Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты Қаңтар оқиғасы бойынша тыңдаудағы сөзі

Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты  Қаңтар оқиғасы бойынша тыңдаудағы сөзі

 

 

Құрметті төраға!

Ардақты әріптестер!

Шақырылған азаматтар!

 

Бір жылдың ішінде депутаттар сан мәрте сұрау салып, екінші мәрте парламенттік тыңдау өткізіп жатыр.  Бұндай талқылар әлі де жалғасып, тиісті бақылауда болуы шарт! Бұл біздің депутат ретіндегі міндетіміз! Әрине, біраз қылмыстық істер жүріп жатыр. Әлі де ашық та жабық соттар жүретін болады. Солар аяқталмай, олардың заңды үкімі шықпай, толық картинаны қалыптастырудың өзі оңай шаруа емес екенін біздер де жақсы түсініп отырмыз. Осыдан бір жыл бас қосқан кезде де айтқан болатынмын, қазір де сол ойымды қайталағым келіп отыр: «Шынын айтайық, қаңтардағы одан кейінгі тарихи шешімдерді Президент Тоқаев жеке-дара қабылдады. Көпшілігіміз президент мойнына артқан тарихи жауапкершілік, мәңгілік миссия биіктігіне шыға алған жоқпыз» деген едім. Мен әлі де сол пікірде қалғым келіп отыр.

Ең өкініштісі, біз әлі де Қаңтардың барша ақиқаты мен шындығын түсінген жоқпыз.

Керек десеңіздер, осы трагедиядан кейінгі кезеңде пайда болып, оппоненттеріміз қасақана таратып жатқан демагогиялық дақпырт пен жалған ақпараттар легіне жүйелі жауап бере алмай келеміз.

Тергеу мен сот ісі біткенін ғана күтіп жатпай, идеологиялық жұмысты елге төніп отырған қатерлер деңгейіне көтеретін кез келді деп санаймын.

Ол үшін жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ.

Тек бар ақиқат пен шындықты батыл айтып, дерек пен дәйек арқылы дәлелдей білуіміз шарт.

 

Олар қандай ақиқат пен шындықтар?

 Бірінші. Қаңтар оқиғасы о баста бейбіт шеру ретінде басталған болатын. Өкінішке орай, оңтүстік өңірлерде, әсіресе Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында криминалдық, реваншистік күштердік араласуы себебінен іс насырға шауып, жаппай тәртіпсіздіктерге, қарулы бүлікке ұласып кетті. Яғни біздер бейбіт шеру мен жаппай тәртіпсіздіктер, бейбіт наразылық пен мемлекеттік төңкерісті шатастырып алмауымыз қажет.

 

Екінші. Қаңтар оқиғасы кезінде елді алып, мемлекетті сақтап қалған екі фактор бар: бірі – қазақ халқының парасаты мен бірлікке деген ұмтылысы, екіншісі – президентіміз дер кезінде қабылдаған тарихи шешімдері.

Мемлекет басшысы сол күндері табандылық танытпағанда, Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін бірден өзіне алмағанда, біздер бүгінгі мына жиынды өткізіп отырмас едік.

Керек десеңіздер, адам шығыны да жүздеген емес, мыңдаған, ондаған мың адаммен есептеліп, қаралы тізім әлі күнге дейін жалғасып жатар еді.

Тағы бір мәселе; ОДКБ әскерінің елге келуіне байланысты. Еліміздің бірлігін қаламайтын күштер, билік пен халықтың арасына жік салу үшін талай дақпырт таратты. Мысалы, орыс немесе қырғыз әскері халыққа оқ атты деген сияқты. Шындығында олай болмағаны ақиқат!

ОДКБ қосындары өз еліміздің арнайы мамандандырылған күштерін босатып, елдегі конституциялық тәртіпті орнату жұмыстарына бағыттауға жол ашты. ОДКБның бірде бір солдаты елі ішіне араласқан емес, араласуы да мүмкін емес еді! Олар тек техникалық көмек функциясын жүзеге асырды.

