Өскемен қаласындағы А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Жолдау және қоғам: ортақ мақсат, ортақ жауапкершілік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер, ұлттық құндылықтарды сақтау, рухани даму және мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі орны талқыланды.
Іс-шараны ШҚО мәдениет басқармасы, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырды. Оған зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, білім саласының мамандары, БАҚ және жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ жастар қатысты.

Дөңгелек үстел барысында «Әділет» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Жанат Мекеева мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, қазақ тілін дамыту - белгілі бір сала мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
«Мемлекеттік тіл - ұлттың рухани тұтастығын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Оның мәртебесі заңнамалық нормалармен ғана емес, ең алдымен, күнделікті өмірде, қоғамдық ортада, білім мен мәдениет саласында қолданылуымен өлшенеді. Сондықтан қазақ тілін дамыту туралы айтқанда, оны құрметтеумен шектелмей, әр азаматтың мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сауатты жазуына және қазақтілді ортаның қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Президент Жолдауында ел дамуының жаңа кезеңіндегі басымдықтар, ұлттық бірлік, қоғамдық сана, білім мен ғылымның рөлі айқындалды. Бұл міндеттердің барлығы рухани негізімізді нығайтумен сабақтас. Ал мемлекеттік тіл - сол негіздің ажырамас бөлігі. Қазақ тілін дамыту - қоғамды ұйыстырып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін ортақ іс», - деді Жанат Мекеева.
Сонымен қатар ол мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуде отбасының, білім беру ұйымдарының, мәдениет мекемелері мен қоғамдық институттардың жауапкершілігіне назар аударды. Әсіресе, өскелең ұрпақтың қазақ тілінде сапалы білім алуы, кітап оқуға ынтасын арттыру, ұлттық әдебиет пен мәдени мұраға қызығушылығын қалыптастыру мәселелерінің маңызын атап өтті.

Кездесуде өзге қатысушылар да Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру жөніндегі ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. ШҚО әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев ұлттық құндылықтар мен қоғамдық бірлік мәселелерін көтерсе, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков мемлекетшіл сананы қалыптастыру бағытындағы ойларын бөлісті.
Ал А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың директоры Назымгүл Тлеубекова «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы аясында «Кітап оқитын ұлт» идеясын ілгерілету, оқырман мәдениетін дамыту және жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Дөңгелек үстел қорытындысында Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мемлекеттік органдар мен қоғамның үйлесімді жұмысын талап ететіні атап өтілді. Қатысушылар әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерімен қатар, ұлттық құндылықтарды сақтау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және қоғамның рухани әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады.
ШҚО Тәттімбек Асханұлы
















