрсетіліп жатқан коммерциялық фильмдер адам өлтіруді, зорлық-зомбылықты, тонау, зорлауды үйрететініне күмән келтірмейміз. Алайда ата-ананың, ұстаздардың, қоғамдық ортаның өсіп келе жатқан ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиесі қағаз жүзінде олқы екенін мойындамасқа болмайды.
Ата-ана демекші. Өз қызын зорлаған әкені не деп атаймыз? Бұрын-соңды болмайтын мұндай сұмдықты ауыз барып айтуға батылың бармайды. Ютубтан оқығанда денең тітіркенеді. Қасқыр екеш қасқыр да қас қылмайды баласына деген ұғым бар. Ал әйелін ұрып өлтірген бұрынғы министрдің аты-жөнін оқырман жақсы біледі. Бұл оқиға жалғасын тауып, талай әйелдер зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқаны жаңалық емес. Осыдан біраз бұрын ғана араққа сылқия тойып алған күйеуі әйелін машинасымен қағып өлтірді. Соңында шырылдаған, оң-солын тани қоймаған екі бүлдіршін қызы жетім қалды.
Соншалықты кісі өлтіру оңайға айналып кеткені несі?! Мынадай жайнаған заманда, халықтың тұрмыс жағдайы едәуір жақсарған уақытта адамдар ақылынан адасып, азғындалып бара ма? Әлде адамдар деградацияға ұшырады ма?
Нұрила БЕКТЕМІРОВА,
Жетісу облысы