Елдің, мемлекеттің Тәуелсіздігі, тұрақтылығы тек өз әскеріміздің, полициямыздың арқасында ғана жүзеге асты! Бұл тұрғыдан қазақ елі ешкімге де қарыздар болған емес, болмайды да!

 

         Үшінші. Қаңтар трагедиясы елдегі реформаларды болдырмауға бағытталған қадам болатын.

Өздерінің «дәстүрлі» майшелпектерінен, эксклюзивті экономикалық монополиялары мен мүмкіндіктерінен айрылғысы келмеген реваншистік топтардың алдын ала дайындалғаны, қаруланғаны айқын көрінді.  

Бұған кейбір полиция және күштік құрылым басшыларының сатқындық жасап, әскери борыштарын орындамағанын еске алуымыз керек.

Бұның сыртында жергілікті және орталық билік тармақтарына сес көрсету, өзара ұйымдасып, киімдерге арнайы белгі тағып, әскери және басқа да арнайы техниканы пайдаланып, шамамен бір кезде бірнеше аймақта мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді күшпен басып алу, өртеу, аэропорт пен вокзалдардың жұмысын бұғаттау, телеарналар мен Көктөбе хабар тарату орталығы басып алып, олардан хабар тарату әрекеттеріне топшылай келе қарулы бүлік және мемлекеттік төңкеріс әрекеті деген баға беріп, солардың негізгі көріністерін мен тәсілдерін аңғаруға болады деп санаймыз.

 

Төртінші. Төтенше жағдай жарияланған соң көшеде жүру, коменданттық сағатты мойындамау, қару, арматура мен тас тарату, жастарға арнайы ішімдіктер, энергетиктер тарату, жандырғыш Молотов коктейлдьдерін жасап, тарату, колонна құрып, жолай жұрттың мүлкін тонау, өртеу, қарақшылық әрекеттерін ұйымдастыру сияқты әрекеттерге экстремизм дегеннен басқа қандай баға беруге болады?

Бір ғана Алматыда айналдырған үш күнде мыңға жуық кәсіп нысаны тоналып, өртенгенін, жүздеген автокөліктердің жол бойы өртенгенін қалай естен шығарамыз?

Жүздеген, мыңдаған әскери қарудың қолды болып, олардың осы кезге дейін жер жерден табылып, бейбіт заманда азаматтардың мерт болуына, жаралануына әлі күнге дейін әкеліп жатқанына қандай баға беруіміз керек?

 

Бесінші. Жұрт біздерден не күтіп отыр?

Жұрт елдегі реформалардың жалғасқанын, тоқтамағанын қалайды. Шын мәніндегі Әділетті Қазақстанның орнағанын қалайды. Ең бастысы қазақ қауымы осындай сын мен сынақтардың болмағанын, қайталанбағанын қалайды. Бұны жазда өткен тарихи референдуммен күздегі президенттік сайлауы айқын паш етті.

Қаңтар трагедиясынан шынайы сабақ алғанымыз рас болатын болса, онда Мемлекет басшысы бастаған реформалардың аясында бірігіп, жігер танытып, елдік ісін бұрыннан бетер энергиямен іске асыруымыз шарт.

Алдағы жылдар Қазақстан үшін күрделі жылдар болмақ. Әлемдегі жағдай да, геосаяси түйткілдер мен тәуекелдер саны еселеп артып келеді. Қазақтың бұл заманда жайбарақаттанып, еркелейтін еш жөні жоқ.

Ендігі кезде бізге мықты, сыртқы қауіпке төтеп беріп, елін қорғауға қабылетті жаңарған Ұлттық армия, жаңа дәуірге лайықты, ел азаматтарына қорған Ұлттық сот, Ұлттық полиция, Ұлттық күштік құрылымдар керек.

Осыны қамтамасыз етсек қана Қаңтар трагедиясынан сабақ алғанымыз рас болады.

 

 

 

Айдос Сарым
05.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 245
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 241
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 743
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 866
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 779

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8936
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8330
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11558
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9315
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10542