Кешелі-бүгін Алматыда «Қазақстандағы АЭС құрылысының экономикалық аспектілері. Энергия қауіпсіздігі мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Мұнда жиналған экономист сарапшының көпшілігі елімізде АЭС салу мәселесін тездетіп шешу керектігін баса айтты. Алайда әзірге нақты жобаның қаңқасы ғана бар. Реактор жеткізушісі қай мемлекет болатыны да белгісіз. «Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігін қарастыру» туралы баяндама жасаған «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин: «Еліміздегі алғашқы атом электр станциясы 2035 жылға қарай пайда болуы мүмкін. Дайындық жұмыстарының кезеңі шамамен бес жыл болады. Бұл уақытта ТЭН мен ЖСҚ әзірленеді. АЭС құрылысының негізгі кезеңі алты жылдай болады. Жобаны іске асыру мерзімі шешім қабылданған күннен бастап шамамен 10-11 жылды алады. Бүгінде әлем бойынша 441 атом электр станциясы жұмыс істейді. АЭС 32 елде бар, олардың ішінде АҚШ, Франция, Жапония және Үндістан көш бастап тұр. Алдағы уақытта алғашқы АЭС Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркияда пайда болады. Бұл тізімге Қазақстан да қосылуы мүмкін», – деді.
Мамандар алғашқы энергоблокты энергия нысанын салу үшін белгілі бір дайындығы бар Балқаш ЖЭС жобасының алаңын таңдап отыр. Қазір мұнда жабдықталған жұмысшылар кенті тұрғызылып, ауызсу дайындайтын өнеркәсіптік қондырғы салынған.
Бұдан бөлек, алаңды тегістеу жұмыстары жүргізіліп, негізгі жабдық пен су жинағыш үшін іргетасы аяқталмаған шұңқыр қазылып қойған. Дәлірегінде, 110/10 кВ ашық тарату құрылғысы салынып, оған құрылыс алаңын электрмен жабдықтау үшін 10 трансформаторлық қосалқы станция жүргізіліпті. Соған қарағанда, дайындық жұмысы басталып та кеткен. Тек Қытай, Корея, Ресей, АҚШ және Франциядан 6 вендордан түскен техникалық-коммерциялық ұсынысты қарап, бір тоқтамға келу ғана қалған сияқты. Бұл мәселеге қатысты мамандар пікірі әрқалай. Мәселен, ҚР инженер-энергетиктер одағының директоры Марат Дұлқайыров: «Бұл мәселені 1998 жылдан бері айтып келемін. Ендігі елімізде АЭС салынып жатуы керек еді. Одан бері тек сөз жүзінде ғана айтып келеміз. Әсіресе, еліміздің оңтүстігі энергия тапшылығын сезініп отыр. Кеңестік кезеңнен келе жатқан құралдар апатты жағдайда тұр. Олар әрі кетсе, он жыл ғана жұмыс істейді. Сосын оған ешқандай жөндеу жұмысы да көмектесе алмайды. Мына келіссөздер енді қанша жылға созылуы мүмкін? Бос әңгімені қысқартып, тезірек құрылысты бастау қажет. Қазақстанда энергияның 70 пайызы көмір арқылы қамтамасыз етіліп тұр. «Париж келісіміне» сәйкес, екі жылдан кейін трансшекаралық көмір салығы енгізіледі. Сосын біздің экономика бәсекеге қабілетсіз болып шыға келеді. Ал бізде газ жоқ. Айналып келгенде, АЭС салу – ең ұтымды шешім. Және оны еліміздің солтүстік, батыс, оңтүстік өңіріне де салу қажет. Себебі біздің облыстардың арақашықтығы алыс», – деді. PhD, «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығының директоры Алмаз Әбілдаев болса: «АЭС-тің жұмыс істеу өтілі 80 жыл деп есептеледі. 20-25 жыл қарыздардан құтылсақ, қалған 50 жыл өзімізге жұмыс істейді. Сондықтан үшінші, төртінші буындағы АЭС салыну керек деп санаймын. Тіпті, екі энергоблок қана емес, энергия тапшылығы басым өңірлерге де салынуы қажет. Уран экспорттау жағынан алдыңғы қатарда бола тұрып, өзінің АЭС-ін салмау логикаға қайшы. Мұны ауқымды түрде ойлау керек. Егер Беларусь, Өзбекстан мемлекетінің әдісін таңдасақ, яғни тікелей қаржыландыруды мемлекет мойнына алса, ең ұтымды шешім сол болар еді. Сонда бәрі ашық, шынайы түрде жүзеге асады. Ал оның бағасы қанша тұратыны он бес жылдан кейінгі әңгіме. Қазір қай елдің реакторын таңдаймыз, қай мемлекет салатыны талқыланып жатыр. Жапония реакторын таңдасақ, атом станциясын салу 25 млрд АҚШ доллары тұрады. Бұл кезде энергия құны да соғұрлым қымбат болады. Егер Ресей салса, оның құрылысына 12-14 млрд доллар кетсе, бағасы да сәйкесінше арзан. Тағы бір мәселе, сол мемлекеттер 50 жылдан кейін АЭС-тан бас тартуы мүмкін бе, жоқ па, сол кезде ядролық отынды кім дайындайды, мұны да ескеру керек. Ашығын айтсақ, Жапония 44 млрд долларға, Франция 42 млрд, Ресей 25 млрд долларға салып береміз деді. Бірақ оның шешімін нақты билік айтады. Негізі, мемлекет өзі кепілдігін алып, қаржыны төлеуі керек», – деген пікірде.
Түйін:
Сонымен, бүгін бұл мәселе Алматыдағы талқылаудан бөлек, Елордада да сөз болды. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов: «Стансаның қуаты шамамен 2,4 ГВт болады. Оны орнату аумағына келсек, Балқаш таңдалатын шығар. Өйткені бұл аумақ баяғы Кеңес заманынан бері жіті зерттелген. Дегенмен, нақты құрылыс аумағы мен технологиялары жөнінде бір тоқтамға келген жоқпыз», – деді. Айта кетейік, 13 мамырда Энергетика министрі АЭС құрылысы бойынша зерттеу жыл соңына дейін жалғасатынын айтқан еді. Сондай-ақ, Қазақстанға АЭС салуы мүмкін 4 мемлекет белгілі болды. Бірақ мамандар пікірінің астарына үңілсек, «Баға жағынан да, басқа жағынан да бізге Ресей ғана қолайлы» деген тоқтам бар сияқты.