ЖИ-ді оқыту үрдісіне енгізудің маңызы зор

ЖИ-ді оқыту үрдісіне енгізудің маңызы зор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында келер ұрпаққа жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, жасампаз әрі озық Қазақстанды аманат ету міндетін алға қойды. Бұл – тек мемлекеттік басқару жүйесіне емес, әр университетке, әр мектепке, әр ұстазға бағытталған тарихи жауапкершілік. Ал 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауда білім беру саласының адам капиталын дамытудағы айрықша рөлі көрсетіліп, жасанды интеллект құзыреттерін мектеп қабырғасынан қалыптастыру қажеттігі айтылды.

Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «AI педагог: білім берудегі цифрлық шешімдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында жасанды интеллектіні оқыту үдерісіне енгізу, педагогтардың цифрлық құзыреттілігін арттыру және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Конференцияны университеттің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі мен «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасы ұйымдастырды. Ғылыми басқосуға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының, Ұлттық ғылым академиясының, сондай-ақ Португалия мен Түркияның білім беру ұйымдарының өкілдері, ғалымдар, оқытушылар және жас зерттеушілер қатысты.

Жасанды интеллектінің дамуы педагог мамандарға жаңа міндеттер жүктеп, білім беру мазмұны мен оқыту тәсілдерін жаңаша қарастыруға жол ашады.

Іс-шарада сөз алғандар цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу ұстаздың рөлін төмендетпейтінін, керісінше, педагогтан жаңа білім мен дағдыларды меңгеруді, технологияларды тиімді пайдалануды және білім алушының жеке қабілетін дамытуға басымдық беруді талап ететінін тілге тиек етті. Осы тұрғыдан алғанда жасанды интеллектіні оқу үдерісінде орынды қолдану мен адами құндылықтарды сақтау қатар жүруі қажет.

Конференция аясында университет пен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім ғылыми-әдістемелік тәжірибе алмасуға, педагогтардың кәсіби дамуына және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Пленарлық мәжілісте қоғам қайраткері Кенжебек Олжабай, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева және өңірдің білім саласының өкілдері баяндама жасады.

Шетелдік сарапшылар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Кастамону университетінің ғалымы Кутай Октай, Браганса политехникалық институтының өкілі Адриано Дос Сантос Силва және «Cambridge School» мектебінің өкілі Стенли жасанды интеллект дәуіріндегі оқыту әдістері, AI педагогтың қалыптасуы және университет оқытушысының өзгеріп келе жатқан рөлі туралы ой қозғады.

Отандық ғалымдар білім мен ғылымның өзекті бағыттарын қамтыды. Профессор Фаузия Оразбаева заманауи ұстаз мәртебесіндегі дәстүр мен инновация сабақтастығын сөз етсе, академик Дария Қожамжарова ұлттық тарихтан цифрлық Қазақстанға дейінгі мемлекеттілік пен әділеттілік мәселелерін талдады. Ал профессор Шынар Құрманбаева қазақ тілі мұғалімінің цифрлық құзыреттілігіне, PhD Меруерт Иманқұлова EdTech технологиялары арқылы студенттердің цифрлық дағдыларын қалыптастыруға тоқталды.

Секциялық отырыстарда оқытудың заманауи әдістері, авторлық бағдарламалар, тіл мен әдебиетті зерттеудің жаңа тәсілдері, іргелі және қолданбалы зерттеулер талқыланды. Айта кетейік, конференция қорытындысы бойынша отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми баяндамалары мен зерттеу нәтижелері енгізілген арнайы мақалалар жинағы жарық көреді.

Сымбат ҚУАНЫШ

19.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29611
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29167
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46413
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41990
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46738